Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – өте қауіпті вирусты ауру

Дүйсенбі, 16 Шілде 2018 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 209 рет

       Дәрігер кеңесі

     

Бұл ауру көбінесе көктем мен қара күзге дейінгі аралықта жиі кездеседі. Аурудың қоздырғышы «Boniaviridae pog Nairovirus» тектес вирус болып келеді. Негізгі тасымалдаушылары – «Hyaloma asiaticum» иксодтық кенелері. Бұл топтағы кенелер аурудың қоздырғышын (вирустарды) өз денесінде сақтап, 4-ші ұрпағына дейін тұқым арқылы беру қасиетіне ие. Бұл иксодтық кенелерді басқа кенелерден жай көзбен ажырату қиын. Жануарлар (ірі қара мал қойлар, ешкілер) вирустың уақытша қоймасы болып келеді. Ауру ошақтарының мекені – шөлейт, жартылай шөлейт, далалық ландшафттар. Кене жануарлардың және адамдардың қанын сору арқылы ауру таратады.

Жұқтыру жолдары:

          трансмиссивті кенелердің шағуы арқылы,

          науқастың қаны мен қанды шығындылары арқылы, вирустың теріге және шырышқа түсу барысында,

          жануарларды сою және етін бөлу кезінде жұқтырылған қан арқылы,

          кенелерді қолмен алып тастау кезінде кене шығындыларының дененің ашық бөлшектеріне түсу барысында.

Кенені қолмен ұстауға, оны езуге болмайды, әсіресе, қой қырқымы кезінде сақ болған жөн. Ауру малдарды ветеринар дәрігерінің рұқсатынсыз союға болмайды.

Конго-Қырым қанды қызбасының белгілері:

          дене қызуы 38-40С-қа дейін көтеріледі, басы қатты ауырып, буындары сырқырайды, жүрек айну, құсу, асқа тәбеттің болмауы, аурудың 2-5-ші күндері науқастың аузынан, мұрнынан, асқазанынан, ішегінен, әйелдерде жатырдан қан кетуі мүмкін.

Алдын-алу шаралары:

          малға қараған кезде, қой қырқу кезінде қора-жайларды тазалағанда, арнайы жұмыс киімін кию қажет, табиғатта демалғанда мейлінше ашық түсті киім киіп, шалбардың балағын шұлыққа салып алған дұрыс. Қайтар кезде киімді шешіп, денені мұқият қарап шығып, кене денеге жабысқан жағдайда қысқыш арқылы неғұрлым денеге жақын жерден тұмсығынан қысып алу керек, кененің денесін қысуға немесе май тамызуға болмайды, өйткені, қысқанда немесе тұншыққанда кене ішіндегі сорған қанды қайта құсады.

Кене шаққан жерді 70% пайыздық спиртпен немесе йодпен өңдеу қажет.

          Алынған кенені таза шыны ыдысқа салып емдеу мекемесіне тапсыру қажет, бұл кене 14 күн сақталады.

Кене шаққан жағдайда тез арада дәрігерге көрініңіз, өйткені, кене шаққан адам емдеу мекемесі тарапынан 14 күнге медициналық бақылауға алынады. Кенелерді азайту үшін қораларды, малдарды, мал үйездейтін орындарды кенеге қарсы жүйелі түрде дәрілеп тұру қажет.

Бүгінгі таңда кене шаққан 60 адам тіркеліп, емдеу мекемелері тарапынан 14 күндік медициналық бақылауға алынды.

Аса қауіпті бұл ауруды жұқтырмас үшін жоғарыда көрсетілген кеңестерді есте ұстағаныңыз абзал.

Ж.МАЙЛЫБАЕВ,

Қазығұрт аудандық орталық аурухананың

эпидемиолог дәрігері.