Тұмау кезінде не істеуге болмайды?

Дүйсенбі, 29 Қазан 2018 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 75 рет

Маман кеңесі

55632

Күн бірде салқын, бірде жылы болғандықтан, тұмау мерзімі де ерте басталуда. Айналамызда түшкіріп және жөтеліп жүрген адамдарды жиі көре бастаймыз.          Адамдар тұмаудан өз бетінше емделу кезінде бірнеше қателіктер жібереді.

1–қателік. Емделу кезіндегі қателіктердің бірі – үнемі жүру. Тұмаудың бастапқы белгілерін байқасаңыз, мүмкіндігінше, жатып демалуға тырысыңыз. Ауырып шаруаларыңызды бітіру үшін жүре берсеңіз, оны асқындырып алуыңыз мүмкін. Екіншіден, басқаларға жұқтырасыз.

2–қателік. Жылдам жазылу үшін көпшілік бірден антибиотиктердің көмегіне жүгінеді. Бірақ, антибиотиктер бактериялық жұқпа кезінде қолданылады. Ол тұмау мен салқын тиюдің вирусын емдемейді. Керісінше, бақылаусыз антибиотик қабылдау иммунитетті әлсіретеді, сондықтан, ағза вируспен күресе алмайды. Сонымен қатар, антибиотиктер ішектер жұмысын бұзады, іш қату немесе іш өту болады.

3–қателік.Аздап температура көтерілсе, жылдам оны қалпына келтіруге тырысамыз. Сол үшін бірден ыстық түсіретін құралдар іше бастаймыз. Негізінде, ауырған кезде температураның көтерілуі – ағзаның қалыпты реакциясы. Дене температурасы 38 градустан аспай, ыстық түсіруші дәрілерді ішпеген жөн. Әйтпесе, ағзаның вируспен күресуіне кедерг.і келтіресіз.

4–қателік. Көпшілік адамдар тұмау кезінде жылы бөлмеде қалың киініп алып, қабат-қабат көрпенің астында жату керек деп ойлайды. Ал, шындығында ондай ортада вирус өзін жақсы сезінгендіктен, ағзамен күштірек күреседі. Ауру жатқан бөлмені уақтылы желдетіп тұру керек, яғни, бөлмеге таза әрі ылғал ауа кіру керек. Бұл – сау адамдардың аурудың алдын алуына арналған тәсілдердің бірі.

5–қателік.Тұмаудың бір белгісі – жөтел. Жөтелден арылу үшін оған арналған дәрі аламыз, бірақ, оның әсер ету механизміне мән бере қоймаймыз. Алайда, жөтелдің түрін айыра білу керек. Қақырық шығаратын шәрбаттар немесе құрғақ жөтелді басатын шәрбаттар болады. Мысалы, ылғал жөтел кезінде құрғақ жөтелге арналған дәрі ішсеңіз, қақырық бронхта жинала береді. Нәтижесінде ауыр сырқатқа соқтыруы мүмкін.

Мамыт ЖАҢБЫРБАЙ,

ҚР ІІМ ТЖК «АМО»-ның

Түркістан облысы бойынша филиал фельдшері.