ДӘРІГЕР – ЖАН МЕН ТӘН ШИПАГЕРІ

Жұма, 17 Маусым 2022 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 84 рет

14         медицина спартакиада 1

Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандықтар бар. Соның бірі – дәрігерлер. Оларды «ақ желеңді абзал жандар, адам жанының арашашысы» деп жатамыз. Қалай атасақ та артықтық етпейді. Өйткені коронавирус пандемиясы кезеңінде әлем жұртшылығы медицина қызметкерлерінің атқарып жатқан еңбегі өте ауыр және құнды екендігіне тағы бір рет көз жеткізді. Атқарған ерен еңбектеріне және мыңдаған жақындарымыздың өмірін құтқарғандары үшін алғыс білдірді.
Ауырсақ, сырқаттансақ бірден осы адамдарға жүгіреміз. Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табылады. Дәрігерлердің кәсібилігі, антқа адалдығы мен жылы жүрегі адамның тәнін ғана емес, жанын да емдейді.
Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күні ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді.
Жуырда осынау кәсіби мереке қарсаңында халық игілігі жолында аянбай еңбектеніп жүрген аудандық медицина қызметкерлері арасында спорттық сайыс өтті. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілген сайыста ақ халаттылар шағын футбол, ерлер және әйелдер арасында волейбол, арқан тарту, 100 метрге жүгіру бойынша сайысқа түсті.
Медицина ұйымдарының арасындағы спартакиада бұқаралық спортты дамыту, халықтың басым бөлігін жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысуға тарту, денсаулықты нығайту, жұмысқа қабілеттілікті арттыру мақсатында өтті.
Спорттық іс-шараны салтанатты түрде аудандық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары С.Рысбаев пен ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Н.Боранбаева ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Шараның өткізілу мақсаты медицина қызметкерлерінің спортқа ынталылығын арттыру, олардың негізгі кәсіби жұмысымен қатар спортты да қатар алып жүретінін таныту», – деді Н.Боранбаева.
Спорттық сайыс ең алдымен бас дәрігердің орынбасарлары, бөлім меңгерушілері, бас мейірбике, аға дәрігерлердің арасында 100 метрлік қашықтыққа жүгіруден басталды. Әрі қарай арқан тарту, волейбол, шағын футболға ұласты.

14         медицина спартакиада 5
Элеонора Махамбетова, Қызылқия дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі:
– Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл ретте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық саласына халықтың ыстық ықыласы мен риясыз алғысының дәлелі ретінде ерекше қолдау білдіруде. Жалпы қазақта мақал бар, спорт пен денсаулық егіз дейді. Жалпы бүкіл дүниежүзілік ұйымдарының тұжырымдамасы бар. Адамның денсаулығы 50 пайызы өзіне байланысты. Қалғандары экология, басқа нәрсеге де байланысты. Сол үшін үнемі спортпен айналысқан жөн. Денсаулықты сақтау жас кезден басталады емес пе?! Салауатты өмір салтын қалыптастыруға біздің үлесіміз мол болу керек. Біз соны үгіттейтін адамдармыз. Осындай спорттық шаралардың жиі өтіп тұрғаны дұрыс, – деп айтып өтті.
Жоғары деңгейде өткен жарыс қорытындысымен жалпы командалық есепте Тұрбат – І орынды, орталық аурухана – ІІ орын, 4-категория – ІІІ орын, Шарбұлақ – IV орын, Қызылтаң – V орын және Қызылту мен Сенбі – VI-VII орындарды иеленіп, жеңімпаз атанды.
Арқан тарту сайысы бойынша 1-орын Шарбұлақ, 2-орын Қызылтаң, 3-орын Тұрбат командалары, әйелдер арасындағы волейболдан 1-орын орталық аурухана, 2-орын Тұрбат, 3-орын Қызылту, ерлер арасындағы волейболдан 1-орын Тұрбат, 2-орын 4-категория, 3-орын сенбі, ерлер арасындағы шағын футболдан 1-орын 4-категория, 2-орын орталық аурухана, 3-орынды Тұрбат командасы иеленді.
Барлық жеңімпаз командаларға және командалар арасынан «Керемет ойыншы», «керемет волейболшы», «кәсіби қақпашы», «арқан тартудың шебері» номинациялары бойынша диплом мен сыйлықтар табысталды.

Олжас ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ.