Құтыру – өліммен аяқталатын ауру

Жұма, 28 Маусым 2019 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 253 рет

 

Құтыру – адамдар мен жануарлар ауыратын аса қауіпті жұқпалы ауру. Барлық жағдайларда науқастың орталық жүйке жүйесінің органдары зақымданып, тиісті құтыруға қарсы егу (вакцина) алмаған жағдайда өліммен аяқталады. Құтыру ауруы – адамға жануарлардың (ит, мысық, жылқы ірі, қара және уақ малдар және басқа жануарлар) сілекейі арқылы тістеп, тырнап алғанда жұғады.

Сол себептен өзіңізді немесе балаларыңызды жануарлар жарақаттап, тістеп, тырнап алса, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет. Қазіргі күнге құтыру ауруын емдеуге дәрі-дермектер болмағандықтан, оның алдын алудың бірден бір жолы профилактикалық егу болып табылады. Құтыруға қарсы егу жұмыстары аудандық ауруханалар мен емханаларда жарақаттанған науқастарға тәулік бойы тегін егу жұмыстары жүргізіледі. Жануарлардан жарақат алғандардың барлығына егу тағайындалады, олар міндетті түрде егуді толық және белгіленген күндері алу қажет.

ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 408-бабы негізінде ветеринария туралы заңдарды бұзғандығы үшін, жануарларды байлап ұстамағаны үшін иесіне әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Сол себептен, үй жануарларын күтіп ұстау ережелерін барлығымыз білуіміз және толық орындауымыз қажет. Құтырудың алдын алу жолдары: иесіз иттер мен мысықтарға қарсы күрес, үй жануарларын күтіп ұстау ережелерін орындау, оларды құтыруға қарсы егу, үй жануарларының, жабайы аңдардың шабуылынан қорғану, жарақат алған адамдардың дер кезінде толық егілуі.

2019-жылдың 5 айында Қазығұрт ауданы бойынша жануарлардан 328 адам зардап шегіп, медициналық көмек алды. Олардың барлығына құтырудың алдын-алуға егу жұмыстары жүргізілді. Егер, үй жағдайында жануарлардан тістеліп, тырналып, сілекейленіп жарақат алған жағдайда жарақат орнын 20 % сабынды су ерітіндісімен жуып, жарақат шеттерін спирт немесе йод ерітіндісімен сүртіп, матамен таныңыз және құтыруға қарсы егу алу үшін жергілікті емхана қызметіне жүгінгеніңіз абзал.Құтыруға қарсы антирабикалық вакцинасының адам ағзасына кері әсері жоқ.

Жануарлар тістеген жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.

     Өз өміріңіз – өз қолыңызда.

Слан НҰРСҰЛТАН,

Қазығұрт аудандық қоғамдық денсаулық

сақтау басқармасының

эпидемиологиялық қадағалау

бөлімінің жетекші маманы.