Вакцинаның адам денсаулығына пайдасы зор

Жұма, 14 Маусым 2019 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 183 рет

Маман кеңесі

 

Қауіпті дерттерге қарсы екпе егу жұмыстары әлемдік тәжірибеге енген. Соған орай бала өмірге келген сәттен бастап белгілі мерзім ішінде түрлі аурулардың алдын алу, жұқпалы дерттерден сақтануды қамтамасыз ету үшін иммундау шаралары дәстүрлі түрде қолға алынды. Вакцина – микроорганизмдерден жасалады. Бүгінде республикамызда 21 инфекцияға қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жыл сайын вакцинацияға 30 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінеді.

Дәрігерлерлік пайымдаулар мен ғылыми зерттеулерге сүйенсек, екпе алғаннан соң қауіпті дерттерге шалдыққандар саны азайған. Бірақ, ел арасында иммунизациялауға қарсылық танытатындар да бар. «Кезінде ата-бабамыз екпесіз де ұзақ өмір сүрген» деген пікірдің жетегінде кеткен кейбір ата-ана, баласына вакцина салдыруға қарсылық білдіруде. Себебі, оларда екпе салдырған соң бала жағдайы нашарлап, ауру болып қалады деген ұғым қалыптасқан. Қоғамда пайда болған сан қилы теріс пікірлерден соң кей ата-ана «Екпесіз де өмір сүруге болады» деген тоқтамға келеді. Бірақ, бұрынғымен бүгінгі ахуалды салыстыруға келмейтінін ескерсек, вакцинаның маңыздылығы жоғары екендігін ескеру қажет. Иммунизациялаудың қажеттілігі болмаса, ол қолданысқа енбес еді. Сондай-ақ, бұл жұмыстарға қыруар қаржы бөліп, шығындалу мемлекет үшін де тиімсіз екенін ұмытпаған жөн. Кезінде әлем қауіпті дертке айналған табиғи оспа, обамен шешек аурулары, дертке қарсы салынған вакцинаның нәтижесінде жойылды. Елімізде иммундау шаралары баланың жарық дүние есігін ашқан сәтінен бастап, Қазақстан Республикасының ұлттық екпе егу күнтізбесіне сай мерзімінде жүргізіледі.

Ауданымызда халық арасында профилактикалық егуден бас тартқандар бойынша профилактикалық алдын ала егудің маңыздылығы және адам денсаулығына пайдасы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде, вакцинация бойынша теріс ойда жүрген тұрғындар арасында балаларына екпе егуге келісімін бергендер саны көбеюде. Сонымен қатар екпе егу бойынша кез-келген сұрақтармен 8 800 700 830 сенім телефонына тегін қоңырау шалу арқылы, білікті иммунолог, аллерголог, педиатр, эпидемиолог дәрігерлерінен кеңес алуға мүмкіндік бар.

Балаңыздың және болашақ ұрпағыңыздың денсаулығына алаңдаушылық білдірсеңіз екпе егуге шақырамыз!

 

Нұрлыбахыт ТАСБАЛТА,

Қазығұрт аудандық

қоғамдық денсаулық сақтау

басқармасының бөлім басшысы.