КОНГО-ҚЫРЫМ ҚАНДЫ ҚЫЗБАСЫНАН САҚТАНЫҢЫЗ!

Жұма, 17 Маусым 2022 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 76 рет

8

Конго-Қырым қанды қызбасы – аса қауіпті жұқпалы ауру. Негізінен адамдарға кененің шағуы арқылы немесе ауру адамның қаны арқылы жұғады. Кенелер көктем, жаз мезгілдерінде өсіп-өнуі үшін аса белсенділік танытып, жануарларға, сонымен қатар, төрт түлік малға және адамдарға қан сору үшін шабуыл жасайды.
Кене Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы қоздырғышының негізгі тасымалдаушысы. Сондай-ақ ұрпақтан ұрпаққа осы қоздырғыштарды тұқымы арқылы сақтап таратып отырады. Адам ауруды кенелер шаққан кезде, науқастың қаны мен қанды шығындылары арқылы, құрамында вирус бар материал теріге және сілемейлі қабықтарға түскен кезде, малды қырыққанда және оларды кенелерден қолмен тазартқан кезде кенелердің ішіндегісінің дененің ашық бөліктеріне түсуі нәтижесінде, КҚГҚ вирусымен зертханалық жағдайларда жұмыс істегенде, науқастарды күткенде және оларға медициналық көмек көрсету кезінде жұқтырады. Мал сою, боршалау кезінде де жұғуы мүмкін.
Аурудың жасырын кезеңі 2 күннен 14 (көбіне 2-7 күн) күнге дейін созылады. Содан кейін науқас адамның дене ыстығы 39-40 0С-қа дейін көтеріледі. Басы, буындары қатты сырқырап ауырады, көзімен тамағы қызарады, тамаққа тәбет болмайды. Содан соң аурудың 2-5 күндері мұрыннан, асқазан-ішектен, әйелдердің жатырынан қан кетеді. Науқастың денесі бөртеді, қолмен теріні қатты басқанда немесе ине шаншығанда қанталап көгеріп кетеді.
Науқас адам дер кезінде дәрігерге көрінбесе, ауруы асқынып өліп кетуі де мүмкін, сонымен қатар қасындағы адамдарға да жұқтырып таратуы мүмкін. Сондықтан кене шаққанда болмаса кененің қаны шашыраған жағдайда немесе аурудың алғашқы белгілері байқалғанда дер кезінде дәрігерге көріну керек, 2 аптадай медициналық бақылауда болғаны жөн.
Қой қырықтық кезінде қолға қолғап, үстіңізге арнайы киім (комбинзон) киген жөн. Далаларда жүрген кезде, мал қораны тазалаған кезде үстеріңізді мұқият қарап жүріңіздер. Жұмыс киімін үйге кіргізбеңіз! Ешуақытта қолмен кенені езбеңіздер!
Өз қора-жайларыңызды қи мен қоқыстардан таза ұстап, қора-жайлардағы жарық-қуыстарды мазутпен, автолмен, креолин араластырылған лаймен бекітіп тастаңыз. Көктем, жаз, күз мезгілдерінде қора-қопсы, мал қора айналасын кенеге қарсы өңдеу жүргізіп, малдарды залалсыздандырып тұрған жөн. Қора-қопсыны залалсыздандырар кезде, әуелі қоқыстарын, малдың қиларынан тазартыңыз, қоқыстарды дұрысы өртеп жіберіңіз. Кенелер ыстық-суыққа шыдамды, өте өміршең келеді. Қоқыс астында, қораның жарық-тесіктерінде ұялап-көбейіп 15-20 жылға дейін тірі жата береді. Қолайлы жағдай туса сыртқа шығып малға жабысады.
Сондықтан өзіңіз, балаларыңыздың, басқалардың кенеден, қауіпті аурудан аман-сау болуы үшін қолыңыздан келгенше үйіңізді, қора-қопсыңызды, малдарыңызды кенеден тазалап, тазалық сақтап, көктемде-жазда-күзде бірнеше рет залалсыздандыру жүргізіп тұрғаныңыз жөн.

Кулизат УСИПБЕКОВА,
Қазығұрт аудандық
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы.
бөлімінің басшысы.