Нашақорлық – ғасыр індеті

Жұма, 05 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 100 рет

                               

Біздің ғасырымыздың басты дерті – нашақорлық.      Біреулер есірткі таратып, байлыққа кенеліп, белшесінен батып жүр, ал, қаншама жан бұдан бақытсыздыққа ұшырап, өлім құшуда. Ел ішінде нашақорлар саны жыл сайын артуда. Біз болсақ көрмеген, білмеген кейіп танытамыз. Өз басымызда болмаған соң, өзгенің проблемасына жүрегімізді де, жанымызды да ауыртқымыз келмейді. «Не істеу керек? Жастарды оның құрығынан қалай құтқарамыз ?» деген сауалдар әрине адам жанын мазалайды.

 Жастар психологиясына жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, олардың орта іздейтіндігі, ортасы жоқ жасөспірім жапанда жалғыз қалғандай сезінетіндігі дәлелденген. Ал, ортада қай бала жан-жақты, пысық, соңынан өзгелерді ерте алатындай қабілеті болса, соған ұқсағысы келіп ұмтылады. Ол жақсы бала ма, жаман бала ма, есеп беріп жатпайды, әйтеуір айналасындағылардың түрткісін оятады, ол түрткі немен аяқталады, бұл жеткіншектің табиғатына байланысты болады. 

  Бүгінгі күні жастарды қызықтыратын орта аз,  қала баласы түнгі клуб, би алаңдарын ермек етсе, ауыл баласына барар жер жоқ. Көше тоздырып,  арақ-шарап ішуге әуестену ара-тұра кездесіп жатыр. Нашақорлар неге көбейіп кетті дейсіз? Оның себебі,   ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлінбеуінде. Жасыратыны жоқ, көптеген ата-ана перзентімен тек қана материалдық тұрғыда ғана әңгімелесумен шектеледі,  қарның тоқ па, көйлегің көк пе дегендей. Онымен әңгімелесуге, не толғандырып жүргенін, ортасы қандай, достары кім екенін білуге, бос уақытын қайда, қалай, кіммен өткізетіндігін білуге, сырласуға уақыт таппаймыз. Көбіне ауқатты отбасының балалары қарны тоқтықтан, істейтін іс жоқ болғандықтан нашақорлыққа,  есірткі сатушыларға қосылғанын байқамайды да.

  Осы орайда  «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген Ұлы Абайдың орынды тауып айтқан өлең шумағы есіңізге түседі. Жас кезінде адам қызыққыш келетіндіктен қызық көріп, біреулері есірткі дәмін татып көруден бастап, бірі өзгенің мәжбүрлеуімен нашақор болып кеткендер бар. Есірткіні таратушылар қызық көріп жүрген жастарды «Инемен салмасаң болды, нашақор емессің, ал, біз иіскейміз, одан нашақор болмаймыз», – деп алдауы да мүмкін. Шындығында, жас ағза есірткінің дәмін бір рет татқан соң тәуелді болып шыға келеді. Біз жасөспірім тәрбиесін мектепке қарай ысырып қойғанбыз, содан кейін сол мектепті кінәлаймыз. Бұл – үлкен қателік! Қайта мектептің және мұғалімнің беделін, мәртебесін көтеруге ықпал етуіміз керек. Тәрбие мәселесі – ең маңызды мәселе. Алайда, өзара ұғыну психологиясы ескерілуден қалып бара жатқаны, кей  отбасында  ата-ана мен бала бір-біріне суық тартып,  рухани адамгершілік тұрғысында дағдарыс қалыптасып келе жатқаны да рас. Бірақ, бұл дағдарысты көпшілік сезіне бермейді, өйткені, әркім өз кемшілігін өзі көре алмайды, түзей алмайды. Отбасындағы дағдарыс қоғамдық деңгейге қалықтап шықты, осыдан келіп арамызда нашақорлар мен араққұмарлар саны арта түсті. Біз де,  «бала ертең-ақ өседі, ненің жақсы, ненің жаман екенін өсе келе өзі де біліп алады» деген қате ұғым бар.

 Психолог-дәрігерлер отбасында бала ішімдік, темекі, есірткі сияқты естен айыратын әзәзіл туралы ерте бастан естігені дұрыс екендігін, бала жаман әдет  туралы ерте білсе, соғұрлым тез жиренетіндігін, одан бойын аулақ ұстайтындығын ескертеді.

           Қазір психоактивтік заттардың зияндығына қарамастан оны қолданатын адамдардың саны күннен күнге артуда. Жасөспірімдер нашақорлығының әлеуеттік келешегін мамандар былай болжамдайды:

        – 12-18 жастағы нашақорлар – бұл ар-ождан принциптері бұзылған,  адамгершілік қасиеттері төмен денгейдегі адамдар. Сонымен  қатар,  есірткі қолдану балаларды жиі қылмысқа итермелейді. Сөйтіп, 10-20 жылдан кейін жасөспірім нашақорлық әлеуметтік қауіп тобын құрайды.

       – нашақор балалардың көпшілігі өліп кетеді  немесе дені сау келешек ұрпақ өсіре алмайды, яғни СПИД, вирусты гепатит, ақыл-ойдың дұрыс болмауы және т.б. аурулар біздің қоғамның дамуына көп қауіп төндіреді.

       Мұндай жағдай қоғамның экономикалық және саяси ахуалына өз әсерін тигізеді, білім және маман әлеуетінің (потенциалын) төмендеуі, жұмыс күшінің азаюы мен есірткі бизнесінің шарықтауы экономикалық дағдарысты одан әрі өсіреді де, нәтижесінде тұрақтылық  бұзылады. Сонымен қатар, есірткі тек оны қолданатын адамға ғана зиянын тигізіп қоймайды, оның жақындарына, туыстарына және жалпы қоғамдағы адамдарға көп қиындықтар туғызады: бір нашақор 10 адамның өмірін  бұзады. Соңғы  жылдары  елімізде есірткінің заңсыз айналымы проблемасы жалпы ұлттық сипатқа ие болуда. Есірткі заттарының аса қымбат еместігі, оларға іс жүзінде еш  кедергісіз қол жеткізудің мүмкіндігі  нашақорлар қатарының кемімей,  қайта керісінше үнемі артып отыруына алып келді.

       Осыған байланысты, қоғамдық – қасіреттің алдын алу мақсатында жергілікті жерлерде оқушылар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, жастарды спортқа, басқа да мәдени ұйымдарға тарта отырып, олардың бос уақыттарын кіммен қалай өткізетіндігіне аса көңіл бөлінсе дегім келеді.         

Салтанат Унгарова,

«Жастар ресурстық орталығының» әлеуметтік психологиялық

сүйемелдеу қызметі секторының психологы.