БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА БОЛУЫ ТИІС!

Жұма, 20 Мамыр 2022 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 131 рет

9f39d834-b9fb-40c3-a9bf-ad8ff5589f7a

Балалардың қауіпсіздігін қалай ұйымдастыруға болады?

Бала өмірге келген сәтінен бастап кәмелеттік (0-18) жасқа дейінгі кезеңде бала қоршаған ортамен белсенді танысады, ол айналасындағы барлық заттарды біліп тануға тырысады және жай ғана қарап қоймай, міндетті түрде оларды ұстап тіпті татып көргісі келеді. Балаға бұл жаста бәрі қызық. Ең алдымен ол өзі көріп тұрған нәрселердің бәрін қарап шығып және қолы жеткен барлық заттарды қолына алады. Біртіндеп еңбектеу және жүру дағдыларын меңгеруіне орай, бала үстелдерде, шыны есіктердің ар жағындағы сөрелерде, жабық жәшіктерде, аузы байланған пакеттерде, қақпағы бар банкаларда, кішкентай тесіктер мен саңылауларда және т. с.с. қолы жетпеген заттарға назарын аудара бастайды.
Кішкентай бала үшін зерттеушілік түйсігі оның болашақ тәжірибесінде орынды және өте маңызды болып табылады, алайда түрлі заттар мен нәрселерге толы қоршаған кеңістік бала үшін сан алуан қауіптерге толы болуы мүмкін. Бала тұратын кеңістікті қауіпсіз етіп ұйымдастыру және қауіпті заттармен, нәрселермен және заттектермен қарым-қатынасты болдырмауға тырысу ересектердің міндеті.

Балаға қандай қауіп төнуі мүмкін?


Ұсақ заттар (түймелер, дәрілер мен кішкене шарлар, қайшылар, пышақ­тар, шанышқылар, тоқыма біздер, инелер, түйреуіштер, шегелер, шаш түйреуіштер, ұшталған қарындаштар, қаламдар) баланың қолы жетпейтін жерде сақталуы тиіс.
Еденге жақын шкафтардың есіктері кілтпен жабылуы немесе бала оларды аша алмайтындай етіп байлануы керек.
Өткір бұрыштар қалың жұмсақ маталармен, кілемшелермен немесе жастықтармен жабылуы керек. Тамақтандыру кезінде сынғыш шыны заттар пайдаланылмауы тиіс.
Электр құралдары мен резеткелер кішкентай балаларды аса қызықтырады. Тіпті электрезеткелер биікте орналасқан дегеннің өзінде, оларға міндетті түрде «бітеуіштер» қою немесе оларды лейкопластырмен желімдеу керек.
Ата-аналарға берер кеңесіміз, еңбектей отырып бүкіл пәтеріңізді «жат планеталық тұрғысынан», яғни заттардың тағайындалуы белгісіз тіршілік иесі ретінде мұқият қарап шығыңыз (бұл қауіпсіздіктің бірінші деңгейі болады). Осы кішігірім, алайда маңызды зерттеу барысында өзіңіз үшін таныс және айқын заттар сіздің балаңызға белгісіз және түсініксіз екенін естен шығармаңыз. Егер, белгілі бір жерде балаға қауіп төнудің болмашы мүмкіндігі бар болса, оны қауіпсіздендіруге тырысыңыз.
Жылыту құралдарына, ашық от бар жерлерге, тамақ дайындалатын жерлерге, сондай-ақ сіріңке, тұтандырғыш, тез тұтанатын сұйықтықтар, шырақтар сияқты заттарға ерекше назар аудару қажет.
Үстелдің шетіне ешқашан ыстық сұйықтығы бар кастрюльдер немесе шәйнектер қоймаңыз және дастархандарды уақытша болсын алып тастаған жөн, себебі бала оның шеттерінен тартып үстелде тұрған заттарды өзіне аударып алуы мүмкін. Еске салатын жайт, күйіп қалу - балалар өлімінің жиі себептерінің бірі болып табылады.
Қазір телефон, смартфонсыз жүрмейтін адам жоқ. Телефон қуаттағышты телефонды қуаттап болған соң, тоқтан ажыратпастан көпшілігіміз кетіп қалатынымыз рас. Телефон қуаттағышты міндетті түрде ажыратып жүруді естен шығармаңыз. Кез-келген бала қолына не түссе де аузына салып, тоқ ұруы мүмкін.
Жаз уақыты басталғаннан үйімізде әктеу-сырлау жұмыстарын жүргізуді қолға ала бастаймыз. Осынау кезде бензин, әк, краска, клей, түрлі қоспалар мен сұйықтықтарды пайдалануда қауіпсіздік шараларын сақтап, балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыздар!
Сондай-ақ, алдымызда шомылу маусымы келе жатыр. Үлкендерсіз балаларды суға өз бетінше жіберуге болмайды. Бала өміріне қауіп төндіретін ой-шұқырлы жерлердің, құдықтардың, әжетхана есігінің жабық болуын қадағалаңыздар дегім келеді.

Айнұр ЖАҚСЫБАЕВА,
Қазығұрт аудандық ауруханасына қарасты
Сенбі дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері.