КҮЙЗЕЛІС ПЕН ҮРЕЙДІ ҚАЛАЙ ЖЕҢУГЕ БОЛАДЫ?

Жұма, 15 Сәуір 2022 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 127 рет

Жақсы ой, күлкі, салауатты өмір салты – күйзеліс пен үрейдің тиімді профилактикасы.
Күйзелісті жеңудің дұрыс немесе бұрыс әдістері болмайтындықтан оны әр адам әртүрлі әдістермен жеңеді.
Жақсы ойлауға тырысыңыз. Жағымды ойларға және естеліктерге көбірек назар аударған маңызды.
Көңіліңізді басқа нәрселерге аударыңыз. Жағымсыз ойлардан аулақ болып, көңілді қуанышты оқиғаларға, естеліктерге аударған абзал.
Өзіңізді ненің қуанта алатыныңызды байқаңыз. Теріс эмоциялардан арылыңыз. Жағымсыз эмоциялар күйзелісті күшейтіп, депрессияға әкелуі мүмкін. Сондықтан оларды сыртқа шығару қажет. Егер сізді немесе отбасыңыздың мүшелерін БАҚ арқылы берілетін репортаждар қатты үрейлендіретін болса, оларды көруге немесе тыңдауға аз ғана уақыт бөлген дұрыс.
Ақпарат алуға тырысыңыз. Қауіп-қатерлерді жақсырақ анықтауға және дұрыс сақтық шараларын қабылдауға көмектесетін ақпарат алыңыз. Расталған және сенімді ақпарат көздерін пайдаланыңыз.
Салауатты өмір салтын ұстаныңыз. 
Өз эмоцияларыңызды басу үшін темекі шекпеңіз және ішімдік ішпеңіз. Егер олардан арыла алмасаңыз, медициналық немесе психологиялық көмекке жүгініңіз. Қай жерге және қалай көмекке жүгінетініңіз туралы жоспарды алдын ала дайындаңыз.
Көбірек күліңіз. Күлу – бұл күйзелістің маңызды профилактикасы.
Жайбарақаттануға тырысыңыз. 
Мұндай әдістің пайдасы зор. Барлық дәрігерлер мен психологтар күйзелістің алдын алу үшін күн сайын 10-30 минут ішінде аутогенді жаттығулар жасауға кеңес береді.
Ванна қабылдаңыз. Бұл жайбарақаттану үшін керемет әдіс болып табылады. Ванна қабылдау үшін әсіресе эфирлі майларды қолданған өте пайдалы.
Сүйікті ісіңізбен айналысыңыз. 
Жақсы көретін хобби – бұл күйзелістің жақсы профилактикасы. Сондықтан, өзіңізден «не істегенді жақсы көремін?» деп сұраңыз. Мүмкін, сіз өлең жазғанды, тамақ түрлерін дайындағанды немесе психологияны оқып-үйренгенді ұнататын шығарсыз. Сол әуес іспен шұғылдану күйзелісті жеңуге көмектеседі.
Кітап оқыңыз. Кітап оқу - көңілді басқа нәрсеге аударып, сәтсіздіктерді ұмытудың бірден-бір жолы. Ертегі, шытырман оқиғаға толы әңгімелер осы жағдайға дәл келеді. Бастысы кітап оқу арқылы ойыңыз басқа жерге ауысып, қиындықтарыңыз алыс жерде қалуы керек. 5 минуттық кітап терапиясынан кейін өзіңізді әлдеқайда жақсы сезінесіз.
Терең демалыңыз. Қиындық жайлы ойланып, уайымдап отырғанда, тынысыңыз жиілеп, ағзаңызға ауа жетіспейді. Сол себепті тынысыңызды дұрыстауға тырысыңыз. Кеудемен емес, ішпен дем алып көріңіз. Дәрігерлердің айтуынша, осындай тыныс жаттығулары кез келген ауруды тез арада басып, ағзаның жұмысын жақсартады.       
Қорыта айтқанда, күйзеліс – жаңа белестерге жетуге шабыттандыратын әдістердің бірі. Алайда, өкінішке орай, жаман әдеттерге оралуға итермелейтін де күйзеліс. Сондықтан, кейде өмірдегі өзгерістерге, жаман не жақсы болсын, салқынқанды қарауға тырысу керек.

Айгерім НҰРЖАУОВА,
Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы
БМСККО Қаратас психологы.