АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ҰЛЫ ТҰЛҒА!

Жұма, 25 Наурыз 2022 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 175 рет

200px-Ахмет Байтұрсынов

Биыл халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым, көсемсөз шебері, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын- аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл.
Ахмет Байтұрсынұлы – қыры мен сыры мейлінше мол адам. Біріншіден, ол қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы. Ол жазған мектеп оқулықтары 1914- 1915 жылдан 1927- 1928 жылға дейін пайдаланылып келді. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын А.Байтұрсынұлының «Әліпбиімен» ашып, ана тілін А.Байтұрсынұлының «Тіл құралы» арқылы оқып үйренді.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ ән-күй өнеріне де терең ой жіберген ғалым. А.В.Затаевичтің айтуынша, ол шебер домбырашы, әнші болған. Халық әндерін, күйлерін жинаған және олардың шығу тарихын да білген.
Ахмет Байтұрсынұлы – ақын және аудармашы. Оның өлеңдері «Қырық мысал» , «Маса», «Үзік» деген аттармен 1912-жылдан 1922-жылға дейін бірнеше рет жарияланған. «Масаға» енген өлеңдер қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, қазақты шағуға дайын тұрған жылан. Оның иесі аяқтары ұзын, сары маса болып ызыңдап, ұйықтап жатқан халқын оятпақшы.
Ахмет Байтұрсынұлы тек өзi ғана жазып қоймай, аудармашылықпен де айналысқан. Ол «Қырық мысал» 1909-жылы Петербург қаласында бастырады. Орыстың классик мысалшысы И.А.Крылов мысалдарының бiр тобын аударған. Крыловтың аудармалары өз елiне тән, жақын екенiн сезiп отырып таңдаған. Бұл тұңғыш аударма едi. Ол «Замандастарыма» деген кiрiспесiнде:
«Орыстың тәржiме еттiм мысалдарын,
Әзiрге қолдан келген осы барым.
Қанағат азға деген, жоққа- сабыр,
Қомсынып қоңырайма, құрбыларым», – дейдi.
Сонау қылышынан қан тамған қаһарлы жылдары жазықсыз мыңдаған адамдар «Халық жауы» деген жаламен айыпталып, жер аударылып кетті. Кейбір деректерге қарағанда 6 млн. адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 900 мыңдайы атылған. Сондағы 25 мыңға жуық қазақтың ішінде бес арысымыз Жүсіпбек Аймауытұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы болған еді.
...Адам өмірінде болатын аумалы-төкпелі уақыт қайғысымен де, қуанышымен де ерекше айқындалатын болса керек. Ахмет Байтұрсынұлы тағдыр толқындарынан, қайғы-қасірет сілкіністерден, тар жол тайғақ кешулерден өткен еді...
Әрине, Ахмет тағылымын бір сәтте оқып білуге болмайды. Оны жылдар бойы оқып үйренуіміз керек. Ахмет Байтұрсынұлының ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы, баршасы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтықсыз қызмет етуге арнады.

Азиза КЕРІМҚҰЛОВА,
О.Жандосов атындағы жалпы орта
білім беретін мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі.