ТІРКЕУ БӨЛІМІНІҢ «ТІРЛІГІ» БӨЛЕК

Жұма, 10 Маусым 2022 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 94 рет

67-2

Елімізде маусым айының əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күні адам жанының арашашысы, абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді. Дегенмен, денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда көмек қолын созуға қашанда дайын тұратын дəрігерлер мен мейірбикелерді, медицина қызметкерлерін əрдайым дəріптеп, еңбектерін ескеріп отырғанымыз жөн. Сырқат жандардың емханаға келіп, дәрігерге қаралуы алдымен тіркеу бөлімінен басталады. Осынау мереке қарсаңында аудандық орталық емхананың тіркеу бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысудың орайы келіп тұр.
Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы іргесі ерте кезеңнен бастау алған, ауданымыздағы бірден бір мекеме. Дәрігерлердің көпшілігі ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар. Емхананың «бет-бейнесі» болып саналатын тіркеу бөлімінің іргесі де ерте қалыптасқан. Мұнда таңғы сағат 8.00-ден қарбалас басталады. Содан кешкі сегізге дейін адам аяғы үзілмейді. Тіркеу бөлімінде жұмыс істейтін медициналық қызметкерлер де ала таңнан қара кешке дейін дамыл таппайды. Бірі науқастың құжаттарын іздеп әуре болып жатса, енді бірі емханаға алғаш келген адамды тіркеп, енді бірі жолдама беріп жатады. Тағы бірі келушілерді дәрігердің қабылдауына жазып, әбігерге түседі. Оның үстіне бір тыным таппайтын телефон қоңыраулары және бар. Арасында қыздар кімнің қай емханаға тіркелгенін айтып, анықтамалық қызмет те атқарып кетеді.
Жалпы жұртшылықпен жұмыс істеу – оңай емес. Өйткені келуші-лердің мінез-құлқы әр түрлі ала-құла. Бірі сабырлы болса, енді бірі дау-жанжал шығаруға дайын тұрады. Осындай әртүрлі сипаттағы адамдардың бәрімен тіркеу бөліміндегілер тіл табыса білуі қажет. Алайда, тіркеуші қыздар мән-жайды балаға түсіндіргендей ежіктеп айтып жатса да, жұртқа жақпайтын жағдайлар жиі ұшырасады екен.
Қаншама уақыттан бері пациенттерге қызмет көрсетіп келе жатқан тіркеу бөлімінің қызметкерлері тіпті психолог болып қалғандай, ойыңды айтпай түсінеді. Аузыңды ашып, енді «балалар дәрігері…» дей бастасаңыз болды, «балалар дәрігері күнде сағат 8.00-ден кешкі 18.00-дейін кабинетте кезекпен қабылдайды» деп іркіліссіз жауап береді.
Тіркеу бөлімінің жұмысын үйлестіретін – емхананың тәжірибелі маманы, аға медбике Жұбатова Алия. Ал бөлімде төрт медициналық қызметкер жұмыс істейді. Атап айтсақ, Шымырбаева Лариса, Үшқараева Салтанат, Исахов Олжас, Төлмұханов Қасымхан. Үшеуі де тіркеу бөлімі үшін жаралғандай, лыпылдап тұр. Олардың үлкені – аға тіркеуші Шымырбаева Лариса. Үнемі көңілді жүретін ол адамдарға жұғымды-ақ. Кейде шекесі тырысып келген емделушілерді де жадыратып жіберетіні бар. «Тіркеу бөлімінде жұмыс істегеніме 30 жылдан асты. Жұмыс оңай емес. Кейбір адамдар түймедей нәрсені түйедей етіп, шат-шәлекейіңді шығарып кетеді. Ондай кезде бір-біріміздің қас-қабағымызға қарап, қолдау көрсетеміз. Кішкентай ғана ұжым болсақ-та бір-біріміздің орнымызды алмастырып, сенің жұмысың, менің жұмысым деместен жұмысты жүргізіп кете береміз. Жұмыс болған соң, не түрлі адамдармен жолығасың, кейбірі қыздар-жігіттер рахмет, айналайындарым», – деп алғысын айтып кетеді, енді бірі өкінішке орай...», – дейді Л.Шымырбаева.
Тіркеу бөліміне көмектесетін тағы бір медқызметкер – бағдарламашы Олжас Исахов. Оның негізгі жұмысы емхананың компьютерлік бағдарламасымен жұмыс істеу болғанымен, тіркеу бөліміндегі жұмысты да қатар алып жүреді. «Емханаға күніне жүздеген адам келеді. Олармен жұмыс істеу бір жағынан қызық. Біздің емделушілердің ішінде күліп тұрып жылап жіберетіндер де, жайдан-жай тұрып, ашулана салатындар да баршылық. Мысалы, емханамызда дәрігерлердің қабылдауы алдын-ала жазылу бойынша жүзеге асады. Олай етпесек, тағы болмайды. Емханадағы жалғыз кардиолог, жалғыз ревматолог, жалғыз эндокринолог сан мыңдаған адамның қайсысына жетеді? Егер, мұндай мамандарға емделушілер өз бетімен баратын болса, кезек пен ұрыс-керістің көкесі сонда болады. Ал, мұны түсінбей, кейде біз әдейі жасап жатқандай, айқайды салып, тіркеу бөлімінің алдында айқай шығаратындар да бар, осылай істемесең бұлар қарамайды деп, дайындалып келетіндей көрінеді», – дейді Олжас Исахов.
Тіркеу бөлімінен шығатын дау осы алдын-ала жазылуға байланысты өршиді екен. Бұл жайлы Салтанат Үшқараева:«Қазір смартфон ұстмамайтын адам кемде-кем. Сол смартфонның тиімді жағын біз көбіне ескере бермейміз. Телефон арқылы қай дәрігердің қай күні қабылдайтынын, қай кезге бос екендігін қарап, онлайн түрде жазылуға да болады. Бірақ, осыған келушілер немқұрайлы қарайтыны өкінішті»,– дейді.
Бұрындары тіркеу бөліміне келіп түсетін карточкалардың бәрін қыздар реттестіріп, альфавит бойынша жинастырып қоятын болса, қазір бұл жұмыс жеңілдей түскен. Бәрі де компьютерде арнайы бағдарламаға жасақталып, жинақталған. Тек науқастың жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) болса жеткілікті.
«Бүгінде емханада күллі амбула­ториялық карточкалар жинақталған картотеканы электрондық жүйеге көшіріп қойған. Яғни, ішкі медициналық ақпаратты компьютерге тіркейтін жаңа бағдарлама да жұмыс істейді. Осындай жаңа электронды жүйенің жақсы жаңы да жаман жағыда бар. Жақсы жағы ешкім картам қап кетті, не болмаса картамды тауып бер деп тіркеу бөлімін әуре-сарсаңға салмайды, ал екінші нашар тұсы интернет жылдамдығы әлсіз болған кезде жұмыс сапасына кері әсерін тигізеді,– дейді тіркеу бөлімінде медаға болып жасайтын Төлмұханов Қасымхан.
Жүгі ауыр салада қалтқысыз қызмет етіп, мейірімділік пен жылылықтың символына айналып, игі қызмет жасап жүрген тіркеу бөлімінің қызметкерлерін қашанда сый-құрметке лайықты деп білеміз. Ол маман иелері денсаулық сақтау ісінің ажырамас бір бөлігі. Ендеше, денсаулық жаршысына айналған, адам өміріне арашашы, науқасқа ем сыйлаушы жандарды келіп жеткен төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Гиппократ антын қабылдап, міндетін мінсіз атқарушы медицина қызметкерлерінің мәртебесі әрдайым үстем болсын.

Ғазиза ТІЛЕУБЕРГЕНҚЫЗЫ.