Күйзелістен арылудың жолдары

Сейсенбі, 31 Шілде 2018 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 162 рет

Маман кеңесі

 

Кішігірім күйзелісті асқындырмай, депрессияның алдын алу үшін, кез келген адам өзінің қажыр-қайратын қалыпты ұстауы керек. Мәселен, дер кезінде тамақтану, дұрыс демалу, спортпен шұғылдану.

Екінші, адам өмірде өзіне не керек екенін бағамдап алса, құба-құп. Жоқ дегенде, күнделікті уақытын тиімді, мақсатты пайдалануға дағдылану аса қажет. Сонда ғана өзінің ісі мен өміріне көңілі толып, қажетсіз ойдан арылады. Үшінші, әркім өзі бағалайтын құндылықтарды сақтауға күш салса, жақсылыққа бір табан жақындайтыны анық.

Адамның жан күйзелісіне ұшырамауы үшін тың күш жинап, сарқылған күш-қайратты қалпына келтіруі өте маңызды. Мүмкіндігінше әрине, тамақты ұйықтарда жемеу керек. Күш-қуатты қалпына келтіру үшін тойып тамақ ішу керек деген ойдағы адамдар қатты қателеседі. Керісінше, жатарда тойып тамақ ішкен адамның бүкіл энергиясы түні бойы асты қорытуға кетеді де, таңертең ұйқысы қанбай, қалжырап тұрады. Ал, аш жатса, керісінше, құр аттай болып, сергіп оянады.

Күні бойы компьютер үстелінің басынан шұқшиып шықпайтын немесе көлік рулінен түспейтін жастардың көбісі сарқылған күш-қуатын қайта қалпына келтіру үшін түнгі клубқа барып немесе бір бокал сырасын алып, телевизор алдында жайғасқанды жөн көреді екен. Мұндай демалыс түрінің адамды тыңайтудың орнына, керісінше шаршата түсетіні күнделікті өмірде дәлелденген.

Адам күш-қуатты бойда дұрыс ұстап тұруы үшін таңғы асты тастамағаны абзал. «Таңғы ас – Тәңірден» делінген. Американдық ғалымдар үнемі таңғы ас ішіп жүретін адамдардың жұмыс істеу қабілеті мен ел-жұртпен араласуы басқаларға қарағанда әлдеқайда артатынын әлдеқашан тәжірибе жүзінде дәлелдеген.

Адамның жан күйзелісіне ұшырамауы үшін тың күш жинап, сарқылған күш-қайратты қалпына келтіруінің жолдары көп. Өмірлік жағымды энергия алу үшін ағын суға қарайсыз ба, жоқ лапылдап жанған отқа үңілесіз бе, әлде табиғат аясында жаяу қыдырасыз ба, патша көңіліңіз біледі.

Г.ҚИЛЫБАЕВА,

«Сенбі» амбулаториясының психолог маманы.