ОҚУ ЖЫЛЫН ТАБЫСТЫ АЯҚТАДЫ

Жұма, 03 Маусым 2022 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 124 рет

Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің акт залында «Үміт-2022» форумы өтті. Аталмыш жиында ең алдымен алау жағу рәсімі орындалды. Алау – таусылмас күш-қуаттың қайнар көзі. Табиғи жаратылысы, болмысы отқа тән адамдар болады. Олардың өмірлік ұстанымы – үнемі өзін-өзі жетілдіру. Білім саласында жылда өткізу тұрақты дәстүрге айналған, дарынды оқушыларға арналған биылғы «Үміт-2022» форумының басты мақсаты – шәкірттердің жүректеріне өшпес үміт алауын тұтандыру, патриоттық сезімді ұялату, бойларында сирек кездесетін дарындылық қабілеттерін толыққанды ашу үшін күн нұрындай шуақ болып оң жағынан ықпал ету, түйіндей айтқанда, болашақ өмірде Еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосатындай рухты, өршіл, ілім-білімін дұрыс қолдана алатын, дұрыс идеяларды жүзеге асыратын, күш-қуатты, отты, жалынды тұлға қалыптастыру. Алау жағу құрметіне математика пәнінің мұғалімі, білікті ұстаз, мұғалімдер арасында өткен облыстық пән олимпиадасының ІІІ дәрежелі диплом иегері Ербол Қолдасов, ағылшын тілі пәні бойынша «British Bulldog» халықаралық ойын конкурсының І дәрежелі диплом иегері Маржан Алиева, Дзюдо күресінен халықаралық турнирдің ІІІ дәрежелі диплом иегері Нұрхан Жүнісәлі және республикалық турнирдің І дәрежелі диплом иегері Досхан Қамытбай ие болды.

116       Т.Рысқұлов
Мектеп-лицей директоры Нұхбек Әбдімәжітұлы Ерназаров мерекелік кешті сөз сөйлеп ашты. 2021-2022 оқу жылына талдау жасап, жылдық жұмыстары туралы қорытынды есеп берді. Мектеп-лицейде 158 мұғалім, 1299 оқушы бар. Білімұясында оқушылардың «Жас ғалым» ғылыми қоғамы және 3 шығармашылық топ жұмыс істеп келеді. Шығармашылық топ құрамына озық ойлы, кәсіби шебер мұғалімдер топтастырылған. Озат шығармашыл мұғалімдердің еңбектерінің тақырыптары дирекция жанындағы кеңесте, әдістемелік кеңес пен ғылыми әдістемелік кеңес отырысында ұсынылып, жан-жақты талқыланады.
2021-2022 оқу жылына талдау жасаған мектеп-лицей басшысы жылдың өте табысты болғанын атап өтті. Аталмыш оқу жылындағы аудандық мұғалімдер олимпиадасына жалпы пәндер бойынша 9 мұғалімге және бастауыш сыныптар бойынша 2 мұғалімге сұраныс берілді. Нәтижесінде гуманитарлық және жаратылыс бағытындағы пән мұғалімдері аудан бойынша Айгүл Дәулетова, Ербол Қолдасов, Гүлмира Тасполатова, Айгүл Қадиева, Эльмира Тураханова Бас жүлдені, Кәмила Қалаубаева, Маржан Қадірова, Сандуғаш Жамалбеков ІІ орынды, Нұркен Ережепов, Нұргүл Ағабеков ІІІ орынды иеленсе, облыстық мұғалімдер арасында өткен пән олимпиадасында математик Ербол Қолдасов ІІІ дәрежелі дипломмен, ал, информатика пәнінің мұғалімі Эльмира Тураханова арнайы мадақтама қағазымен марапатталды.
Пәндер олимпиадасының басты мақсаты – дарынды оқушыларды анықтау, оқушылардың ілім-білімге деген қызығушылығы мен құштарлығын арттыру. Осы орайда 8-10 сыныптар арасында мектепішілік жалпы пәндер олимпиадасы өткізілді. Нәтижесінде аймақтық пәндер олимпиадасына 36 оқушы қатысып, 29 оқушы аудандық кезеңге жолдама алды. Аудандық пәндер олимпиадасында 5-6 сынып оқушыларынан 7 дарынды оқушы жүлдегер атанды.
«Руский медвежонок» интеллектуалды марафонға 25 оқушы қатысып, 6 оқушы жүлделі орынға ие болса, «Самұрық» математикалық сайысына 35 оқушы қатысып, 7 оқушы жүлделі орынмен марапатталды. Түркістан облысы оқушылары арасында өткен «Алтын Ұрпақ» зияткерлік олимпиадасында 47 оқушы жүлделі диплом иегері болды. «Алтын қыран» зияткерлік сайысында 25 оқушы жүлделі орын алса, «Бәйтерек» республикалық зияткерлік олимпиадасында 47 оқушы жүлдегер атанды. «Кенгуру-математика барлығы үшін» халықаралық зияткерлік конкурсында 5 оқушы жүлдені иеленіп, мерейі үстем болды.
Заман ағымы ғылыми жоба жұмысын жүйелендіруді және тереңдетуді талап етуде. Оны жазу да қазіргі таңда еліміздің болашаққа зор үміт артуынан туындайды. Ғылыми жоба бойынша аудандық кезеңге 8 оқушы қатысып, оның бәрі де жүлделі орын алды. 4 оқушының жұмысы облысқа жолдама алып, қорғаудың ашық түрінен өтті.
Сонымен қатар, дарынды оқушылар республикалық деңгейдегі түрлі байқауларға да қатысып, жүлделі орындарды қанжығаларына байлады. Республикалық байқаулардың аудандық кезеңдерінде 9 оқушы жүлделі дипломға ие болса, 3 оқушы облыстық кезеңінде І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Мектеп-лицей басшысы Нұхбек Әбдімәжітұлы түрлі додаларда топ жарып, жеңіске жеткен, білімұясының мәртебесін биікке көтерген, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан бірқатар оқушыға «Мақтау қағазын», олардың ата-аналарына «Алғыс хатын» табыс етті. Олардың қатарында 3 «д» сынып оқушысы Нұрхан Жүнісәлі және ата-анасы Нұрғали Досқұл мен Зарина Барқыбаева бар.
Содан соң білімұясындағы ата-аналар комитетінің төрағасы Сәруар Өсербаев, қамқоршылық-қорғаншылық кеңесінің төрайымы Райса Билібаева, «Қазығұрт тынысы» газетінің тілшісі Құралбек Ергөбеков, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрзия Жасымбекова және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құсан Қарабаев сөзге шығып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан оқушылар мен ата-аналарын және ұстаздарын құттықтады, әрі мектеп дирекциясы атынан дарынды оқушыларды «Мақтау қағазымен», ата-аналарын «Алғыс хатпен» марапаттады. Оқушылар ән айтып, би билеп, бар өнерлерін ортаға салып, мерекенің шырайын келтірді.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.