МЕНІҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ ҮЛЕСІМ!

Жұма, 25 Наурыз 2022 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 157 рет

 

«Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау. Адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс жоқ. Ұстаздық – ұлы нәрсе».
З.Қабдолов.

Мектепте оқушылармен жұмыс жасап келе жатқаныма қаншама жылдар болса да, менде мамандығымды өзгертсем деген ой болмаған.
Ұстаз міндеті – оқушылардың бойындағы білім ұшқынын одан әрі дамытып, оларды әлемді тануға қолдау көрсету.
Менің жұмысымның негізгі әдісі – оқушылармен «тең жағдайда» қарым-қатынас жасап, әрекет еткен кездегі ынтымақтастық педагогикасы. Мен әр оқушының жан дүниесінде отбасына, өз халқына, олардың салт-дәстүрлеріне деген сүйіспеншілік сезімін оятып, өмірге деген қызығушылығын арттырып тәрбиелеуге бағдар беру.
Мектептегі өмір мен үшін белсенді әрі қызықты, мектебімізде түрлі іс-шаралар, ашық сабақтар, ұйымдастырылады. Мұндай іс-шаралар бізді жақындастырды және түсіністік, жанашырлық, мейірімділік сезімдері пайда болды. Оқушылар бір-бірімен мейірімді, сыпайы және көңілді қарым-қатынаста болады. Сыныпта достық және өзара түсіністік атмосферасы қалыптасады.
«Ұрпақ тәрбиесі бұл – ұлт болашағы» баланы өмірге бейімдеуде мектеп, мұғалім және ата-ананың орны бөлек. Тәлім-тәрбиедегі жарасымдылық бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады. Жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттердің бәрі тәрбиемен келеді.
Тәрбиенің үздіксіз жүріп отыратынын ескерсек, «Ел болам десең, бесігіңді түзе», – деген халық даналығы осы ойымның дәлелі. Ж.Аймауытовтың «Тәрбие болмаған жерде шын ақылды, мәдениетті өмір болмақ емес», – деген парасатты пікірі бар. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы.
Бала тәрбиесін ата-анаға немесе ұстаздарға ғана жүктеп қойған дұрыс емес, бұл баршаның ісі. Бала – біздің болашағымыз, қоғамның бір мүшесі және оны ары қарай дамытушы. Сондықтан, баланы адамгершілікке, инабаттылыққа, елін, жерін сүюге, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін қастерлеуге тәрбиелеу бәріміздің міндетіміз. Өз ұлтының бар қадір-қасиетін бойына сіңіріп өскен ұрпақ, ертеңгі ел сенімі, ел тірегі.
Бала тәрбиесі барысындағы тәжірибемнен ойға түйгенім – адамды тәрбиелеу үшін онымен тығыз байланыста болып, жан- жақты білу, оның жан дүниесін зерттеу шарт екен.
Мұғалім – баланың жеке тұлғасын қалыптастырушысы, тәлім-тәрбие өнегесінің бастаушысы, үлгісі. Бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі қоғам мүшесі. Ендеше, қоғамдағы қол жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны пайдаланып, биік адамгершілік қасиеттерге баулу, тәрбиелеу біздің басты мақсатымыз әрі міндетіміз.
Мұғалім кәсіби білімін тынымсыз жетілдірген жағдайда ғана оқушының танымдық, шығармашылық қабілетін дамытып, ғылымға деген қызығушылығын қалыптастыра алады.

Зылиха БАЙДАЛИЕВА,
«Заңғар» жалпы орта білім беретін мектебінің қосымша білім беру педагогы.