ҰЛ ҰЯТЫМЕН, ҚЫЗ ҚЫЛЫҒЫМЕН КӨРІКТІ

Жұма, 12 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 67 рет

205 шу

Қазіргі заман қыз тәрбиесі мен ұл тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» – деп бекер айтылмаса керек. Халқымыз ерте кезден-ақ, адамгершілікті, әдепті бағалай білген. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі, ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі – өнеге көрген қыз бала қайда болса да, келін болғанда да көрегенділігін көрсетеді. Ал, жақсы тәрбие алған ұлдар жау келгенде жайдақ атқа міне шабатын өжет, батыл, адал, жеріне, туған халқына ыстық ықыласты, үлкенге де, кішіге де қамқор бола білген. Ұлттық ізгі дәстүрімізді ескіліктің қалдығы деп мұрын шүйіре қарамай, осы заманға лайықтысын таңдап алып, инабатты қыз, ұлағатты ұл тәрбиелеу ата-ананың да, ұстаздар қауымының да міндеті.
«Озар елдің қызы – мінезді, ұлы өнерлі келеді», – деген халық мақалы бекер айтылмаса керекті. Әрбір қыз бойжетіп, әке-шешесінің ортасында бұлғақтаған дәуренін қалдырып, басқа бір үйге келін болып түседі. Өз шаңырағын көтеріп, үй мен шаруаға иелік етіп, түтін түтетеді, ана болып өмірге перзент әкеледі. Жар құшып, ана болу – қыз баланың мақтанышы, әрі бақыты. Қыз баланың сол күнге дайындық ретінде өз үйінде жүріп үйренетін өнегелері мен өтейтін міндеттері аз болмайды. Солардың барлығы қосыла келе келін болу әдебін құрайды. Қыз бала той-томалақ, көп адам жиналған жерде көзге түседі, сыналады. Ондайда өзінің ұстамдылығымен, жарқын жүзді сыпайылығымен, жинақы, ширақ жүріс-тұрысымен, сергек-сезімталдық епті­лігімен, сөзге ұстамдылығымен көзге түсіп, жұртты тамсандырады. Мұндай жақсы атақ қыз баланың болашағы үшін маңызы зор. Қыздың, яғни, болашақ келіннің қолынан іс келуі – міндетті жағдай. Айналадағы адамдарды сыйлау, ата-ананы құрметтеуден басталады. Әке-шешесін, бауырларын құрметтеп, қадірлей алмаған адам өзге ешкімді де, сыйлап жарытпайды. Еш уақытта ата-анаңа қарсы келме, ұстаздардың шапылдап бетінен алма, сөз қайтарма, бұл сенің отбасыңнан алған тәрбиеңді көрсететінін ұмытпа! Ер бала еңбекке ерте бейімделеді. Сөйтіп, ауылдың ересек балаларымен, құрбыларымен, ағалары, әкелерімен бірге шаруашылыққа қарауға, әңгіме тыңдап, ертегі айтуға, өлең айтып, ән салуға бейімделген.
Демек, қазақ халқының жігіті сегіз қырлы, бір сырлы болсын дегені тегін емес.
Қазақ отбасында ер баланы тәрбиелеуде әкенің рөлі үлкен. Сондықтан, өз ұлына бар өнерін, естіген-білгенін түгел үйретуге тырысқан. Ал, әр ұл өз тарапынан ағаға, әкеге еліктеген.
Парасатты әке балаларына, ата-бабаларының іс-әрекетінің үлгі боларлық өнерін айтып, ағайынның туыстық, жақындық қасиетін түсіндіріп, ата-тегі туралы айтып отыруды парыз санаған. Қазақ «Қызың өссе, қызы жақсымен, ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол», – деп бекер айтпаған.
Әркімде, ерекше көзге түсетін бір қасиет болады. Сол қасиетін бағалай білсе, оның қолынан келмейтін нәрсе жоқ, өзінің көздеген мақсатына жетеді. Талантсыз адам жоқ, өз орнын таппайтын адам бар. Қабілеттіліктің көзге көрінуіне септігін тигізетін отбасы, мектеп, жолдастар, ұжым. Ал, негізінде бәріне ізденімпаз адамның өзі түрткі болуы керек. Кемшіліксіз адам жоқ. Алдымен адам өзін жақсы білуі қажет. Ол үшін өзіңді-өзің мұқият тексер, толық зертте. Осыдан барып өзіңді-өзің тәрбиеле, өзіңді дамыт, өзіңді-өзің жетілдір.
Қыз балаларға табиғатынан нәзіктік пен ұяңдық, ер балаларға батылдық пен ұстамдылық тән. Біздің бойымызда мына қасиеттер: намысшылдық, ақылдылық, сыпайылылық, қонақжайлылық, парасат­тылық, елжандылық, адамгершілік, шыншылдық, қайраттылық, әділетшілдік, ар-намысты, әдет-ғұрыпты, ырымдарды сақтаушылық қалыптасуы тиіс.

Шолпан ТЕҢГЕБЕКОВА,
Қ.Өмірәлив атындағы жалпы
орта білім беретін мектебінің мұғалімі, қыздар ұйымының жетекшісі.