Малдан жұғатын ауруға сақтық керек

Жұма, 05 Сәуір 2019 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 70 рет

 

Жуырда аудан әкімшілігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімдігінің жанындағы халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оған ауыл әкімдері, ветеринар мамандар мен осы салада қызмет ететін бөлім, мекеме басшылары, олардың жауапты мамандары, БАҚ өкілдері қатысты.

Үйлестіру кеңесінің жұмысына аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов төрағалық етті.

Үйлестіру кеңесінің күн тәртібіне екі мәселе ұсынылды. Бірінші мәселе, аудандық ветеринария бөлімінің атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттер туралы және эпизотиялық және эпизотиялық іс-шаралардың орындалу барысы жөнінде аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Ә.Ертаев, екінші мәселе бойынша «Ауданда аса қауіпті аурулармен сырқаттанушылық жағдайы және оны төмендету бойынша алдын-алу іс-шаралары туралы» аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы К.Үсіпбекова баяндама жасады.

Баяндамашылардың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, аудан көлемінде бірқатар жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, үстіміздегі жылы эпизотиялық ауруларға қарсы, яғни, егу, қан сынамаларын алуға жыл бойына 201978,0 мың теңге қаржы қаралған болса, өткен үш айда жоспарға сәйкес 34301,0 мың теңге қаржы игерілген. Аудан бойынша 16628 бас ірі қара, 57791 бас уақ малдан қан сынамалары алынып, 1 бас ірі қара, 5 бас уақ мал «оң» нәтиже көрсетіп, санитарлық сою бекетіне жіберілген.

Құтыруға, сібір жарасына, аусылға қарсы жұмыстар өз деңгейінде жүргізілген. Оларға қатысты вакциналар толық жеткізілген.

Эпизотиялық ауруларға қарсы «Ауыл» МКК-ны техникалық, құрал-саймандармен, арнайы қорғаныс киімдерімен жабдықталған.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, биылғы жылы бірде-бір адам бруцеллез ауруымен тіркелмеген.

Жануарлардан жарақат алғандар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстарғанда едәуір азайған.

Дегенмен, үйлестіру кеңесінде малдан жұғатын аурулардың алдын-алуда әлі де болса кешенді жұмыстар атқарылу керектігі айтылды. Үй-жайларды, қора-қопсыларды тазалап, дәрілеуді, әсіресе, кенеге қарсы, құтыруға қарсы күресті күшейту керек. Қаңғыбас иттер мен мысықтардың көзін жою, ауыл тұрғындары арасында үгіт-түсінік жұмыстарын кең көлемде жүргізу – ауыл әкімдері мен сала мамандарының басты міндеттері екендігі ескертілді.

Отырыс барысында малдан адамға жұғатын аурулардың алдын-алу жөнінде оңды ұсыныстар да айтылып, іс-жүзіне асырылатын болды.

Кеңес отырысын қорытындылаған С.Тұрсынқұлов ірі қараны шомылдыру, уақ малдарды тоғытуда тоғыту бекеттерінің ауыл тұрғындарының көңілінен шықпайтындығын, оның сапасыздығын, олардың талапқа сай жұмыс істеуін ауыл әкімдеріне, ветеринар мамандарына   арнайы тапсырды.

Сондай-ақ, күн ысып келеді. Шыбын-шіркей де көбейе түседі. Олармен кешенді жұмыс жүргізу керектігін тиісті сала басшыларының назарына салды.

Ж.МАХАНҰЛЫ,

Қазығұрт ауылы.