Тері ауруларының алдын алайық!

Жұма, 05 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 92 рет

Дәрігер кеңесі

 

Тері  –  адам денесінің сыртқы жабыны. Тері ағзада әр түрлі қызмет атқарады. Ішкі мүшелерді сыртқы ортаның механикалық әсерінен қорғайды. Тері микробтарды, еріген улы және зиянды заттарды өткізбей, қорғаныштық қызмет атқарады. Тері – ағзада зат алмасу процесіне қатысады. Негізінен су мен жылу алмасуда маңызы бар. Сыртқы ортаның температурасы қаншалықты ауытқығанымен, адамның дене температурасы үнемі тұрақты болады. Дене температурасының үнемі тұрақты деңгейде болуын қамтамасыз ететін физиологиялық процестерді жылу реттелу дейді. Тері арқылы сумен бірге түрлі тұздар, сүт қышқылы, азоттық алмасу өнімдері сыртқа шығарылады. Тері қан айналым процесінде қанның сақталатын қоймасының да қызметін атқарады. Теріде көптеген жүйке талшықтары, сезгіш жасушалар шоғырланған. Сондықтан, тері сезім мүшесінің қызметін атқарады. Адам тері арқылы бір заттың жанасқандығын, температураны, ауырғанды сезеді. Терінің витаминдер алмасуына да қатысы бар. Теріде болатын ерекше заттардан күннің ультракүлгін сәулелерінің әсерінен Д витамині түзіледі. Теріде аздаған мөлшерде газ алмасу процесі жүреді, яғни оттегін сіңіріп, көмірқышқыл газын бөледі. Адам терісіндегі тер, май және сүт бездері арқылы ыдырау өнімдері бөлінеді. Теріде ағзадағы артық май қор ретінде жиналады. Терінің ең көп тараған ауруларына безеу,  қышыма қотыр және саңырауқұлақтар тудыратын аурулар жатады. Тері ауруларын қарайтын медицина бөлімі – «дерматология» деп аталады.

  Тері ауруларының түрлері өте көп. Солардың ішінде сәбилер мен жасөспірімдерде  өте көп кездесетін тері ауруының бірі – диатез.

Диатез – терінің аллергиялық қабыну сырқаты. Оған көбінесе тектік бейімдігі бар балалар шалдығады. Бұндай тектік бейімдікті «атопия» деп атайды. Нәресте шақта атопия көбіне атопиялық дерматит түрінде көрініс береді. Оны бұрын «экссудативті диатез» деп атайтын. Атопия көптеген аллергендерге қатысты болуы мүмкін: тағамдық, шаң-тозаңдық, дәрі-дәрмектік, бактериялық, вирустық аллергендер, т.б.

Диатез жүре келе, аллергияның ауыр түрлеріне ауысуы мүмкін. Мысалы, аллергиялық тұмау немесе қолқа демікпесіне. Балада аллергияның бұл түрлерінің бәрі қатар жүруі мүмкін, бұл ауру түрін, «аллергиялық триада» деп атайды. Нәресте диатезі сәби өмірінің алғашқы айларынан бастап екі жасқа дейін созылады. Сулы немесе құрғақ диатез түрінде өтеді.

Емі. Балалардағы диатез тек тері ауруы емес, бүкіл организмнің сырқаты. Сондықтан, бала кешенді ем алуы тиіс. Емнің басты мақсаты – диатездің асқынуына жол бермеу.

Аллерголог дәрігер балада аллергия тудыруы мүмкін заттардан оны сақтау керектігін түсіндіреді. Үйді артық заттардан тазартып, күн сайын ылғал шүберекпен сүртіп, кітаптар мен киімді жабық шкафтарда сақтау, үйді үнемі желдетіп тұру керек. Сондай-ақ, үй өсімдіктерін, жануарлар мен балық ұстауға болмайды, бұларды тазалағанда көгертетін саңырауқұлақтардың өсуін тоқтататын ерітінділер қолдану, бала жастанатын жастықты жыл сайын ауыстыру қажет.

Диатезбен ауыратын баланың емін тек дәрігер ғана жүргізе алады. Тері күтіміне үлкен мән беріледі: баланы күн сайын хлордан ажыратылған суға (суды бұлауда 1-2 сағат тұндырып, үстіне ыстық су құяды) шомылдыру керек. Диатез көбіне тұқым қуалайды, алайда дәрігердің барлық ұсыныстарын орындау арқылы аллергияға төтеп беруге әбден болады.

Безеу. 14-15 жаста көп оқушыда безеу пайда болады. Бұл – жыныстық жетілудің уақытша қосымша әсері. Май бездерінің шығаратын өзегі бітеледі де, оған ауру тудыратын микробтар түсіп, қабынады. Айналасындағы тері тығыздалып қыздырады да кішкентай түйін пайда болады, ол жиі іріңдейді. Кейде оның көлемі ұлғаяды, ал оны сығып тастаған жағдайда,  орнында шешек ізіндей дақ қалады. Безеу бетті, кеудені, арқаның жоғары бөлігін зақымдайды. Олар уақытша пайда болып, бірақ терінің көп бөлігіне жайылып ауыруы да мумкін. Безеудің алдын алу үшін теріні таза ұстап, май бездерінің өзегі бітеліп қалмауы үшін бетті үнемі сабынмен жуу керек. Ыстық және суық сумен алма- кезек жуыну жақсы көмектеседі Өте ащы, дәмдеуіштер (бұрыш , қалампыр, т.б.) қосылған тамақты жеуден, кофе, какао, қою шай ішуден бас тартыңдар.  Ең бастысы – бір қалыпты ұйықтау, серуендеу, спортпен шұғылдану, дене шынықтыру. Осылардың бәрі мүмкіндігінше асқазан жұмысын жақсартып, безеулердің алдын алады.  Таңертең аш қарынға бір стақан су ішкен дұрыс.  Безеуді өзіңіз шұқылап, түртіп жүрмеңіз: инфекция енгізіп алуыңыз мүмкін. Асқынған жағдайда дерматолог дәрігерге көріну қажет

Күбіртке. Күбіртке жиі кездесетін іріңді ауру. Кейбіреулер қолдағы кіші-гірім жараларға уақытында мән бермейді. Теріге түрлі себептермен түскен жарақаттарға микробтар үйір келеді. Микробтар жарылған, қажалған орынға түсіп көбейеді, тез уын жаяды. Сөйтіп тканьдарды қабындырады, іріңді жараға айналдырады. Қазақ күбіртке деп тек тырнақ түбінің ісін, іріңдегенін айтады. Ал ғылымда күбіртке (панариций) деп саусақ тканінің іріңді жарасын айтады. Сондықтан жараны шыққан орнына қарай тері, теріасты, сіңір, сүйек және буын күбірткесі деп айырады.Қолына күбіртке түскен адамның алдымен дәрігерге көрінгені жөн. Дәрігердің кеңесі бойынша марганцовканың 1-2 түйірін қосқан ыстықтау суда саусақты күніге 4-6 рет ұстап күбірткенің тез пісіп жарылуына көмектеседі, қолдың солқылдап ауырғанын да басады. Бұдан басқа емді дәрігер, кейде оның ұйғаруымен адамның өзі де жасауы мүмкін.

Ұшық. Ұшық, герпес – адам терісі мен шырышты қабықшаларына тұтасқан көпіршіктердің шығуынан болатын вирусты ауру. Инфекция көзі – ауырған немесе вирус таратушы адам. Ұшық көп жағдайда жылдың салқын мезгілдерінде шығады. Себебі, бұл кезде организмнің ауруға қарсыласу қабілеті нашарлап, гиповитаминоз дамығанда; әр түрлі жұқпалы аурулармен ауырғанда, кейде жаздың ыстық мезгілінде күн көзіне көп қыздырынғанда да шығады. Ұшықтың 2 түрі бар; Олар жай ұшық және белдеме ұшық.   

Тері арқылы денеге өткен бактериялар, микробтар адамды неше түрлі індетке тап қылады. Ағзада зат алмасудың бұзылуы салдарынан болатын тері аурулары көп. Мәселен, қант диабеті кезінде көмірсу алмасу бұзылады. Азаматтар өзінің денсаулығына бей-жей қарамастан уақытылы дәрігерге көрініп, қажетті ем-домдарды дер кезінде алып отыруы керек.

Гүлжан ЖҰМАҒҰЛОВА,

аудандық аурухананың дерматолог дәрігері.