Білім мен тәрбие – егіз ұғым

Жұма, 12 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 73 рет

2040 кокибел-1

Әрбір адамның өмірде толыққанды тұлға болып қалыптасуында құқықтық тәрбиенің алар орны ерекше. Тәрбиенің сан қырын қарастырсақ та құқықтық тәрбие, құқықтық сауаттылық көш ілгері болмақ. Қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе, бүгінде көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылуда. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз.
Жасөспірімдердің қылмыс жасауының себептерін қарастырар болсақ, ол кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс бос уақыттарында немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан орын алады.
«Ел болам десең – бесігіңді түзе» деп дана халқымыз айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.
Жасөспірімдердің қылмысқа баруының жолдарын қарастырар болсақ – бала жүрегіне қатыгездікті дарытуға себеп болатын адамды қинау мен азаптап өлтірудің эпизодтарын қамтитын компьютерлік ойындар мен мультфильмдер. Онымен қоса сан ғасырдан бері дертке айналған арақ-шарап, есірткі, темекі, түнгі ойынханалар, маскүнемдікке салынған ата-ана, толық емес отбасы тағы да бар.
Отбасында толассыз ұрыс-керістен көз ашпаған жасөспірімдер қылмысқа жақын болып келеді. Олар ата-ана қамқорлығынсыз қалады.
Отбасында балаға дер кезінде қадағалау болып, ата-ана мен бала арасында сенімділік, достық сынды адами құндылықтар орнаса бала қылмыстық істерге бармасы анық. Отбасында жасөспірімдердің қылмысқа бармауын қадағалау жұмыстары басым болуы керек.
Қадағалаудың екі түрі бар. Біріншісі тікелей қадағалау – бұл сыртқы болып табылады, бұған шектеулер мен жазалаулар жатады. Тек шектеулер мен жазалаудың ара жігін ажыратып, саналы түрде қолдану керек.
Екіншісі түрі – көмекші қадағалау. Бұл сыйластық және махаббат. Жасөспірімдер ата-ана мен айналасындағы басқа адамдардың осы сезімдерін жақсы сезінеді. Сол себепті, отбасында баланы тек материалдық байлыққа ғана емес, рухани байлыққа бөлеп өсірсек, біздің ұрпақ қылмысқа бармайды.
Жас жеткіншектердің қылмысқа бой ұру мәселесі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ананың, мектеп, арнаулы оқу орындары мен басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадағалауын талап етеді. Себебі, психолог мамандардың зерттеуіне сенсек, жас баланың саналы азамат болып қалыптасуында оның жанұяда, мектеп қабырғасында, көшеде көргендері ерекше орын алады. Ал, сабақтан тыс уақыттарда, каникул кез­дерінде демалыс маусымдарының дұрыс ұйымдастырылмауы, көшедегі келеңсіз оқиғалардың көптігі жасөспірімдердің қылмыс жасауына әкеп соқтыруы анық.
Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағ. 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағ. 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған.
Елімізде кәмелетке толмаған құқық бұзушылардың ісімен шұғылданатын комиссия құрылған. Оған айтарлықтай арнайы өкілеттіліктер берілген.
Егер, ата-ана баласының тәрбиесіне қарамаса, комиссия оларды ата-ана құқынан да айыра алады.
Келешек ұрпақтың осындай құқыққа қайшы әрекеттер жасауға жол бермеу үшін, жасөспірімдер мен ата-аналар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру керек. Осы орайда, арнайы жүйелі құрылған жос­парлар бойынша әрбір жеткіншекке, әрбір ата-анаға арнайы түсіндірме жұмыстары жасалады.
Демек, оқушылар да кәмелетке толмағандардың қатарына жатады. Негізінен жасөспірімдер арасындағы қыл­мыстың құпиясы тез ашылады. Өйткені, олар қылмысқа балалықпен, аңғалдықпен барады.
Демек, қылмыстың алдын алу, баланың бұрыс жолға түспеуі, ата-ананың, мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылына байланысты екенін есте ұстау керек.
Құқық қызметкерлерінің мәлімдеме­леріне назар аударар болсақ, кәмелетке толмағандар көбінесе ұрлық, тонау секілді қылмыстар жасайды. Соңғы ­кезде аталған қылмыстар ішінде ұялы телефондарды ұрлау жиі орын алуда. Мұндай қылмыстық істер бойынша жәбірленушілер құқықбұзушылардан жасы кіші, әлсіздеу, кәмелеттік жасқа толмағандар болып табылады.
Ендеше, келешек ғұмырымызды жалғастырар ұрпағымыздың тәрбиесімен осы кезден бастап айналысып, жас өспірім­деріміздің болашағына дұрыс бағдар беріп рухани жан-дүниесін байытып, елім, жұртым – деп тұратын азамат етіп өсірейік.

Қайым АХАЕВ,
«Көкібел» жалпы орта білім беретін
мектебі директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары.