КӨКАЛА КЕНЕДЕН КЕЛЕТІН КЕСЕЛ

Жұма, 26 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 114 рет

 

           Буынаяқты жәндіктерге жататын кенелер арқылы тарайтын жұқпалы аурулар қоздырғыштарының түрі қазіргі кезеңде 400-ден асады. Олардың ішінде біздің өңірде жиі кездесетіні кене энцефалиті мен көкала аурулары. Энцефалитті тарататын кене түрлері таулы, орманды жерлерде тіршілік етсе, көкаланы тарататын кенелер тобы далалы, шөлді, шөлейт жерлерде жиі кездеседі.

         Көкала ауруының еліміздегі ғылыми аты- Қырым қанды қызбасы. Баяғы Кеңес Одағы кезінде алғашқы рет бұл аурудың қырықыншы жылдары Қырымда табылуы мен аурудың негізгі белгілері дене қызуының көтерілуі мен дененің қанталауы және қан ағуына байланысты Қырым қанды қызбасы деп атаған. Ал, әлемдік аты «Ку лихорадкасы» деп аталуы да Африка құрылығында алғашқы кездескен жер аты мен дене қызбасының болуына байланысты берілген.

         Қазақстанда бұл ауру көбінесе Көкала деп аталуы да аурудың басты белгісі дененің қанталауы, дененің көгеруіне байланысты болған. Тіпті, ежелгі қазақ қарғауларында кездесетін «Өй, көкала келгір!» деп атауы, ауруды өліммен теңегендігі, аурудың өте ауыр болатындығын және оның өте ертеден белгілі екендігін байқатады. Шынында, көкала аса қауіпті, өлім-жітімі жиі болатын аса қатерлі ауруға жатады. Көкала ауруының қоздырғышы – өте ұсақ вирустар. Оларды буынаяқты жәндіктер – кенелер тарататын болғандықтан, арбовирустар (арбо-буынаяқтылар) деп атайды. Арбовирустарды тарататын негізгі буынаяқтылар қансорғыш кенелер. Олар ауру малдардың қанын сору арқылы өздерінде жинақталған вирустарды ұзақ уақыт сақтауға қабілетті. Үй жануарлары мен жабайы аңдар да ауру жеңіл өтуіне байқалмайды. Бірақ оларда ауру қоздырғыштары жылдап сақталып, қан арқылы жұқтырып отырады.

       Қазақстанның оңтүстік аймақтарында көкала ауруын таратушы жайылым кенелердің өсіп-дамуына қолайлы табиғи жағдайлар бар. Осыған байланысты көкала ауруының табиғи ошағына Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Атырау және Алматы облыстары жатады. Аурудың табиғи ошағында ауру ғасырлап сақталып келген. Себебі, құрғақшылық және өте ыстық климат ауру таратушы кенелердің өсіп-өнуіне қолайлы. Жайылым кенелерінің ішінде негізгі таратушы болып табылатын кененің Гиалема деген түрі осы аталған аймақтарда кең тараған.

       Аурудың таралуына кенеден басқа, ауру адамдар аса қауіпті. Кене сілекейі арқылы адамға жұққан арбовирустар қанда өте тез көбейеді. Қан жасушаларына жататын лейкоциттері мен тромбоциттерінің саны күрт төмендеп азаюына байланысты адам ағзасының ауруға төзімділігі жойылуы және қан тамырларының жарақаттануынан қанталау мен қан ағу белгілері байқалады. Ауырған адамның дене қызуы көтеріліп, тері асты көгеріп, ауыздан, мұрыннан, жатырдан т.б жерлерінен қан ағу белгілері байқалады. Осы аққан қандағы көкала қоздырғыштары аса қауіпті, адамға тері арқылы жылдам жұғады. Ауырған адамдармен байланысқан, одан аққан қанды қолына, т.б терісіне тигізіп жұқтырғандарда көкаланың жіті түрі байқалып, жылдам өлім-жітімге алып келеді. Қайғылы жағдайларда көкала қоздырғышын кенеден жұқтырғаны алғашқы ауырған адам, қалғандарына ауру адамдардың қаны арқылы тарайды. Дәрігерлік дәлелдемелерде ауру адамнан аққан қанның кебуі кезінде буланған қан сұйығы арқылы арбовирустар ауа арқылы жұғатыны да дәлелденген. Көкала ауруының белгілері кене шаққаннан кейін 3-5 күнде біліне бастайды. Ауру адам дел-сал болып, басы ауырады, денесінің қызуы көтеріліп, 39-40 градусқа дейін жетіп, лоқсып құсқысы келеді, іші өтеді, денесінде көгерген, қанталаған көріністер байқалып, бауыры мен көк бауыры ісініп, мұрнынан, тістерінен қан ағады, үлкен дәретінде, зәрінде, құсығында қан қалдықтары байқалады, жүрек соғуы жиіленіп, қан қысымы төмендеп, көп жағдайда ауру қайтыс болады. Аурудың емі тек ауруханаларда жүргізіледі. Дәрігерлер қан тоқтататын, қан қысымын қалпына келтіретін, жүректің жұмысын жақсартатын жан-жақты толық қамтитын емдеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл жерде бір айтатын нәрсе адамды жылдам сауықтыратын арнайы емдеу жолдары жоқшылық.

         Аурудан негізгі сақтану жолдары:

         - кенеге қарсы күрес жұмыстарын жандандыру;

         - кене шағуынан сақ болу;

         - мал ұстайтын орындардың үйден алшақтау болуын қадағалау;

         - адам тұратын, жататын жерлерде кенені болдырмау.

       Ауру ауырған адамнан жылдам жұғатынын ескеру қажет. Ауырған адаммен жанасқан туыстары, медицина қызметкерлері теріге қанды дарытпау шараларын қатаң есте ұстауы тиіс. Қолдарына резеңке қолғап киіп жүру, ауру адамды жеке бөлмеде жатқызу міндетті шарт, ауру қоздырғышын құртатын хлорамин дезинфекция заттарымен үнемі бөлмені, аяқ киімді, қолғапты т.б жанасқан заттарды тазалап құрту қажет, аурумен жанасқандардың тізімдері алынып, олар қатаң бақылауда болуы керек.

         Қырым қанды қызбасы иксодты кенелердің шағуы арқылы берілетін адамдардың аса қауіпті вирусты ауруы, бұл ауру көктемде кенелер жаппай шыққан кезде ауыл шаруашылық жануарлары тек ауруды тасымалдаушы ғана болады, ауыл шаруашылық жануарлары аталған аурумен ауырмайды, тек адамдармен жанасқанда ауруды таситын кенелер болған жағдайда денеге жабысып барып шағуы мүмкін.

         Сол себепті мал қораларын, малдардың көп шоғырланатын жерлерін кенеге қарсы дезинфекция, дезинсекция жұмыстарын жүргізіп, ірі қара және уақ малдарды кенелерге қарсы жылына екі рет шомылдырып, тоғытып отыру қажет.

         Көп адамдар көкала ауруының табиғи ошағы бар екенін, оның жаз айларында жиі кездесетінін, аурудың тарау жолдары мен одан сақтану шараларын білмегендіктен ауырады. Көкаланың аса жұқпалы екендігін, ауруды қалай күту керектігінен хабарсыз болады. Сондықтан адамдар арасында санитариялық ағарту және үгіт-насихат жұмыстарын жандандырып, кеңінен жүргізілуі көкаланы болдырмау шараларының басты кепілі болып саналатынын естен шығармауымыз керек.    

Е.САДЫҚОВ,

Аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы.