Елу алтыншы түлектер қанат қақты

Жұма, 14 Маусым 2019 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 529 рет

Алтын ұя

 

Заңғар жазушымыз М.Әуезов «Адаммен адамды, халықпен халықты теңестіретін – білім» деген-ді. Сондай білім ордаларының бірі – аудан орталығындағы Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты №11 санаторий типтес арнаулы мектеп-интернатына 55 жыл толып отыр. Бұл мекеме 1963-жылы салынып, 1964-жылы ақпан айында ашылған еді. Яғни, алғашқы түлектері ретінде 1964-жылы 12 оқушы бітіріп шықты. Алғашқы директоры соғыс және еңбек ардагері Әбден Төлепов болды. Ол 1964-жылдан 1981-жылға дейін басқарды. 1981-1985 жылдар аралығында Пердеш Қыдырбаев, 1985-1990 жылдар аралығында Файзулла Асқаров, 1990-1991 жылдары Адам Клинк, 1991-2016 жылдар аралығында Қабылбеков Болат директор болса, 2016-жылдан бері Айгүл Юсупова басқаруда.

Облыс көлемі бойынша 350 оқушы биылғы оқу жылында тәрбиеленіп, білім алып, сауықтырылып шықты. Әрине, көкірегімізді оятып, сауатымызды, көзімізді ашатын білім ошағында осынау 55 жыл бойы қаншама ұстаздар қызмет істеп, өзіндік еңбек үлестерін қосып, білім нәрімен сусындатып, ұстаздықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып, қаншама түлектерді ұшырды. Міне, бүгін елу алтыншы түлектерін қанат қақтырды. Тоғыз жыл бойы тәрбие мен білім нәрін бойына құйып, ұстаздарына анасындай еркелеп, бабалық шағын алаңсыз өткізген жас түлектердің мектебімен, әліппеден бастап өмір заңдарына дейін үйреткен ұстаздардың шәкірттерімен қоштасу мерекесі – соңғы қоңырау соғылды. Үздік оқығаны үшін 53 оқушы, бір топ ұстаз мадақтамамен марапатталды.

Облыстық кәсіподақ комитетінің «Кәсіподаққа еңбегі сіңген»» төс белгімен бастауыш сынып мұғалімі Қыпшақбаева Асемкүл, «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатымен Арымбаева Сағдат, Туляева Жанна, Жабаева Майра, Абдиева Ләззат, «Рухани жаңғыру» Ұлттық бағдарламасы құрметіне арналған «Бейбітшілік әлемі – Планета мира» Халықаралық Бірлестігінің 10 жылдығы аясында педагогика саласында заманауи білім, саналы тәрбие берудегі ұзақ жылдардағы мол еңбегі үшін «Ұстаз Даңқы – 100 Есім» төсбелгісімен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Омар Салыбеков, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Сара Абуова, тәрбиеші Жамал Сыздықова, облыс оқушылары арасында «Жастар – мәңгілік тәуелсіз елдің болашағы» атты өнер фестивалінде көрсеткен сан қырлы өнері мен шығармашылықтары үшін Фарида Наурызбаева, Бақытжан Ахметов, Шархия Ташқараева, Ақерке Балғынбаева облыстық білім басқармасының, Гүлнұр Жұмағали, Баянсұлу Асылбекова, Қасиет Қуандық, Динара Абибулла, Жасмин Нұрғали, Нұрсұлтан Тағай, Жанар Тасбалта, Асел Куленбаева, Ораз Олжабай сынды оқушылар облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының мадақтамасымен марапатталды.

Аудандық ардагерлер кеңесі жанынан ашылған «Әжелер алқасы» ұйымының төрайымы Л.Жанысбекова осы мектепте ұстаздық еткен Ж.Жамаловты еске алып, сол кісінің атындағы кабинеттің 5 «а» сыныптың үздік оқушылары Інжу Юсупова, Бекболат Тасбалта, Алера Смайыл, Оразхан Рахматуллаға Ж.Жамалов атындағы стипендияны және бір топ екпінді 9 оқушыға сыйлықтар табыстады. Ардагер ұстаздар Р.Саркулова, Ш.Есенбекова өткен жылдардан сыр шертті.

Күлімхан ӘБДІҚАСЫМОВА,

тәрбиешісі.

Тағыда осы категорияда: « Көктем