НАҒЫЗ АҚ ХАЛАТТЫ ӘЗІЗ ЖАН

Жұма, 17 Маусым 2022 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 92 рет

3a732fea-b162-48ee-be85-cf26d429ea7c

Әйелдер дәрігері, «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері, Гиппократ антына адал Ұлданай Сүлейменқызы Сейлиханова 1967-жылы 28-шілдеде Тәжікстан Республикасының Қорған-төбе облысындағы Колхоз-абад ауданында дүниеге келген. №67 мектепті тәмамдаған соң, 1984-жылы Душанбе қаласындағы Әбу Әли ибн Сина атындағы Тәжікстан мемлекеттік медицина институтына түсіп, жалпы медицина факультетінің 5-курсынан акушерия және гинекология мамандығын таңдап, 6-курста субординатурасын оқып, оны 1990-жылы бітіріп, диплом алып шыққан. Одан әрі қарай бір жыл Қорған-төбе облыстық перзентханасында интернатурасын оқып, акушер-гинеколог мамандығының куәлігіне ие болған.
Еңбек жолын мамандығы бойынша Колхоз-абад ауданы орталығында бастаған. Аудандық емхананың әйелдер бөлмесінде де, аурухананың перзентханасында да қатар қызмет атқарған. 1992-жылы қыркүйек айында Қазақстанға келіп, алғаш Тұрбат елдімекеніндегі, содан соң Қызылқия елдімекеніндегі емхана бөлімшесінде жұмыс істеген. Қызылқия емхана бөлімшесінің басшысы Махмұт Қарсыбаев еңбегін жоғары бағалап, қолдау білдіріп отырған. Сонымен қатар, 1994-жылдан бастап Қазығұрт аудандық аурухана перзентханасында кезекшілікке тұрған.
1995-жылы желтоқсан айында тұрмысқа шығады. Содан Түркістан қалалық емханасында әйелдер дәрігері ретінде жүкті әйелдерді қабылдаса, аурухана перзентханасында кезекшілік қызметін атқарған. Бір жылдан соң, жекеленген «Талғат» клиникасы перзентханасына орналасқан.
Түркістан қаласында Шолпан (1998) және Майқыби (2000) атты қос перзентін көрген. 2000-жылы отбасымен Шымкент қаласына қоныс аударып келген. 2002-жылдан бастап Шымкент қаласындағы жеке клиникаларда жұмыс істеген. 2003-жылы 2-қаңтарда үшінші перзенті, Назеркесі жарық дүние есігін ашқан. 2005-жылдан Шымкент қалалық №4 әйелдер консультациясында гинекология бойынша алдын алу (профилактикалық) жұмыстарын жүргізген.
2006-жылдың сәуірінен Қазығұртқа көшіп келіп, аудандық емханасына әйелдер дәрігері болып орналасқан. Содан бері Гиппократ антына адал болып, өз мамандығына сай қызметін атқарып келеді. 2019-жылы 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде аудан әкімі Төлеген Телғараевтың «Алғыс хатымен», 2020-жылы денсаулық саласын дамытуға қосқан үлесі, жаңа техникалық жүйені жетік меңгеріп, медициналық ғылыми озық тәжірибелерді насихаттағаны үшін «Алтын дәрігер» төсбелгісімен марапатталды.
Жалпы ақ халатты абзал жан үшін өз еңбегін халықтың бағалағанынан, алғыс айтқанынан артық абырой жоқ. Әйелдер дәрігері Ұлданай Сүлейменқызы өз мамандығын сүйіп, ана мен бала денсаулығы үшін барынша жауапкершілікпен қарап, өз борышын адалдықпен, тазалықпен, ұқыптылықпен атқарғанынан қалың көпшіліктің алғысына бөленген жан. Бес баланың анасы Шолпан Сеңгірбаева: «Мен Ұлданайды дәрігер ретінде танығаныма 15 жыл өтіпті. Өйткені, ол 5 мәрте жүктілігімді бақылап, жарық дүниеге дені сау бала әкелуіме, аман-есен босануыма үлес қосқан, ауданымыздағы Гиппократ антына адал жан. Өз жұмысына өте жауапты, сондай ұқыпты, жүкті әйелдерге талап қоя білетін кісі. Міне, алтыншы перзентіме жүктімін. Осы дәрігерімнің арқасында бұл жолы да барлығы жақсы болады деп толық сенімдемін. Үлкен рахмет Ұлданай апайға, Алла абыройынан айырмасын, әрқашанда мерейі үстем болсын деп тілеймін», – деді.
