ТҮРКІСТАНДА АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕККЕ 22,8 МЛРД. ТЕҢГЕ ТӨЛЕНДІ

Жұма, 26 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 91 рет

Бүгінде ауылдық медицинаны дамыту жақсы жолға қойылды. Өйткені, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде ауыл тұрғындары үшін медициналық көмекті қаржыландырудың көлемі артты. Ауыл медицинасының жай-күй жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директоры Асхат Бейсенбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Ауыл медицинасының бүгінгі жай-күйін білгіміз келеді. Қаншалықты жақсарып келеді?
– ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде денсаулықты нығайту, алдын алу, емдеу және оңалту бойынша қызметтер денсаулық сақтаудың барлық деңгейлерінде ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болуы тиіс екендігі атап өтілген.
Президент Жолдауында негізгі басымдықтардың бірі – медициналық көмекті қолжетімді ету. Осы ретте, медициналық ұйымдардың көрсететін қызметін жандандыру шаралары жүзеге асырылып жатыр.
Жалпы, шалғай ауылдарда тұратын тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуді және арттыруды жергілікті атқарушы органдар, денсаулық сақтау басқармалары жүзеге асырады.
Ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау үшін медициналық көмектің көлемін жоспарлау кезінде орналасу аймағы, халықтың тығыздығы, демографиялық көрсеткіштері, жыныстық, жастық құрамының ерекшеліктері және медициналық көмектің қолжетімділігіне әсер ететін өзге де өлшем шарттар ескеріледі.
Бүгінде облыс бойынша ауыл тұрғындарына стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған көмекті 30 медициналық ұйым көрсетеді.
Ал, консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін 44 медициналық ұйым бар. Оның ішінде, ауылдық денсаулық сақтау деңгейінде 30 мекеме қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.
– Ауыл тұрғындарына стационарлық көмек көрсету көлемі қаншалықты артып келеді?
Биыл қор филиалы ауыл халқына стационарлық көмек көрсету қызметтерін көрсететін мекемелермен 26,8 млрд теңгеге шарт жасады. Тарқатып айтар болсақ, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша 10,2 млрд теңге, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне 16,6 млрд теңге қаралған. Яғни, медициналық сақтандыру жүйесінің нәтижесінде ауылдық медицинаны қаржыландырудың көлемі артты.
Сонымен, ағымдағы жылдың 10 айында ауылдағы пациенттер ТМККК бойынша 8,5 млрд теңгеге емделді. Ал, МӘМС бойынша стационарлық деңгейде 14 млрд теңгеге 110 мың пациент емделді. Айта кетерлігі, республика бойынша өңір тұрғындары МӘМС жүйесінде ең көп көмек алған.
Жылжымалы медицина қаншалықты тиімді қызмет атқарып келеді?
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауында шалғайдағы
ауылдық пункттер үшін көлік медицинасын дамыту бойынша шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Өйткені, ауылдарда тұратын тұрғындарға қажетті жабдықтар, бейінді мамандар жоқтың қасы. 
Бүгінде ауыл тұрғындарына 14 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетеді.
Жылжымалы медициналық кешендер қажетті медициналық жабдықтармен жабдықталған. Аудандық ауруханалардың ұйымдастыруымен ауылдық округтердегі тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Жылжымалы медициналық кешендер динамикалық бақылау және сауықтырумен профилактикалық медициналық тексерулер жүргізеді. Сондай-ақ, кешен арқылы көбінде тұрғындар медициналық кеңеске, зертханалық зерттеулер, ЭКГ, ультрадыбыстық зерттеу, рентген қызметтеріне жүгінген.
Жалпы, қор филиалымен ТМККК бойынша жылжымалы медициналық кешендерге қызмет көрсету мақсатында 79,9 млн теңгеге, МӘМС жүйесінде 383 млн теңгеге шарт жасалған.
Оның ішінде, ауыл тұрғындарына 175 млн теңге көлемінде 89 204 қызмет көрсетілді. Жылжымалы медициналық кешен қызметін Жетісай, Қазығұрт, Мырзакент, Ордабасы, Сарыағаш, Созақ, Төлеби, Түлкібас, Бәйдібек, Шардара аудандарында көрсетті.
Медициналық көмекті алу бойынша сұрақтар туындаса, Қорға 1406 байланыс орталығы, «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы, www.fms.kz сайты, Telegram-дағы Saqtandyry-bot арқылы қалдыруларыңызға болады.

Сұхбаттасқан:
Райхан ӘШІРБАЕВА.