АЙГҮЛ АС МӘЗІРІНЕ ДЕ ШЕБЕР

Дүйсенбі, 11 Наурыз 2019 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 429 рет

 

Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары, «Алтын дәрігер» және «Шапағат» медальдарының иегері Айгүл Күзенбайқызы Ақынғазиева «Гиппократ антын» өзінің өмірлік кредосы ретінде қабылдап, қоғамның басты байлығы саналатын адам өмірінің сақшысы бола білген жан. Шын мәніне келгенде, Айгүлді адамгершілігі мол, қарапайым, іскер, көптің көңілінен шыққан, қолы жеңіл, абыройы асқақ, парасатты дәрігер деп білеміз. Оның еңбек өтілі 26 жыл болса, бойына біткен тамаша қасиеттердің арқасында аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуді басқару-ұйымдастыру саласында 20 жылдай маңдай терін төккен.

Біз, Айгүл Күзенбайқызының қазақ әйеліне тән ерекше қыры, отбасында ас-ауқат мәзірін дайындау мен қонақ күту жұмысындағы өзіндік құпия-сырларын бөлісуге қызығушылық танытқан болатынбыз. Оны дүниеге алып келген Батыр ана Ұлбосын Орынбайқызы Раева өзінің он перзентін жақсылық пен ізгілікке үйреткен. Айгүлдің өзі: «Біз отбасында үш ұл, жеті қыз болдық, мен соның сегізінші перзентімін. Анамыз Ұлбосын нағыз қиындыққа мойымайтын, төзімді, шыдамды, сабырлы болса, біз, ер азаматты сыйлаудың үлгісін анамыздан үйрендік. Оның асылдылығы сол, мұқтаждығымызға қарай әрбірімізге көңіл бөле білетін. Жас кезімізден бізді бірінші кезекте еңбекке баулыды. Анамыздың тәлімімен біз бір-бірімізге бауырмал, көпшіл болып өскенбіз», – деді.

Айгүл ас-ауқат мәзірін дайындауды алғаш анасы Ұлбосын Орынбайқызынан үйреніпті. Палау, бесбармақ, маш пен бұршақ дақылдас өнімдер қосылған тамақтың кез келгенін шебер дайындайды екен. Тіпті өмірлік жары Асқар Мамайұлы оның осы шеберлігіне көңіл бөліп, содан ұнатып, ғұмырлық серігіне айналыпты.

Бас кейіпкеріміздің қайын енесі Базаркүл Енсепқызы Ақынғазиева 30 жыл дәмханада қызмет атқарыпты. Айгүл қайын енесінен де көп тәлім алдым дейді. Ол: «Қазіргі таңда қайын енем 81 жасқа келсе де, әлі күнге бізге қамқорлық танытып, дәмді тамақтарын сыйлайды. Қайын енеммен бір шаңырақтың астында жасағаныма 26 жыл болды. Үйге келетін қонақтарға құрметпен қарап, асқан жауапкершілікпен алдын-ала дайындаламыз», – дейді.

Айгүлдің өте жиі дайындайтын салаттары «қызылша» мен корей қырыққабатынан жасалатын «цезарь» және көкөністер қосылған салаттар екен. «Адам ағзасына, денсаулыққа пайдалы, пайдасы зор салаттарды күнделікті пайдаланса игі. Әсіресе, бұршақ дақылдас өнімдер қосылған тағамдар өте құнарлы болып келеді. Балаларға алты айдан бастап дайындап беруге болады. Аналарға айтар кеңесім, осыған көңіл бөлу керек», – деді Айгүл Күзенбайқызы.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.