САЛТ - ДӘСТҮРІМ – ТАУСЫЛМАЙТЫН БАЙЛЫҒЫМ!

Жұма, 15 Сәуір 2022 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 128 рет

Әр ұлттың, халықтың, діні мен сеніміне, тұрмыс тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптар тұғырының негізгі салт ретінде қалыптасқан. Шілдехана (салт) – жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын - сауық, той. Кіндіккесер (салт) – нәресте туған сәтте оның кіндігін кесетін әйелдер (кіндік шешесі) дайын тұрады. Кіндік кесу – мәртебелі, абыройлы іс. Бесікке салу (салт) – жаңа туған баланы бесікке салу. Бесік – қасиетті, киелі құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. Қырқынан шығару (салт) – Баланың туғанына қырық күн толған соң оны ыдысқа қырық қасық су құйып шомылдырады. Ол сәбидің жан – жүйесінің қалыптасып дені сау болып өсуіне деген ақ тілектен шыққан. Тұсау кесер (салт) – сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып. Қазақтың өмір салты, өрен салты т. б. қолдану мен дәріптеуді ғұрып дейміз.

aad7a01926e25749d188a9a5e3822488
Қазақ халқында қалыптасқан ғұрыптар. Ат қою (ғұрып) – қазақ халқы жаңа туған сәбиге жақсы есімдер мен әйгілі адамдардың атын қойған. Сонымен бірге бала есімін беделді кісілерге қойғызып батасын алған. Айдар (ғұрып) – балалардың төбе шашын ұзартып өсіріп қояды. Бұл ғұрып ер балаға жасалады. Сәбилерге шаш орнына кекіл, тұлым да қойылады. Кекіл (ғұрып) – жас балардың шашын ұстарамен алып тастайды да, маңдайына бір шөкім шаш қалдырып, оның жиегін тегістеп қиып қояды.
Дәстүр – халықтың атадан балаға көшіп, жалғасып және дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени- тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, әдет-ғұрып, мінез- құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекеттер көрінісі.
Базарлық (дәстүр) – алыс сапарға шыққан адамдардың жақындарына әкелген сыйлығы. Байғазы (дәстүр) – балалардың, жастардың жаңа киімі, заты үшін берілетін ақшалай, заттай сый.
Тілашар (дәстүр) – баласы жеті жасқа толған соң балаға жаңа киім кигізіп, оқу-жабдықтарын дайындап, шағын той өткізеді. Мұны «Тілашар» тойы деп атайды. Жеті ата (дәстүр) – халқымыз кейінгі ұрпаққа жеті атасын білуді міндеттеген. Асату (дәстүр) – ет желініп болған соң төрде отырған ақсақал табақта қалған етті жас балалар мен жігіттерге асатады.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар», – демекші, салтын сүйген әрбір жас ұрпақ болашақта халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, тілінің, салт -дәстүрінің жанашыры болатындығына сенімдімін.
Еліміздің жарқын болашағы біздің қолымызда! Атадан балаға мирас болып жылдар бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүрімізді көзіміздің қарашығындай сақтай білейік, және де кейінгі ұрпаққа кеңінен дәріптей білейік!

ЖӘДІГЕРҚЫЗЫ Күлайым,
«Майбұлақ» жалпы орта білім беретін мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі.