А.БАЙТҰРСЫНОВ – ҚАЗАҚ ТІЛТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ АТАСЫ

Жұма, 16 Қырқүйек 2022 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 75 рет

98465465365435564

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ балаларын ел қатарына қосылып, білім алуына 1896-жылдары көңіл бөле бастады. 1905-жылдары Ресей «Кіндік үкіметіне» жазылған петициядан, редакторы болып «Қазақ» газетін шығарып, оның бетінде мәселелер көтеруінен, қазақ балаларын ана тілінде сауаттандырып, әрі ана тілінде оқыту үшін жүргізген күресінен, ең соңғысы сол ана тілінде оқытатын оқулықтар жазуынан, халық ағарту кадрларын дайындап, жас қазақ интелегенциясы өкілдерін баулуынан танылады.
Ахммет Байтұрсынұлын үстіміздегі ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы қазақ қауымы көшінің рухани басшысы етіп танытқан – оның қазақ халқын «іргелі жұрт» қатарына қосу үшін жүргізген күресі және сол күресте ұстанған бір қаруы — ағартушылық идеясы болды.
Оқу-ағарту идеясы – Ахмет Байтұрсынұлының әлеуметтік қызметінің арқауы, азаматтық борышының негізі, идеологиялық платформасының тіреуі. Бұл платформаны мықтап ұстауға итермелеген – оның туған халқының тағдырын ойлаған қам-қарекеті. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамы жатқан отар ел болатын. Халқы үшін сол кезде бебеу қаққан ойшылдардың көзімен көріп, сөзімен айтқанда, бұл тұстағы қазақ халқы «көгі қараңғы, көңілі ұйқылы, еспесі жоқ қайығы қалтылдақ, малы талауда, жаны қамауда» болған «қайран ел, қайран жұрт» еді. Қазақ халқын әлеуметтік теңдікке, азаматтық мәдениетке жеткізетін, амал-әрекеттің бастысы «түгел қазақты» сауатты етіп, көзін ашу, «наландық, өнерсіздік ата жолдасымыз болған соң, олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты».
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910-жылдардан бастап қолға алады. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі. Қазақ графикасының негізіне қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтарды да пайдаланып отырғандықтан, туыстық, жақындық сипаты бар араб таңбаларын алады. Оны қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды алфавиттен шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды-жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды. Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазады. Сөйтіп, оқу-ағарту идеясына сол кезіндегі интелегенциясы жаппай мойын бұрды. Әрбір зиялы азамат халқына қара танытып, сауатын ашуды, ол әрекетті «Әліппе» құралдарын жазудан бастауды мақсат етті.
«Тіл – құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының іргетасы болып қаланды. Жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып-білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл құралдарының» орны айрықша. Кезінде қазақ қауымы Байтұрсынұлы десе, Байтұрсынұлын «Тіл – құралды», «Тіл құралы» десе, Ахметті қазір – Ахаң деп танитын болған.
Қазақ тілін ана тілімізде тұңғыш зерттеуші Ахмет Байтұрсынұлы өзінің алдына жүйелі бағдарлама қойғанға ұқсайды: ол әуелі қазақтың ұлттық жазуын графикасын жасауды мақсат еткен, бұл үшін араб алфавиті негізіндегі «Байтұрсынов жазуы» (Төте жазу) дүниеге келген, екінші – сол жазумен сауат аштыруды ойлаған, бұл үшін «Оқу құралы» атты әліппе оқулығын жазған, одан соң қазақ тілінің грамматикалық құрылымын ана тілінде талдап беру мақсатын қойғаң бұл үшін «Тіл құралды» жазған.

Перизат ЫРСАЛЫ,
аудандық мәдениет сарайы
директорының орынбасары.