ЖАСТАЙ БЕРГЕН ТӘРБИЕ – ЖАС ҚАЙЫҢДЫ ИГЕНДЕЙ

Жұма, 26 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 92 рет

Қай кезде де тәрбие мәселелері назардан тыс қалған емес. Бала тәрбиесі – мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің Жолдауларында егемен еліміздің азаматтарын қалыптастыруда тәрбие жұмыстарына баса мән берген. Бұл орайда педагогикалық әрекетте мектептің жалпы міндеттерінің көлемінің тым кеңдігіне қарамастан, ата-аналармен бірлесе қызмет атқарудың маңызы өте зор.
Тәрбие жұмысында жеке тұлғаны қалыптастыру, оқушыны жан-жақты дамыту негізгі орын алатындықтан, оқушыны дамыту, білім беру, тәрбиелеу үрдістері педагог пен ата-ананың өзара бірлігінде ғана жүзеге нәтижелі асады. Нәтижелі жүйелі тәрбие жеке тұлғаны дамытады, адамның қоғамдағы орнын анықтайды.
Тәрбие ісі жалпы адамзаттық гуманистік бағытта жүргізіліп, жеке бастық рухани дамуына бағытталу керек.
Тәрбие бір ұрпақтың озық тәжірибесін екінші ұрпаққа жалғастырушы үрдіс десек, мектептің оқу-тәрбие үрдісіне халықтық педагогиканың тәлімдерін және әлемдік мәдениет құндылықтарын енгізу шарт. Бүгінгі мектеп қабырғасында отырған жас буынды ұлттық менталитет дәстүрлерге негіздей отырып тәрбиелеу қажеттілігі, осыған дейінгі өмір тәжірибелерімізден айқын аңғарылады. Жалпы адам бойындағы мәдениеттілік адам мен адамның, қоғам мен адамның, адамның іс-әрекеттері негізінде көрініс табады. Адамның мәдениеттілігін айқындайтын негізгі күш – орта. Осы тұжырымдардың қай-қайсысы да мәдениеттің ұлттық формада өмір сүретінін аңғартады. Сондықтан да, мәдениет арқылы этностық, тарихи, мемлекеттік, экономикалық, әлеуметік, этнографиялық болмыс бейнесі көрініс табады деуге әбден болады.
Белгілі педагог А.С.Макаренко баланың мінез-құлқы мен тәрбиелік бағытының бес жасқа дейін қалыптасатынын айтса, ал американ психологы Блюм 7-8 жасқа дейін баланың жеке қасиеттерінің 70% қалыптасады дейді. Сондықтан, мектеп жасында баланы тәрбилеудің маңызын мұғаліммен бірге қоғамдық орта да, ата-ана да жете сезінуі тиіс. «Жастай берген тәрбие – жас қайыңды игендей» деген сөздің де мәні осында.
Мектеп оқушыларының адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруі, оның өзін-өзі танып, өз айналасындағылармен, қоғамдық ортамен, отбасы мүшелерімен дұрыс қарым-қатынасқа түсуі – әлеуметтік және рухани дамуының алғы шарттары болып есептеледі. Сондықтан балаға жастайынан өзінің төл мәдениетімен қатар, басқа да әлемдік мәдениетті меңгертуге жағдай жасау қажет. Дүнетанымдық көзқарасын қалыптастыруда этно-мәдени білім негіздерін меңгертудің маңызы ерекше. Кез-келген халықтың өмірінде жалпыадамзаттық құндылықтардың орнығуы тарихи дамудың заңды құбылысы. Сондықтан, жас ұрпақ бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды сіңіру тәрбиенің өзекті мәселелерінің бірі. Әрине, мұның бәрін жалғыз ұстазға артып қоюға болмайды. Бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі айырықша. Өйткені, әке-шешенің жеке басты үлгі-өнегелері баланың дұрыс тәрбиелеуінің ең ықпалды құралы болып саналады. Жас жеткіншек үйде және қоғамда көргенін істейді, еліктейді десек, бұған ерекше назар аударуға тиіспіз.
Ата-ана да өз кезегінде мектеппен тығыз байланыс орнатып, перзентінің мінез-құлқын, қалыптасып келе жатқан әдет-дағдысын біліп отырғаны абзал. Қажет жағдайда ақылдасып, кеңес алып, бағыт-бағдарды айқындап отырғаны жөн.

Нұрлан ҮСЕНОВ,
№ 11 санаторий типтес арнаулы
мектеп-интернатының тәрбиешісі.