ҚҰРАЛБЕКТІҢ ҚАЗЫНАЛЫ КІТАПТАРЫ

Сейсенбі, 14 Қаңтар 2020 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 525 рет

Тұсаукесер

 

Жуырда Қазығұрт ауданындағы орталық мұражайда ҚР Журналистер одағының мүшесі, аудандық «Қазығұрт тынысы» газетінің тілшісі, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі, жазушы-шежіреші Құралбек Ергөбековтің «Түркістан облысы әулие-әмбиелері», «Харзиян шаһары һәм Ысмайыл ата» және «Теңдесі жоқ есім һәм Нұрнама» атты кітаптарының тұсаукесеріне арналған «Киелі Қазығұрт қаламгері» атты шығармашылық кеші өтті. Оны мұражай директоры Оралбек Тәжиев жүргізді. Аудан әкімдігі атынан Сапар Қалботаев, ардагерлер Құттыбек Жұмашев, Өмірзақ Мұстафаев, өлкетанушылар Кәрім Аппазов, Мұратқожа Исмаилов, тарихшы ұстаздар Айжан Шүменбай, Гүлжамал Бейсенбаева, әнші-сазгер Аян Қожанов, балалар кітапханасының меңгерушісі Айгүл Тасполтаева, жастар атынан Айбек Молдасапаров жерлесіміздің мол қазына жинақталған еңбектері туралы сөз етіп, оң жағынан бағалап, шығармашылық табыс тіледі.

Құралбек Жолдасұлы тұсауы кесілген кітаптары жайында: «Түркістан облысы әулие-әмбиелері» кітабы негізінен 2018-жылы тоқсан жылдығын атап өткен Сайрам, Бәйдібек, Созақ, Түлкібас, Қазығұрт сияқты аудандардағы қасиетті орындарды паш етсе, «Харзиян шаһары һәм Ысмайыл ата» кітабы Қазығұрт ауданының Тұрбат ауылы округіндегі ертеректе болған үш қалашық орны мен сол өңірдегі ұлық әзіз әулиелерге, ал, «Теңдесі жоқ есім һәм Нұрнама» кітабы Алланың 99 көркем есімі мен басқа да көптеген ұлық теңдесі жоқ теңеулеріне арналған. Нұрнаманың асылы мәтіні мен дұға-тілегі тұңғыш рет араб әрпінде теріліп транскрипцияланды, кирилше оқылуымен және қазақшасымен беріліп отыр», – деді.

Жиын соңында Қ.Жұмашев қаламгерге «Киелі Қазығұрт» қорының төрағасы Байдулла Қонысбек пен атқарушы директоры Жарқынбек Төлтебай қол қойған «Қазығұрт – Алтын қазық» төсбелгісін табыс етті. Әріптесіміз өзінің алдағы жоспарлары жайында жиынға қатысушылармен ой бөлісті.

Жорабек СҮЙЕУБЕКОВ.