ҚАЛАЙ ТЕГІН ЕМДЕЛУГЕ БОЛАДЫ?

Жұма, 15 Шілде 2022 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 243 рет

Динамикалық бақылау аурудың асқынуы немесе күрделенуінің алдын алу үшін, дерттердің алдын алу мен осындай науқастарды оңалту үшін жүргізіледі.
Динамикалық бақылау есебіне тұруы үшін науқастың қолында созылмалы дерті бар екенін нақтылайтын үш құжат болуы тиіс, олар:
1. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек бекеті дәрігерінің қорытындысы;
2. Бейінді маманның (дерт бойынша) консультативті қорытындысы;
3. Стационар науқастың медициналық картасынан үзінді (стационарда ем алған соң).
Созылмалы дерті бар науқасты қабылдаған емхана дәрігері не істейді?
1.Науқасты қарап, анамнез жинайды
2.Науқасқа физикалық түрде қарау жүргізеді
3.Науқастың диагностикалық зерттеулерінің нәтижесін бағалайды
4. Науқастың өзіне-өзі көмек көмек көрсетуді үйрену нәтижесін бағалайды
5. Дәрі-дәрмектік және дәрі-дәрмексіз емделудің жеке жоспарына, науқастың өзін-өзі бақылау күнделігіне түзету жасайды (барлық дәрігерлер қарауларын, зерттеулерін, бейінді мамандар мен салауатты өмір салтын мамандарының ұсыныстарын ескере отырып)
6. Күндізгі немесе тәулік бойғы стационарға жолдама береді (қажет болған жағдайда)
7. Медициналық оңалтуға жолдама береді (медициналық көрсеткіштер бойынша)
8. Медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясынан өтуге қажет құжаттарды рәсімдеуге кеңес береді
9. Салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді

Бейінді маман созылмалы дерті бар науқасты қабылдағанда не істейді?
Бейінді маман науқасты емхана дәрігерінің жолдамасы бойынша қабылдайды
- Қарау жүргізеді (физикалды қарау); Науқасқа сұрақтар қойып, жауап алады;
- Науқастың диагностикалық зерттеулерінің нәтижесін бағалайды;
- Қосымша диагностикалық зерттеулерге жолдайды (қажет болған жағдайда);
- Күндізгі немесе тәулік бойғы стационарға жолдама береді (қажет болған жағдайда);
- Науқастың созылмалы дертін алдағы уақытта да бақылауға ұсыным жасайды;
Науқасты қабылдаған соң учаскелік дәрігерге осы науқастың денсаулығы туралы қорытындыны жібереді. Медициналық қорытындыда бейінді маман зерттеулердің нәтижесін көрсетеді, осы науқасты ары қарай бақылау туралы ұсыныс жасайды.
Науқасты динамикалық бақылаудағы медбике/медағаның рөлі қандай?
Медбике/медаға
1. Емдеу тәртібі орындалуына мониторинг жүргізеді,
2. Қайтадан қабылдау кезінде науқастан сұрақ-жауап алып, физикалды қарау жүргізеді,
3. Лабораториялы және аспаптық зерттеулерге жолдайды (тиісті мерзімімен)
4. Дерттің асқынуына шағым болмаған немесе динамикалық зерттеулердің қалыптан тыс көрсеткіштері болмаған кезде мебике/медаға:
- науқаспен әңгімелеседі және салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді, қажет болғанда емханадағы салауатты өмір салты орталығының мамандарына жолдайды,
- науқасқа дерті ауысқан кезде не істеу керегін және өміріне қауіп төнген жағдайда жедел медициналық көмек шақыруды түсіндіреді
- дәрі-дәрмекке рецепт жазып береді,
- науқастың келесі келу уақытын белгілейді.
5. Егер науқастың дерттінің асқынуына шағымы болса немесе динамикалық зерттеулердің қалыптан тыс көрсеткіштері болса, медбике/медаға науқасты алғашқы медициналық санитарлық көмек бекетіне жоспардан тыс қарауға жібереді.
Егер науқас күндізгі немесе тәулік бойғы стационарда ем алса, емделуден кейін оған стационар науқастың медициналық картасынан үзінді берілуі керек, онда көрсетілген ем туралы мәліметтер, атап айтқанда, диагностикалық зерттеулер, емдеу шаралары мен ары қарай емделу кеңестері жазылады.


М.САПАРБЕКҰЛЫ,
аудандық орталық
аурухананың бейінді мамандар
бөлімінің меңгерушісі.