Математика пәнінен олимпиада өткізілді

Жұма, 15 Сәуір 2022 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 130 рет

Жуырда Кенен Әзірбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектепте жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан ұлағатты ұстаз, үлгілі басшы Абдуллаев Айдар Оспанұлы атындағы 4-сыныптар арасында математика пәнінен аудандық олимпиада ұйымдастырылды.

12 Абдуллаев Айдар
Абдуллаев Айдар Оспанұлы 1947-жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауыл округіне қарасты Жаңаталап елдімекенінде, қарапайым жанұяда дүниеге келген. Мектеп жасына дейін ата-анасының тәрбиесінде болып, 1954-жылы «Жаңаталап» сегіз жылдық мектебіне оқуға барып, 1966-жылы М.Горький атындағы орта мектепті аяқтаған. Мектепте оқып жүрген кезінде, мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, мектепте үздік оқушылар қатарында болды. Әсіресе, математика, физика, химия пәндеріне қызығушылығы жоғары еді.
Алғашқы еңбек жолын «Жаңаталап» сегіз жылдық мектебінде бастады. Кейін ағамыздың педагогикалық ұйымдастырушылық қабілетін байқап, «Қазақстанның ХХ-жылдығы» бастауыш мектебінің меңгерушісі болып ауысты.
Айдар Абдуллаев – өте тынымсыз, ізденімпаз болатын. Аудандық партия совет комитеттерінің басшыларының алдына тиісінше халықтың талап-тілегін жеткізіп, қосымша оқу корпустарын салдыртып, әуелі орталау мектепке кейін орта мектепке айналдырдырып, мектеп қасынан алғашқылардың бірі болып, шаруашылыққа жер алып, көкөністер ектіріп, түскен қаржыға мектептің материалдық базасын нығайтуға бағыттап отырды және өмірінің соңына дейін осы мектепте басшылық етті.
Айдар Абдуллаев «Коммунизм» совхозының қоғамдық жұмыстарына да белсене қатысатын. Жұмысшылардың балаларына арналған «Сауап» лагеріне бірнеше жыл басшылық етті. Ауылдық кеңестің 75 депутатының бірі болды. Еткен өнегелі еңбегінің арқасында «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен және «Н.К.Крупская атындағы сыйлықтың» иегері, бірнеше рет облыс, аудан басшылардың алғыс хаттарымен марапатталған.
Аталмыш олимпиадаға аудан бойынша 50 оқушы қатысып, 10 оқушы марапатталды. Жүлделі І орынды «Жаңатірлік» жалпы орта білім беретін мектеп оқушысы Үкібай Рамазан, жетекшісі Төребаева Күлпан, ІІ орынды Б.Момышұлы атындағы жалпы орта білім беретін мектеп оқушысы Жолдасбек Назерке, жетекшісі Тасыбекова Гүлшехра, ІІ орынды «Ащыбұлақ» жалпы орта білім беретін мектебі оқушысы Асан Әсем, жетекшісі Ускенбаева Сара, ІІІ орынды Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Мерген Жанерке, жетекшісі Илиясбекқызы Арайлым, ІІІ орынды Елшібек батыр атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Рахым Дидар, жетекшісі Абдалиев Азамат, ІІІ орынды С.Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп оқушысы Мамырали Жансезім, жетекшісі Абдуллаева Айжан иеленді. Ал, ынталандыру сыйлықтарына П.Акбаров атындағы негізгі орта білім беретін мектеп оқушысы Серікбай Ерасыл, К.Әзірбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп оқушысы Бөлекбай Мансұр, «Атбұлақ» жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Қалыбек Сырым, М.Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Құралбай Нұрболат марапатталды.
Олипиаданы ұйымдастыруда және Абдуллаев Айдар атындағы кабинетті жабдықтауда Абдуллаевтар отбасы демеушілік жасады.

Гүлнар ТАШЕНОВА,
Кенен Әзірбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің

қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.