ҰЛТ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ – БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Сейсенбі, 30 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 398 рет

20160606032028

Мақаламды қазақтың маңдайына біткен ұлы жазушысы М.Әуезовтың терең ойлы сөзінен бастауымыздың өзінде үлкен мән бар.
Халқымыз бағзы заманнан бері ұрпақ тәрбиесіне аса зор көңіл бөлген. Келешек үмітті жалғастырушы саналы ұрпақ деп білген.
Жалпы, тәрбие дегеніміз не? Бұған көптеген ғалымдар әртүрлі анықтамалар беріп өткен. Тәрбие бір қалыпты тұратын құбылыс емес, ол әрдайым өзгерісте болады.
Тәрбие аға ұрпақтың жаңа ұрпаққа қоғамдық-тарихи тәжірибені беру процесі. Жаңа ұрпақты өмірге, еңбекке дайындау арқылы қоғамның алға қарай дамуын қамтамасыз ететін процесс.
Бала тәрбиесі – бүгінгі таңның өзекті мәселесі.
Бала тәрбиесі қай заманның, қай қоғамның болсын, ойшылдары мен зиялыларын толассыз толғанысқа, үздіксіз ізденіске түсіргені күмән туғызбайды. Шығыстың ғұлама ғалымы әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін, – десе, Болашақ ұрпақ жайында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз Жол­дау­ында: «Қазіргі заманда кез-келген мемлекеттің тыныс тіршілігін қалыпты ұстап тұрудың аса маңызды шарты адамдардың өздері, олардың ерік-жігері, қажыры, білімі болып табылады. Ата-аналар өз балаларын өмірге даярлауға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Олар қазіргі балалар елдің болашағын анықтайтын ХХl ғасырдың ересек адамдары екенін түсінуі қажет» – деп көрсетті. Ал, тәрбие дегенге М. Жұмабаев: «Тәрбие – адам баласын кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша тиісті азық беріп өсіру», – деген екен. Сонда, бала тәрбиесі ана сүтінен басталып, біреудің біреуге ықпалы арқылы қалыптасатын күрделі іс. Бала қамын ойлаған бабаларымыздың айтқандарынан түйгеніміз – қай қоғамның болсын көтерген мәселесі – бала жанына ізгілік дәнін егу. Себебі, бала – өмірдің жалғасы, мәні мен сәні. Сондықтан да, халық баланы көңілдің гүлі, көздің нұры деп ұққан. Кезінде ұрпақ тәрбиесі, ел тағдыры жөнінде елеулі еңбектер жазып, аталық ақыл айтқан ғалым профессор Б.Кенжебаев: «Бала – біздің болашағымыз. Болашағына немқұрайлы халықтан ештеңе күтуге болмас еді. Қазақта «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер»-деген мәтел бар.
Балапан қыран болу үшін оны самғатып ұшыратын ата да, қыран болу керек», – деп отбасы тәрбиесіне ерекше тоқталған. Себебі, отбасы бала үшін – алтын бесік. Бала тәрбиесі мен барлық адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы негізінен отбасында жүзеге асады. Олай болса балаға өз шаңырағында, өз табалдырығында дұрыс тәрбие берілуі – тәрбиенің ең басты шарты. Ата мен әженің, әке мен шешенің балаға беретін үлгісінің құдіреттілігін мойындап, өз ұлтының ертеңін елжірей ойлап, ұлттық тәрбие тағлымын байыптай да батыл айтқан батыр баба­мыз Бауыржан Момышұлының «... Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген, дәріс оқыған ұстаздарымды еске түсіріп, ойға бататыным бар. Сондай, шырын шақтарда ең алдымен ата-аналарымның бейнесі елестейді. Өйткені, өзімнің әжемдей, әке-шешем мен ауылдың ақсақалдарындай өсиет айдынына жүздіре алған ешкім жоқ», – деп балалық шағын тебірене еске алуы тегін емес.
Тәрбиенің алғашқы бастамасын бала жанұяда алады. Бала жанұя аясында түлеп өседі, оң-солын таниды. Ол алғашқы адамгершілік қасиеттерді де, еңбек әліппесінің алғашқы беттерін де өз үйінде ашады. Ұлттық педагогикада «Тәрбие отбасынан басталады» деп тегін айтылмаған. Баланың тәлім – тәрбиесіне ерекше мән берген халқымыз «баланы жастан» деп мәтелдеген. Өмірдің базарын бала деп білген халқымыз «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей», – демей ме? Иә, қазақ халқында сонау ежелгі заманнан бері өзіндік тәрбие мектебі, қалыптасқан дәстүрі болған. Ал, сол дәстүр отбасында басталып, мектепте берілетін тәрбиемен қалай қабысады. Енді соған келейік.
Алтын бесік – отбасы болса, алтын ұя – мектеп. Екеуі де қасиетті, әрі қастерлі. Өйткені, отбасы адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамытып, жетілдіріп жатса, мектеп ақылы мен білімі толысқан, жан-жақты жетілген, өз бетімен өмір сүруге бейім, толыққанды адам етіп тәрбиелеп шығарады. Бұл екі ортаның да мақсат-мүддесі ортақ, міндеті – біреу. Демек қасиетті жерде жұмыс істеудің өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді.
Баланың дұрыс тәрбиеленіп, жақсы азамат болып шығуына қоршаған ортаның, яғни, қоғамның атқаратын рөлі зор.


Анипа ӘЛІБАЕВА,
№11 санаторий типтес арнаулы
мектеп-интернатының тәрбиешісі.