АТА-АНАНЫҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Жұма, 19 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 60 рет

1617165488 okushy

Жас ұрпақты тәрбиелеп, білім беріп, қоғам мүддесіне жарату ата-аналар мен ұстаздар қауымы үшін кезек күттірмейтін мәселе. Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мемлекеттік абыройлы міндеті. Кезінде Әл-Фараби бабамыз: «…Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі…», – деді.
Кез-келген ата-ана баласының әдепті, білімді болып өсуін армандайды. Қазіргі қоғамда ата-ана сол арманына жету үшін баласын қалай тәрбиелейді? Бақытты жанұя қандай болмақ? Бүгін біз сіздермен осы тұрғыда сөз қозғаймыз. Бүгінгі заманда әрбір адамның өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласы бойынша мағлұмат алғаны дұрыс. Енді, құқық жөнінде жалпы не білеміз?
Құқық дегеніміз – мемлекет тарапынан заңдастырылған және қорғалатын, жалпыға бірдей міндетті нормалар жүйесі. Ал, міндет – адамдар бұлжытпай орындауға тиіс тәртіп пен қарым-қатынасқа қойылатын талап.
«Неке және отбасы» Заңының 62-бабында: ата-аналар өз балаларын тәрбиелеуге құқылы және міндетті екенін, олардың денсаулығына қамқорлық жасауға, орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті екенін көрсетеді. Балалардың тәрбиесі мен білім алуына қатысты барлық мәселелерді балалардың мүдделерін негізге алып, балалардың пікірін ескере отырып, өзара келісім бойынша ата-аналар шешеді. Ата-аналардың арасында келіспеушілік болған жағдайда қорғаншы және қамқоршы органға немесе сотқа жүгінеді.
Қазақта «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөз бар, кейбір ата-ана: «Балам кішкене өссін, содан кейін де тәрбиелеп аламын» депте ойлайды, бірақ, тәрбие беруден кеш қалғанын білмейді. Әрбір баланың іс-әрекеті, тәрбиесі отбасында ата-ананың жағымды іс-әрекетімен қалыптасады. Ендеше, ата-ананың өз баласының тәрбиесі үшін ел, халық алдында жауапты екенін естен шығармаулары керек.
Құрметті ата-аналар, қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және біз оларға үлгі болар бейне екенімізді ұмытпайық.
Ж.Аймауытов: «Тәрбиеге әсер ететін нәрсе өскен орта, ата-ананың тәрбиесі. Соңғысы күшті болмаса, бара-бара адамды замандас, жолдастың азғырып, адам неше түрлі жаман мінезді жұқтыратыны белгілі», – деген. Сол сияқты балаңыздың дұрыс тәрбие алуына бірден-бір жауапты ата-ана, өздеріңізсіздер. Сондықтан, балалардың материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қатар, рухани қажеттіліктерінің де өтелуіне баса назар аударуымыз қажет.
Алайда, балаларымызды тәрбиелемес бұрын ата-ана мына қағиданы жақсы білу керек. Егер, балаларымыздың кемшіліксіз болғанын қаласақ, өзіміз кемшіліксіз ата-ана болуымыз шарт.
Ендеше, Құрметті ата-аналар бірлесіп жұмыс жасайық!


Совет БЕЙСЕБАЕВ,
Ж.Есіркепов атындағы жалпы орта
білім беретін мектебі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.