Оқушылармен жаңаша жұмыс істеуді үйренейік

Дүйсенбі, 11 Наурыз 2019 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 584 рет

Әдістеме

 

     Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс», – деп атап көрсетті.

     ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Заман талабы, экономиканы дамытудағы жаңа стратегиялық бағдарламалар қоғамның ашықтығы, оның жылдам ақпараттануы мен қарқынды дамуы білім беруге қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертті.

       Қазақстан Республикасының білім туралы заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, ұлттық және жалпы адамзаттың құндылықтар ғылым мен практика жетістіктері негізінде және тұлғаны қалыптастыруға, дамытуына және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» – деп атап көрсеткендей, қазіргі кезеңде әрбір мұғалімнің алдына қойылып отырған басты міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияны меңгеру.

       Ұрпағымыз білімді, болашағымыз жарқын болу үшін жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру – бүгінгі күннің басты талабы. Тәуелсіз еліміздің негізгі тірегі – білімді ұрпақ болып табылады. Еліміздің болашағы – білімді жастардың қолында. Жастарға білім мен тәрбие беру қазіргі таңдағы өткір мәселелердің бірі.

     Еліміздің білім беру саласында үлкен реформа жүріп жатыр. Бұл реформаның негізгі мақсаты – білім беру жүйесін жаңа экономикалық ортаға бейімдеу. Қазіргі ұстаздардың алдындағы негізгі міндеті – ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес оқушыдан білімі терең, іскер және ойлауға қабілетті әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Осыған байланысты жақында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ы.Алтынсарин атындағы мектеп жанында интернаты бар жалпы орта мектебінде Жаңартылған білім бағдарламасы аясында көркем еңбек пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курсы өтті.

     Курсты тренеріміз «Өрлеу» БАҰО АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты «Мұғалімнің кәсіби дамуын педагогикалық-психологиялық сүйемелдеу» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Абашева Перизат Алпысбайқызы жүргізді. Аудан мектептерінен келген 30 ұстаз Жаңартылған білім бағдарламасы бойынша көркем еңбек пәні аясында білімін жетілдірді. Тренерімізге алғысымыз шексіз. Осы курсты оқи отырып, күтілетін нәтижеге оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, өз дәлел, уәждерін жеткізе білетін сенімді, ынталы, сыни пікір көзқарастары дамыған оқушы ретінде қалыптасуын басты назарға алдық.

     Қазіргі білім берудің негізгі талаптарының бірі – білімді үздіксіз жетілдіру, оқушылардың білімдерін бір жүйеге түсіруде оқу сабақтарында әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдану аса қажет.

     Осы орайда курста қысқа мерзімді жоспарды жасау жолдарын, ондағы қолданылатын жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, оларды оқушыларды оқытуда тиімді пайдалану жолдарын, сондай-ақ, оқушыларды топқа бөлу, сабақтың кезеңдерін, сергіту сәтін ұйымдастыру, дескриптор жасауды үйрендік. Курсты оқу барысында, сабақтарды оқыту мен оқудың жаңа тәсілдерін, топпен жұмыс жасау түрлерін, бағалау формаларын, диалог түрлерін, сабақты жоспарлау, дарынды балалармен жұмыс, слайд жасауды үйрендік.

     Көркем еңбек сабағында теориялық және практикалық жұмыстар қатар жүреді. Ұлы ұстаз ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Балаға айтып түсіндіргеннен гөрі, қолмен ұстап, көзбен көрген тиімді» деген болатын. Яғни, оқушы теориямен бірге оны тәжірибе жүзінде қалай жасау керектігін ұғыну қажет. Тәжірибелік жұмыс жасау барысында оқушы теориялық білімін шыңдайды, бір-бірімен пікір алмасады, бірге жұмыс жасайды, бір-бірімен сөйлеседі, ойдан ой туындайды, дәлелдейді. Конфуцийдің айтуынша: «Маған айтып берсең, ұмытып қаламын, көрсетсең, есте сақтаймын, өзіме жасатсаң, үйренемін» деген екен. Біз көбінесе дәстүрлі оқытуда оқушылардың ойларын тыңдауға жол бермей, олардың қалай ойлайтындығына да мән бермедік. Ал, мына әдістерде сыни тұрғыдан ойлауды дамытып, өз ойларын еркін айтып, басқалардың пікірін тыңдауға жағдай жасаймыз.

     Шығармашылықпен жұмыс істеп, жас ұрпақты жаңаша оқыту мен тәрбиелеуде ұстаздар қауымының жауапкершілікті міндеттерін абыройлы атқаратындарына сенімім мол.

                                                                     Қаппар ЕРКЕБАЕВ.

Ы. Алтынсарин атындағы мектеп

жанында интернаты бар жалпы орта мектебі

технология пәні мұғалімі.