Біз бес жылдан кейін бала көтеріп, ағымдағы жылы 18-ақпанда аман-есен қыз босанған Гүлайна Қалшорамен әңгімелескен болатынбыз. Сонда ол: «Сейлиханова Ұлданай ханым өте білікті маман деп білемін. Өз жұмысына адал, әрқашан қол ұшын созуға дайын тұрады. Күн-түн демей жағдайыңды сұрап, дәрігерге тән қасиетпен жылы сөздерімен демеу беріп, қолынан келгенше бар көмегін аямайды. Осындай білікті мамандар, әсіресе, ана мен бала өміріне жауапты, сауатты мамандар бар екені, әрине, бізді қуантады. Алдағы уақытта жұмысына табыс, отбасына құт-береке, амандық тілеймін. Ұлданай ханымға алғысым шексіз!» – деп айтты. Айнатас елдімекенінен Сәуле Пірімбетованың айтуына қарағанда, қызы Гүлбахира Әлібекқызы 2012-жылы тұрмысқа шығып, бес жыл бойы бала көтермеген. Ұлданай дәрігер оның қызы мен күйеу баласы екеуін қатар емдеген соң, Гүлбахира жүкті болып, қыз сүйіпті. Оның соңын ала тағы бір қыз туыпты. Дәрігер-эпидемиолог, аудандық ауруханадағы медицина қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Мөлдір Айнабекова да өзінің Ұ.Сейлихановада тіркеуде тұрып, қос бала сүйгенін айтты. Осылайша алғыс білдірушілер өте көп.
Өз басым Ұлданайдың өмірлік қосағы ретінде бір байқағаным, жұмыстан үйге келгенде оның ұялы телефонында бір тыным болмайды. Солардың барлығына жауап беріп, үнемі ақыл-кеңесін айтып отырады. Сондай-ақ, оның бір ерекшелігі, өзін әйелдер дәрігері қалпында ғана ұстап қалмай, балалар мен үлкендердің түрлі ауруларына қатысты өзінің өмірден үйренген тәжірибелік ем-домын қолданып немесе айтып хабарлап жатады. Тіпті өзі өкпе демікпесімен ауырған соң, оған қолданылатын дәрі-дәрмекті біліп алып, қаншама аурулардың айығып кетуіне себепкер болғанын да білемін.
Айгүл Күзенбайқызы, аудандық аурухана басшысының медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары: «Ұлданай Сүлейменқызы өте білікті дәрігер, нағыз Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жан! Дені сау анадан – дені сау бала туылады деген ұстанымы бар. Емделушілерінің бәрі дән риза. Жұмысына жауапты, өзінен кейінгі жас буын дәрігерлерді тәрбиелеуде, кәсіби білігін арттыруларына тікелей ықпалын тигізіп келеді», – деді. Ұ.Сейлиханова әріптесі А.Күзенбаевамен бұдан 28 жыл бұрын Қызылқиядағы емхана бөлімшесінде бірге қызмет атқарған.
Хирургия бөлімінің аға мейірбикесі Әлия Тілепбаевамен сұхбат құрып сұрағанымызда, ол кісі дәрігер туралы: «Ұлданай дәрігер өте білікті маман. Өз ісінің шебері деп айтсақ та болады. Ол кісінің мінезі өте қарапайым, әрбір келген жүкті әйелмен тілін тауып сөйлеседі. Жауапкершілігі мол, коммуникабельді, ақ халатқа лайықты абзал жан. Ұлданай Сейлиханова өсіп келе жатқан ұрпаққа үлкен өнеге. Қазақстан Республикасына дені сау ұрпақтың келуіне үлкен үлесін қосып отырған дана, әзіз тұлға. Ол кісіге мың алғыс», – деп жылы лебізін білдірді.
Валентина (Валя) Анарбаева, байырғы акушерка: «Ұлданай дәрігер екеуміз жұмыс істеген жылдарымызда байқағаным, ол өте ақкөңіл, өзінің жұмысына адал, үлкен жауапкершілікпен қарайтын еді. Өз қарамағындағы әйелдердің жағдайларын бірінші орынға қоятын. Қар демей, жаңбыр демей, күннің ыстығында да, суығында да, тіпті көлік сұрамай, жаяу барып, жүкті және босанған әйелдердің хал-жағдайларын біліп келетін. Адамдарға қолынан келгенінше көмегін аямайтын, жауапкершілігі мол адам. Қазір мен зейнеткермін, әлі күнге дейін ол туралы еш жаман сөз естіген емеспін», – деді.
Мейіргүл Құрбанова, жалпы тәжірибелі мейірбике: «Ұлданай доктор өте еңбекқор адам. Мынезі қатал көрінгенмен, өте жанашыр жан, жүрегі жұмсақ. Ол өз міндетіне, жұмысына адал. Ұлданай доктор екінші анамдай маған қанша тәрбие берді, жұмыста қанша көмегі тиген. Жүкті әйелдерге жаны ашып тұрып, ісімен де, сөзімен де бар мейірімімен қарайды. Осындай дәрігерлер көп болсын», – деп әңгімесін әдемі тілекпен аяқтады.
Ұлданай отбасымызда көп жақсы тірліктің ұйытқысы болып келеді. Балаларға дұрыс тәрбие беруде де менен гөрі алда жүреді. Оны мойындаған да дұрыс деп ойлаймын.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ,
өмірлік жары,