Сібір жарасы

Дүйсенбі, 31 Шілде 2017 10:28 Жарияланды Денсаулық Оқылды 1338 рет

Сібір жарасы – жануарлар мен адамдарда кездесетін аса қауіпті жұқпалы ауру. Халық арасында күйдіргі, түйнеме деп те аталады. Ауру қоздырғышы күйдіргі бацилласы болып табылады. Сібір күйдіргісі бацилласының споралары суда, топырақ қойнауында ұзақ жылдар бойы сақталынып, өмір сүре береді. Олар дезинфекциялық заттарға өте төзімді келеді. Споралары тері иленгеннен кейін де, етті тұздаған соң да жойылмай тірі күйінде қала береді. Қой, ірі қара, жылқы – сібір жарасын ең жиі қабылдағыштар. Сондай-ақ, ешкі, есек, түйе, шошқа, сирек жағдайда ит, мысықта ауырады.


Адамға ауру мал сойғанда, терісін сыпырғанда, етін жіліктегенде, ішек-қарнын тазалауда жұғады. Жұқтыру көзі малдың еті (тиісінше өңделмеген шұжықтар – сосискалар да қауіпті), терісі, жүні, тұяғы, мүйізі, сүйегі, күйдіргі бацилласымен зақымдалған былғары киім де болады. Кей жағдайда күйдіргі споралары сақталған топырақпен жұмыс істеген кезде жұғуы да мүмкін. Инфекцияланған және жеткілікті қайнатылмаған ауру малдың етін жегенде де, инфекцияланған шаң-тозаңды жұтқанда да жұғады.
Сібір жарасы қоздырғышының ену қақпасы көп жағдайда зақымданған тері болып табылады, біршама сирек тыныс жолдары мен асқазан-ішек жолдарының кілегей қабықтары. Қоздырғыштың теріге ену орнында сібір жарасының карбункулы – дерманың тері асты шелімен шектесетін терең қабаттарындағы геморрагиялық некроздық ошақ дамиды, ол жерде ісіну және тіндердің деструкциясы қатар жүреді, жараның ортасында тері некрозы бар, ол лайлы қара түсті өзек түзейді. Карбункул іріңдемейді. Қоздырғыштар лимфа тамырлары арқылы лимфа түйіндеріне енген кезде лимфаденит дамиды. Алиментарлық жұғу кезінде асқазанда және мықын ішектің дистальді бөлігінде бірен-саран немесе жайылған, бетінде некроз жаралары бар анық айқындалған инфильтраттар пайда болады. Сонан соң ішектің зақымдануы серозды-геморрагиялық перитонитпен асқынады. Айқын геморрагиялық синдром, сепсис пен бактериалды-уытты шок орын алады. Өкпелік түрінде ауру жедел басталады, ауыр өтеді. Науқастың жағдайы аурудың бірінші сағаттарынан бастап ауыр, кеуденің шаншып ауыруы, ентігу, көгеру, тахикардия, қақырыққа қан араласуы байқалады.
Алдын алу шаралары: мал дәрігерлік анықтамасы жоқ ет-сүт өнімдерін тұтынбаған, малды тек мал дәрігері рұқсатымен арнайы орындарда сойған дұрыс. Малшылар, қасаптар, тері жинаушылар, мал дәрігерлері өз емханасынан әр жылы көктем айларында бір рет сібір жарасына қарсы вакцина ектіргені, ауылшаруашылығына қатысты жұмыс жасаған кезде жеке бас гигиенасын сақтаған абзал.
Мал ауырғанда, не тосын жағдайда өлгенде, тез арада мал дәрігеріне хабар беру керек.

А.ӘЛТЕНОВА,
Қазығұрт аудандық ҚДСБ ұйымдастыру-құқықтық
жұмыстар және мониторинг бөлімі басшысы.