БІЛІМ НЕГІЗІ – БАСТАУЫШ МЕКТЕП

Жұма, 02 Қырқүйек 2022 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 92 рет

7a08107b-f04b-4d3c-80c9-0097f3251dff

Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны айрықша. Мектеп қазіргі қоғамның дамуымен, әлеуметтік практикамен тығыз байланысты. Мектеп өмірі балаға жаңа алемнің есігін ашып беріп, рухани дүниесінің қалыптасуына негіз салады. Тәрбиенің сан саналы, күрделі мәсе-лелеріне терең бойлауға бастайтын, күнделікті тұрмыста кездесетін дағдылар арқылы баланың жан дүниесіне әсер ететін білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы – бастауыш мектеп. Бастауыш саты – білім, дағды, іскерліктің қалыптасуының бастамасы болып табылады. Келешекте жалпы білім алу мен кез келген арнаулы мамандықтарға талпынудың іргетасы осы бастауышта қаланбақ. Сондықтан, оның сипаты мен мазмұны, оқытудың әдістері мен формалары қазіргі жағдайда жан-жақты талданып отыр. Өйткені, баланың жеке бас қасиеттері, оның адамгершілігінің, белсенділігінің қалыптасуы мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш сыныптарда жүзеге аспақ. Оқушының рухани күш-қуаты мен ерік-жігерінің, шығармашылық қабілетінің, жалпы мүмкіндіктерінің ашылар кезі. Бастауыш мектептің негізгі міндеті – жеке тұлғаны дамытып, оның алғашқы қалыптасуын қамтамасыз ету, білімге деген сенімін нығайту, іскерлігі мен дүниетанымын қалыптастыру, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру болып табылады. Ендеше осы міндеттерді жүзеге асыратын басты тұлға – ұстаз. Тек мықты ұстаз ғана осындай ауыр жүкті алып жүре алады. Халқымыз әрқашан да ұстаз мәртебесін көтеріп, аса жоғары қастерлеп, бағалаған. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» деп айтқан ұлы Абай. Ал чехтің педагогі Я.А.Коменский: «Мұғалім мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз жалын иесі» деп ұстаздар қауымын жоғары бағалаған. Мектеп табалдырығын аттаған жас бала ертеңгі ел тұтқасы десек, оларды парасатты, саналы азамат етіп тәрбиелеу – әрбір ұстаздың борышы. Бүгінгі мұғалім мектеп оқушыларына тек білім беріп қана қоймай, оларды халықтық педагогиканың нәрлі қайнарымен сусындату, әрбір оқушы бойын-да ұлттық мінез-құлық, адамгершілік, сыпайылық пен кішіпейілділік қасиеттерін қалыптастыруға, баланың жан дүниесін рухани қазыналармен байытуға, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін меңгертуге тиіс. Алдыңғы қатарлы тәжірибені жетілдіре отырып, оқу үрдісіне жаңа әдіс-тәсілдерді, оқытудың жаңа технологияларын енгізіп, оқушылардың жалпы дамуын қамтамасыз етуі керек. Бала жаны жаңалыққа құмар, білмегенін білгісі келіп, белгісіз нәрсені ашуға тырысатын болғандықтан, бастауыш сынып мұғалімі олардың осы талпынысын дамытуға көңіл бөлуі тиіс. Оқушылардың сүйіспеншілігін арттыру мақсатында сабақ барысында тиімді әдіс-тәсілдерді енгізіп, оны ұйымдастыру формасын түрлендіріп отыру – мұғалімнің басты міндеті екені белгілі. Мұндай жағдайда мұғалімнің шеберлігі, ұйымдастырушылық қабіле­ті үлкен рөл атқарады. Мектеп оқушылары үшін мұғалім олар елітейтін, үлгі ететін абыройлы жан. Олар ұстазының бүкіл іс-қимылына, жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне, адаммен қарым-қатынасына еліктейді. Сондықтан да, жауапкершілігі мол, адал да мейірімді, әділ де парасатты, рухани дүниесі бай педагогтар ғана балаға білім мен тәрбие беріп, оның жан дүниесіне әсер ете алады.

Малика ДАРАПОВА,
Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі.