НЕЛІКТЕН ҰЯТ ПЕН ТӘРБИЕ ОСАЛДАДЫ ҚОҒАМДА?

Жұма, 03 Маусым 2022 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 104 рет

 200      С.Асанов

«Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы деген...». Баланы отбасы, мектеп, қоршаған ортасы тәрбиелейді немесе бұзады, сондықтан балаңыз кіммен жүр, кіммен дос, бос уақытта немен айналысады сол жағына көп мән беру қажеттілігін өмір көрсетуде. Мектеп оқушысы оқуға, тәлім-тәрбие алуға міндетті. Оны отбасы мен мектеп береді. Сондықтан, отбасында балаларға сәлемдесу, сөз сөйлеу мен жүріс тұрыс әдептерін үйрету қажет және үлкенді сыйлау, әлсіздерге көмек беруді бойына сіңіру қажет. Бұл тұрғыда балаға бірінші ұяттың не екенін түсіндіріп «ұят болады», «тәрбиесіз екен дейді», «ата-анаңа ұят келтірме» деген сөздерді айта отырып ұятты істердің алдын алу үшін тыйып отыру керек.
Жазушы Әзілхан Нұршайықов «Мен, ұят деген сөзді өте жоғары бағалаймын. Өйткені, адамшылдықтың, адалдықтың, уәдешілдіктің, тұрақтылықтың, тазалықтың түп қазығы – ұят деп білемін. Ұяты жоқтан үміт күтпеймін. Ұры-қары, қарақшы, қаныпезерлер, өтірік-өсекшілер ұяты жоқтан шығады», – деген. Ал, Махмұт Қашқари «Ұяты бармен – ұрыс, ұятсызбен – ұстаспа» десе, Абай атамыз «кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деген. Сол себепті, балаларымызды ұятты, тәрбиелі, инабатты, кішіпейіл, бауырмал болып өсуін бойына сіңіру керек.
Ұяты бар адам жамандыққа, опасыздыққа бармайды. Себебі, оның бойында ұят арқылы адалдық қалыптасқан. Өскелең ұрпақты, жастарды отбасынан, мектептен бастап адал болуға, өтірік айтпауға, ешкімді алдамауға тәрбиелейік. Қоғамда өтірік айтқан бала ата-анасын да алдайды. Сондықтан да дана бабаларымыз «Ары таза, адал адам Отанына, отбасына, қоғамға пайдалы» деген.

С.АСАНОВ,
«Жаңатірлік» жалпы орта білім беретін мектебі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.