Сібір жарасы туралы не білесіз?

Дүйсенбі, 11 Наурыз 2019 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 117 рет

Оқырман назарына!

 

                           

Түйнеме (Сібір жарасы) – зоонозды, аса қауіпті, қоздырғышы жанасу механизмі арқылы берілетін, тері қабатының карбункул тәрізді зақымдалуымен, қызба және интоксикациямен, кейде сепсис дамуымен сипатталатын жұқпалы аурудың түрі. "Сібір" атауы осы дерттің XIX ғасырда Сібір аймағында он мыңдаған мал мен мыңдаған адамдардың қырылуының себебі болған үлкен эпизоотия мен індеттің пайда болуына байланысты берілген. Қазақстан Республикасында, соның ішінде біздің облысымызда медициналық қызметкерлерімен профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралардың жүргізілуіне байланысты бүгінде түйнемемен ауыру күрт төмендеді.

     Бұл аурудың қоздырғышы – микроб, "сібір жарасының таяқшасынан" шыққан. Ол ауру малдың қанында, зақымдалған барлық мүшелер мен тіндерде және ауру малдың дәреті мен нәжісінде кездеседі. Әсіресе, қоздырғыш малдың өлім алдында бөлінетін серозды сұйықтығында көп болады. Сібір жарасының таяқшасы жайлау топырағына, ашық су қоймаларының суына түседі. Тасқын, ағынды және жер асты сулары мал зираттарынан оны жер бетіне алып шығуы мүмкін.

   Ескі мал зираттарында споралардың өмір сүру бейімділігі малдарды көмгеннен кейін 30-40 және одан да көп жылдардан кейін байқалады. Спора сиырдың, қойдың, жылқының, шошқаның, түйенің, есектің ағзасына түсіп, сібір жарасының таяқшасын түзеді, содан кейін көбейіп, қан арқылы тарап, 1-3 күннен кейін ауру тудырады. Бұл ауру жануарларда әдетте ауыр түрде өтеді және көбіне ішектің бұзылысымен басталады. Ішектің кебуі, қызудың көтерілуі байқалады. Зәр мен сүтте қан көрінеді. Екінші-үшінші күні мал өледі.

   Адамның ауруға шалдығуы көбіне аурумен немесе өлген малмен жанасқанда, күтім жасағанда, сойғанда, терісін алғанда, көмгенде болады. Сонымен қатар, ауру малдан алынған азық-түліктен жұқтыруы мүмкін. Аурудың жасырын кезеңі адамдарда бірнеше сағаттан 8 күнге дейін созылады, көбіне қоздырғыштың теріге ену қақпасында кішкентай дақ пайда болғаннан кейін 2-3 күн. Аз ғана уақыттан кейін дақ безеуге, содан кейін бұлдыр қан аралас сұйықтығы бар көпіршікке айналады. Көпіршік жарылып, сұйықтық ағып кетеді, орнында қара қабықшамен – ноқатпен қапталған жара пайда болады. Осы сібір жарасының карбункулы болып табылады. Ауру жоғары температурамен, жалпы әлсіздікпен жүреді.

   Түйнеменің алдын алудың басты бағыты – ауыл шаруашылық жануарларын иммунизациялау. Үйде жеке мал болса, әр малды түйнемеге қарсы егу керек. Егер сіз жануарлардан аурудың белгілерін байқасаңыз, дереу үйге ветеринар шақырыңыз. Малды сою ветеринар қарап, жануардың денсаулығы туралы анықтама бергеннен кейін жүргізілу керек. Мал еті ветеринардан алдын ала тексеріліп, анықтама бергеннен кейін тек базарларда сатылуы керек. Азық дайындау үшін ауыл шаруашылық малдарының етін тек қаланың базарларынан алу керек.

Емдеу 

   Қазіргі таңда сібір жарасын емдеуге арналған күшті дәрі-дәрмектер (гамма-глобулин және антибиотиктер) бар, алайда, тек қана дер кезінде жасалған медициналық көмек сауығып кетуге кепілдік береді. Сондықтан аурушаңдықтың алғашқы белгілері пайда болысымен-ақ, жақын орналасқан емдеу-алдын алу мекемелеріне барып, медициналық көмекке жүгіну қажет.  Дәрігерге дер кезінде қаралғанда және арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен жазылып кетуге болады.

Алдын       алу   шаралары 

   Адамдар мен жануарлар арасында сібір жарасының алдын алу шарасы –  жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Дертке қарсы вакцина қолайсыз пунктердегі ауруды тез қабылдағыш әлсіз жануарлар мен ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері, жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі. Егілген жануарларды бақылауға алған уақыт ішінде басқа шаруашылықтарға ауыстыруға немесе егілгеннен кейін 14 күн ішінде союға болмайды.

     Ауру қоздырғыштары ағзадан тыс жерде тек ауаның әсерінен пайда болатынын ескере отырып, өлген жануардың терісін кесуге болмайды және өлексені аң-құстардың тасуына жол берілмеу керек. Себебі, мұның салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін. Өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып мал көметін жерлерге өртеу үшін апару қажет.  

   Құрметті шаруашылық иелері!  Мал ауырған немесе өлген әрбір жағдайды шұғыл арада ветеринарға хабарлауыңыз керек. Егер жануар аурудан өліп қалса, ветеринар келгенше өздігіңізден оны союға кіріспеңіз. Ауру малды жасырын сойып, етін, терісін, жүнін және тағы да басқа өнімдерін саудалау – адамдар мен жануарлардың дертке шалдығуына әкеледі. Бұған кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Қаперіңізде сақтаңыз! Ет және басқа да жануарлардан алынатын өнімдерді арнайы мал дәрігерінің бақылауынан өтпеген, сатуға рұқсат құжаттары жоқ жеке тұлғалардан алуға тыйым салынады.

Н.Тасбалта,

Қазығұрт аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау

басқармасының бөлім.