Сібір жарасының алдын алайық!

Дүйсенбі, 12 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 63 рет

Маман кеңесі

 

Малдан адамға жұғатын жұқпалы ауруларды ғылыми тілде «антропозоонозды аурулар» деп атайды. Сондай кеселдің бірі – Сібір жарасы.

       Ел арасында «күйдіргі» аталып кеткен аса қауіпті де, жұқпалы дерт ғылыми тілде – Сібір жарасы (Антрацис) деп аталады. Бұл аурумен үй жануарларының барлық түрі және адамдар да ауырады. Аурудың бұл түрін адамдарда – «күйдіргі», қойларда – «топалаң», сиырларда – «қараталақ», жылқыда – «жамандатқыр» деп атайды. Негізінен адамға денесіндегі, қолындағы жарылған немесе тілінген сызатты жарақаттар арқылы жұғады. Сондай-ақ, осы аурумен ауыратын малдың өнімін білмей пайдаланудан да жұғуы мүмкін. Ауырған мал, немесе ауырып өлген мал өлекселері де індет тарату көзі болып табылады. Ал, малдардың бір-біріне жем-шөп, су арқылы жұғады.

Сібір жарасының қоздырушысы – тік әрі қозғалмайтын таяқша тәрізді микробтар. Ол микробтар мал немесе адам ағзасында қорғану қабықшаларына (капсула) оранатын болса, сыртқы ортада кеуіп құрғақ түйіршіктерге (спорларға) айналады да,топырақ қабатында 80 жылдан 100 жылға дейін күшін сақтай алады.

Негізгі белгілері – өлген малдың іші тез кеуіп кетеді. Қанының түсі қарақошқыл болады және ұйымайды. Күйіс қайыратын малдың қара бауыры (талағы) домалақтана ісініп, жиектері білінбей кетеді.Тіліп көргенде қара бауырдың ішкі түзілімі қоймалжыңдау сұйық кофе тәрізді реңде болады. Қара малды сойғанда, тері асты қабатында түрлі көлемдегі қоймалжыңданған ісіктер (карбункулдар) болады. Олар көбіне малдың басында, мойнында, қарнында, аяқтарында кездеседі. Ісіктерге жақын орналасқан без түйіндерінің көлемі ұлғаяды, ішкі құрылымы тығызданған қызыл, кейде жасыл-сарғыш, ұйыған қан тәрізді немесе ұсақ нүкте түрінде болуы мүмкін. Ісіктер ішекте болса, без түйіндері өзгереді және ішектің кілегей қабығында қабыну процесі болады.

Ауру қоздырғышы бар деген күдік туғанда ұшадан сынамалар (анализ) алынады. Дененің өзгеріске ұшыраған бөлігінен, без түйіндерінің маңайындағы тканьдармен бірге қара бауырдың (талақтың) бір бөлігін зертханаға жібереді. Нәтижесі белгілі болғанша ұшаны арнайы орында жеке сақтайды. Егер, ауру анықталса, ұшаны және ауру малдың терісін, дене мүшелерін түгел өртеп жояды.

Сібір жарасы ауруымен ауырған малдың ұшасынан қалған өнімдер, басқа сойыс малының етімен араласып кеткен жағдайда барлығы бірдей өртеліп жойылады. Бөлме мен құрал-жабдықтарды 10 пайыздық өткір натрийдің ыстық ерітіндісімен, немесе 5 пайыздық активті хлорлы әктің ерітіндісімен араға екі сағат салып екі рет дезинфекцияланады.

Металл бұйымдары 30 минут қайнатылып, киімдерде автоклавта залалсыздандырады.

         Емдеуде сібір жарасына қарсы қолданылатын арнайы «сыворотканы»                           пайдаланады. Сібір жарасы – қауіпті ауру, одан дер кезінде емделмесе қайғылы жағдайға ұрындыруы мүмкін.

         Адамдарда жиі кездесетіні терілік түрі – ауру жұқтырған соң көп ұзамай денеде немесе қолда (көбінесе деннің ашық жерлерінде)     орта тұсы үшкірлеу, көгілдір түсті дөңгелек, түбі қатты томпақтау ісік жара пайда болады. Дене қызуы көтеріліп, ағза зіл болып ауырлайды, маужырап ұйқысы келе береді. Ондайда сырқат адам дереу дәрігерге көрінуі керек. Мал сойып ет сатып жүргендер малды сояр алдында міндетті түрде мал дәрігерлеріне көрсетіп, малдың денсаулығын тексерткені дұрыс. Сәл ғана болса да ауру белгісі білінген малды соймау керек. Негізі, кез келген малды сояр алдында мал соятын адам қолдарында титтей болса да жарақаттанған жер болса, оны йодпен өңдеп күйдіргені жөн.  

       Қазақстан Республикасы Ветеринария туралы Заңының 3-бабына сәйкес аталған індеттің аса қауіптілігіне байланысты ауылшаруашылығы жануарларын ветеринар маманның бақылауынсыз өз аулаларыңызда немесе басқада кез келген жерлерде соймауларыңызды сұранамыз. Ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай, арнайы мал сою алаңдарында сойылып тұтыну керектігін ескертеміз.

Е.САДЫҚОВ,

аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы.