ҚОР СКРИНИНГТЕРГЕ ҚОМАҚТЫ ҚАРЖЫ ҚАРАСТЫРДЫ

Сәрсенбі, 30 Наурыз 2022 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 180 рет

213

ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 87-бабына сәйкес, жұмыс берушілер жұмысшыларының скринингтерден өту үшін жұмыс уақыты кезеңінде лауазымын және орташа жалақысын сақтай отырып, кедергісіз жіберуі керек. Биыл қордан медициналық ұйымдардың ересек тұрғындарға скринингтік зерттеулер мен профилактикалық тексерулерді жүргізуіне шамамен 23,7 млрд теңге қарастырылған.

Профилактикалық тексерулердің арқасында қатерлі ауруларды ерте кезеңде анықтап, уақтылы емдеуді бастауға болады. Ол үшін тұрғындар бекітілген емханасында учаскелік мейірбикенің шақыруы бойынша скринингтен уақтылы өткені жөн.

Сонымен скринингтік зерттеулердің түрлері және нысаналы топтарға тоқталса,

  • 30-39 жас аралығындағы әйелдер мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтау үшін скринингтен өтеді. Темекіні пайдалануға, дұрыс тамақтанбауға, дене белсенділігінің төмен болуына немесе алкогольді шамадан тыс тұтынуға байланысты пациентке салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтану жөнінде кеңестер беріледі. Скрининг жүргізу кезінде пациенттің денсаулығы тексеріледі. Созылмалы аурулар немесе олардың даму қаупі анықталған жағдайда пациентті дәрігерлердің қадағалауына қояды, қажетті емдеу-диагностикалық іс-шаралар жүргізіледі.
  • 40-тан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін және глаукоманы ерте анықтауға арналған скринингтен өтеді. Қан қысымының, холестериннің, қан глюкозасының деңгейі және дене салмағының индексі анықталады. Скрининг осы аурулардың дамуын болдырмауға және қауіп тобындағы пациенттерді бақылауға жүргізіледі, қажет болған жағдайда – есепке алуға және емдеу мен дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
  • 30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер жатыр мойны обырын ерте анықтауға тексеруден өтеді, оның ішінде ПАП-тест немесе тереңдетілген диагностика – (бейне) кольпоскопия, биопсия және гистология, бейінді мамандардың консультациясын алады.
  • Әйелдер 40 жастан 70 жасқа дейін сүт безі обырын ерте анықтау үшін тексеруден өтеді – екі проекциядағы маммография. Қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика – нысаналы маммография, сүт бездерінің УДЗ-і, трепанобиопсия, пункциялық немесе аспирациялық биопсия, гистология, бейінді мамандардың консультациясы.
  • 50-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер гемокульт-тест көмегімен колоректальды обырды ерте анықтауға тексеруден өтеді. Қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика – жаппай бейне колоноскопия, оның ішінде наркозбен, эндоскопиялық шертпелі биопсия, гистология, мамандардың консультациясы жүргізіледі.

Егер науқаста скринингтен өтуге қатысты қосымша сұрақтар туындаса, онда учаскелік дәрігерге немесе емханадағы Пациенттерді қолдау қызметінен нақтылауға болады.

Егер мәселе нақты шешілмесе, қордың fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot арналары арқылы өтініш қалдыруға болады.

Н.АЙТЫМБЕТОВА,

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директорының орынбасары.