Басты мақсат – адам денсаулығын сақтау

Сейсенбі, 24 Қырқүйек 2019 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 283 рет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында барлық салалар толық қамтылған. Әрбір сала бойынша істелетін істер мен ауқымды міндет айқын белгіленген. Әсіресе, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне мемлекет басшысы арнайы тоқталды. Бұл жерде халықтың денсаулығына байланысты, әсіресе, ана мен сәби өліміне қатысты көрсеткіштердің өңірлік теңгерімсіздігі айқын көрінетіндігін, дегенмен, бұл көрсеткіштердің төмендеп келетіндігін, бірақ, дамыған елдердің деңгейінен айтарлықтай көп екендігін тілге тиек етіп, денсаулық сақтау мекемелерінің жұмыс сапасын барынша арттыру керектігін қадап айтты.
Осы жауапкершілікті терең түсінген Қазығұрт ауылындағы «Омедин» медициналық орталығының ұжымы Президент Жолдауына қолдау білдіре отырып, халықтың денсаулығын нығайтуға бар күш-жігерін жұмылдыра түсуде.
Кезінде осы медициналық орталықтың жұмысы жөнінде екі жыл бұрын жазған болатынбыз. Бүгінгі таңда бұл орталық өз жұмысын қалыптастырып, аудан тұрғындарына медициналық қызметті сапалы көрсетіп, жақсы қырынан танылып келеді екен. Медициналық орталық замандауи құралдармен толық жабдықталған. Атап айтқанда, УЗИ, ЭКГ, УФО, электрофарез, парафинмен емдеу бәрі де бар, жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, орталықта өз мамандығын жан-жақты меңгерген білікті дәрігерлермен бірге медбикелер жұмыс істеуде. Неврология, терапия, кардиолог, педиатр, гинеколог, уролог, окулист, логапед мамандықтары бойынша білікті дәрігерлер халыққа қызмет көрсетуде екен. Бүгінгі таңға орталыққа екі мың емделуші тіркеліпті. Мұнда медициналық көмек беру, кеңес алу, егілетін дәрі, нәрестелерге массаж, анықтама, жолдама беру, медициналық тексеруден өту бәрі тегін. Дәріхана орталық ішіне орналасқан. Емделушілер өздеріне тиесілі дәрілерін де осы дәріханада тегін алады.
Орталық директоры Ержан Отарбаев аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетудің түрлі жолдары мен тәсілдерін қарастырып, бұл бағытта да жүйелі жұмысымен көзге түсуде. Соның жарқын бір дәлелі үстіміздегі жылдың қыркүйек айының 15-жұлдызы мен қараша айының 15-жұлдызы аралығында емделушілер үшін тіркеу маусымын жариялап отыр. Ол үшін медициналық орталықта барлық жағдай жасалуда. Тіркелетін емделушілер үшін мұнда кезек күтіп отырмайды, тіпті, сенбі, жексенбі күндері де орталық мамандары жұмыс істейді.
Мұнда біліктілігімен емделушілердің алғысын алып жүрген дәрігерлер де бар. Мәселен, педиатор Элеор Ахметов, Айбиба Бахадур, хирург-эксперт Құралбек Бердіқұловты айтуға болады.
Бір сөзбен айтқанда, «Омедин» медициналық орталығы халыққа дәрігерлік көмек көрсетудің сапасы мен қол жетімділігін қамтамасыз етуде жақсы жағынан көрініп келе жатқан бірден-бір орталық екендігіне көз жеткізгендей болдық.

Ж.МАХАНҰЛЫ,
Қазығұрт ауылы.