Құтыру ауыруының алдын алайық!

Сейсенбі, 28 Қаңтар 2020 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 525 рет

Өзекті мәселе

 

Жуырда аудан әкімдігінде «Қазығұрт ауданындағы аурушаңдық деңгейі бойынша санитариялық эпидемиологиялық ақуал туралы» аудан деңгейінде халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі өтті. Аталған кеңесті аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселе жайлы тоқталып өтті. Аталмыш жиынға аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасымен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы К.Усипбекова, аудандық орталық аурухананың эпдемиолог дәрігерлері, аудандық ішкі саясат бөлімінің, аудандық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының, аумақтық инспекция және ветеринария бөлімінің мамандары мен ауыл округінің әкімдері қатысты.

Алғаш болып сөз алған Қазығұрт аудандық Тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасымен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы К.Усипбекова: «Аудандағы аса қауіпті құтыру ауруынан аудандағы қолайсыз ахуал жалғасып келеді. 2019- жылдың 12 айында ит тістеуінен зардап шегіп, медициналық көмек алған адамдар саны 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш-697,1 құрап отыр, былтырғы жылмен салыстырғандағы 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш -648,9 болған. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 60 жағдайға көбейіп отыр. Ветеринария бөлімі 2019-жылға 4342 бас қаңғыбас ит мысықтарды аулап, жою бойынша жоспар түзіліп, 2019-жылдың мәліметі бойынша 4342 бас қанғыбас иттер мен мысықтар ауланып жойылса да жануарлардан жарақат алғандар саны азаймауда. Өткен жылмен салыстырғанда иттен немесе басқа да жануарлардан жарақат алғандар саны кейбір ауыл округтерде төмендеген, бұл дегеніміз тұрғындардың жануарлардан жарақат алудан кейін медициналық көмекке жүгіну жағдайына немқұрайлы қарайтындығын немесе мүлдем хабарсыздығын көрсетеді. Жануарлардың тістеуінен жарақат алғандардың басым бөлігі (77%) белгілі иттер, яғни ит иелері өз жануарларын күтіп ұстау ережелерін сақтамағандықтан болып отырғандығын көрсетеді. Иттерді ұстап байлау, серуендету жағдайларына қойылатын талаптарды сақтамау жағдайларын бұзғаны бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабына сәйкес, аудандық ішкі істер бөлімі немесе ауылдық әкімдік өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартып, тұрғындарға жауапкершілік артудың маңызы зор.Сонымен қатар адамдар мен жануарлар үшін ортақ құтыру, күйдіргі, бруцеллез және тағы басқа зооантропоноздық аурулардың алдын алу мақсатында тұрғындардың өз бетінше өлген ауыл шаруашылық жануарларын сою, белгісіз жерге өткізу немесе ауыл сыртына қоқыс алаңшаларына ветеринариялық қызмет мамандарына хабарламай шығарып тастау жағдайларына тосқауыл қойылуы қажет. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда ҚР АШМ 10.07.2002 жылғы №339 Ветеринария туралы заңының 25-бабын және ҚР ӘҚБтК 406-бабына сәйкес мал иелері немесе басқада заң бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз» – деді.

Кеңесті қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов жауапты саланың мамандарына тапсырмалар беріп, алдағы уақытта құтыру ауруының алдын алу жөніндегі ескертпе қағазын үйме-үй таратылуын қадағалауды аудандық ішкі саясат пен білім бөліміне жүктеді.

Мамандар биылғы қыс айының жылы болуына байланысты ауру ошағының көбейіп тұрғанын алға тартып, жабайы аң-құстардың, қараусыз иттердің көзін жоюға қаражы қарастыру керектігін айтты.

Ал, тұрғындарға айтарымыз ит қапқан жағдайда, өзге де ауру белгілері біліне бастаса үй жағдайында ем алмастан шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну керектігін естеріңізге саламыз.

Ғазиза ТІЛЕУБЕРГЕНҚЫЗЫ.