Басты байлық – халық денсаулығы

Сейсенбі, 05 Қараша 2019 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 38 рет

Жолдау аясында

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған дәстүрлі Жолдауында медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды.

Бұл жерде халықтың денсаулығына байланысты, әсіресе, ана мен сәби өліміне қатысты көрсеткіштердің өңірлік теңгерімсіздігі айқын көрінеді. Осы көрсеткіш төмендеп келеді дегенмен, әлі де жоғары, сондай-ақ, дамыған елдердің деңгейінен айтарлықтай көп.

        Үкімет әр өңір бойынша медицинадағы нақты дерттер топтамасы жөнінде

басымдықтар тізімін жасап, соның негізінде бюджеттен қаржы бөлу қажет. 2020-жылғы 1-қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі іске қосылады. Әрқайсыңызға мына нәрсені айтқым келеді: Мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан астам теңге бөлінеді, – деп Мемлекет басшысы Жолдауда атап айтты.

Мұндағы мақсат – қоғамның басты байлығы – адам және оның денсаулығы. Сол үшін жылдан-жылға медицина саласына баса көңіл бөлініп келеді. Өйткені, халықтың денсаулығы – баға жетпес байлық, мемлекеттің қымбат қазынасы. Денсаулығы мықты адам ғана қоғамға лайықты қызмет етеді, ел экономикасын дамытуға өз үлесін қосады.

Мемлекеттің 2005-жылдан бастап денсаулық сақтау саласын реформалау жөніндегі бағдарламалар қабылданған болатын. Бұл бағдарламалар медицина қызметкерлерінің алдына көптеген міндеттер жүктеген. Осының арқасында қазіргі таңда медицина саласында бұрын-соңды болмаған жетістіктер мен өзгерістерге қол жеткізілді.

Медицина саласындағы ең күрделі саланың бірі – өкпе құрты кеселі болып табылады. Осыдан 10 жыл бұрын аудан халқының арасында туберкулез ауруының көрсеткіші жүз мыңға шаққанда 83 пайыз болған болса, 2018-жылдың соңында бұл көрсеткіш 42 пайызға төмендеді.

Мұны мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың нәтижесі деп білемін. Бір ғана мысал, соңғы жылдары аудан әкімі тарапынан туберкулез ауруына шалдыққан науқастарға әлеуметтік көмек беруге ұдайы көңіл бөлініп отыр. Нақтылап айтқанда, ай сайын туберкулез ауруына шалдығып, ем қабылдап жатқан науқастарға 2018-жылдан бастап 6 миллион 100 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп тұрса, үстіміздегі жылдың өткен 9 айында 64 науқасқа 4 миллионнан астам қаржы бөлінді.

Өкпе құрты – негізінен әлеуметтік аурулар қатарына жатады. Сондықтан, соңғы кездері аудан көлемінде атқарылып жатқан игілікті істер, ауылдарды абаттандыру, елдімекендерді көгалдандыру, табиғи газ, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету секілді жұмыстар да науқастардың денсаулығының түзелуіне оң әсері бар.

Кейбір науқастар басқа аудандарда тұрып жатса да, Қазығұрт ауданына келіп ем қабылдағысы келетінін білдірген өтініштер көбейе түсуде. Бұл дегеніміз, аудан басшыларының медицина саласына оң қабақ танытып, жан-жақты қамқорлық жасауының нәтижесі. Оның үстіне аудан халқының да әлеуметтік жағдайының жарқын көрінісін білдірсе керек.

А.ЕРЖАНОВ,

Қазығұрт аудандық туберкулез диспансерінің меңгерушісі.