ОҚУШЫНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДА МЕКТЕПТЕГІ ТӘРБИЕНІҢ РӨЛІ ЗОР

Жұма, 26 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 83 рет

 

Жас адамды саналы, есті, мәдениетті, сергек етіп тәрбиелеу отбасы мен қоғамдық тәрбие орындарының бірден-бір парызы.
Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақталған ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, өмірге деген көзқарасын қалыптастыру. Ал, тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана сезімі, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, ар-ожданы мол, іскер, бойында игі қасиеттер қалыптасқан азаматты тәрбиелеу. Жалпы, оқушылардың өмірінде мектептегі тәрбиенің рөлі зор. Мектептегі басты тұлға ұстаздың тек білім беру ғана емес, сонымен қатар, әрбір оқушының жүрегіне жол тауып, оларды тәлім-тәрбиемен сусындату болып табылады, әсіресе, сөз бен әлеуметтік ортаның маңызы айрықша. Себебі, сөз әрдайым көңіл құлпын ашатын кілт боп есептеледі, яғни, оқушыға кейде сын көзбен қарап, қоғамдық пікір айта білсек, талап қойып болашаққа ұмтылуға сендірсек, келешекте абзал азамат шығары сөзсіз. Сондай-ақ, оқушының қоршаған ортасы, дос-жарандар, құрбы-құрдастар иманды, адамгершілігі мол, ізгілікті, елжанды болуы керек. Өйткені, әрбір баланың бойында еліктеушілік кездеседі. Сондықтан, әрдайым балаларымыздың жанында жүрген жеткіншектерге назар аударып жүруіміз керек. Мәнді де, мағыналы өмір сүрудің басты қағидасы – салауатты өмір салтын сақтау. Мықты денсаулық салауаттылықтың негізгі ережелерін ұстанғанда ғана қалыптасады. Мектепте түрлі тәрбие сағаттарында денсаулықтың зиянды факторларын анықтап, денсаулықты қолдау және сақтау тәсілдерін меңгеріп, әрбір оқушыға өз сезімін басқарып, жағымсыз әсерлерге нәтижелі қарсы тұра алуын үйретуі қажет.
Жалпы, ата-аналар мен ұстаз, сынып жетекшілер арасында тығыз байланыс орнап, жұмыстың түрлі әдісін қолдана отырып, бала мен ата-ана арасында берік достық сияқты қасиеттің нығаюына атсалысуымыз керек.


Шырынкүл БЕРДІҚҰЛОВА,
№11 санаторий типтес арнаулы
мектеп-интернатының тәрбиешісі.