ӨТКІР ЖҰҚПАЛЫ ІШЕК АУРУЛАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛЫҢЫЗ!

Жұма, 15 Шілде 2022 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 312 рет

55-11

Өткір жұқпалы ішек аурулары – жұқпалы дерт, асқазан-ішек ағзаларын зақымдайды. Аурудың қоздырғыштары асқазан-ішек жолдары арқылы, нәжіспен сыртқы ортаға шығарылады.  Аурудың негізгі көзі – науқас адам, сондай-ақ вибрион мен бактерия тасымалдаушыларда белгілі бір жағдайда ауру таратушыға айналуы мүмкін. Ауру көктем, жаз, күз айларында көбірек кездеседі, себебі бұл мезгілдерде ауа-райы жылы болады, күннің ысуы тағамдардың тез бұзылуына әсер етсе, екіншіден жеміс-жидектердің пісуі, оны адамдардың көптеп асқа пайдалануы осы дерттің көбеюіне ықпал етеді. Өткір ішек аурулары адам ағзасына ауру қоздырғыштарының тамақ, су, кір-қол, лас ыдыспен, тұрмыстық заттар арқылы түсуі нәтижесінде пайда болады.  Аса қауіптісі аурудың тамақ арқылы жұғуы. Ал тұрмыстық жанасу жас балалардың, оқушылардың өткір жұқпалы ішек ауруларымен ауруының басты себебі. Асқа мерзімі өткен тағамды пайдалану, қолдан сатып алынған сүт тағамдары, көкөністерді базардан, кездейсоқ сауда орындарынан алу, сақтау, дайындау технологиясын өрескел бұзған жағдайда, ауруды туғызушы басты фактор болып саналады. Жұқпалы ішек ауруларының бірнеше түрлері бар. Олардың түрлеріне байланысты клиникалық белгілері де әртүрлі.  Алайда осы ауруларды біріктіретін ортақ нәрсе, берілу жолдары, жұғу механизмдері, инфекция көздері бірдей, бір-біріне ұқсас. Сондай-ақ аурудың  жедел басталуы, дене қызуының көтерілуі, құсу, іш өтуі, мазасыздану, бас ауруы, іштің кіндік аймағының уақ-уақ бүріп сырқаттануы. Дегенмен әр инфекцияның өзіне тән ерекшеліктері бар.
Сальмонеллез – нәжіс-ауыз механизмі арқылы беріледі, тағам өнімдері, әсіресе ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері, құс өнімдері (құс еті, жұмыртқа) арқылы берілу тән. Жеміс-жидек, көкөністердің өздері сирек инфекцияның берілу факторы болып табылады, бірақ инфицирленген жеміс, көкөністерден әзірленген тағамдар өте қауіпті. Сальмонеллезде негізгі инфекция көзі - көбінесе үй жануарлары (ірі қара мал, шошқа, қой, ит, мысық) және үй құстары, балық, тышқан, егеуқұйрықтар. Ал адам тек қосымша инфекция көзі болып есептеледі. Бұл ауру көбіне тез өрбитін жіті гастроэнтерит түрінде өтеді.
Дизентерия – бактериалды инфекция, спородиялық, топтық немесе эпидемиялық бұрқ ету түрінде кездеседі. Жұқпалы ішек ауруларының ішінде дизентерия ауру деңгейі жағынан бірінші орында және балалар үшін өте қауіпті. Дизентерияда инфекция көзі – жедел немесе ұзақ ауырған адамдар, аурудан жазылғандар немесе бактерия тасымалдаушылар. Қоздырғыш адам ағзасынан нәжіс арқылы бөлініп қоршаған ортаға түседі (топырақ, тұрмыстық заттар т.б) Инфекцияның берілу факторлары – лас қол, тағам өнімдері, су. Су негізінен топырақ арқылы ластанады, яғни инфицирленген нәжістің түсуі кезінде. Ал тағам өнімдері лас қол, шыбын арқылы ластанады. Инфекцияны тарату көзі ретінде шыбындардың алатын орны үлкен.
Жұқпалы ішек ауруларынан сақтану жолдары:
Аурудың ең басты алдын алу жолы – жеке бас тазалығы. Кездейсоқ сауда орындарынан тағам өнімдерін, сусындарын алмау. Қайнамаған су мен сүт өнімдерін пайдаланбау және төменде көрсетілген қарапайым ережелердің орындалуының өзі–ауырмаудың басты кепілі. Ас ішер алдында, дәретханадан кейін қолды мұқият сабындап жуу! Тек қайнатылған су ішу! Көкөністер мен жемістерді мұқият жуу! Ас дайындау, ыдыс жуу және ауыз су үшін ашық су көздерінен, арықтардан суды пайдаланбау! Дайындалған тағамдарды ашық қалдырмау! Тез бұзылатын тағам түрлерін тоңазытқышта сақтау! Үйдегі қоқысты уақытында шығару! Жас сәбилердің, балалардың заттарын (сүт ішетін бөтелке, еміздік т.б), ойыншықтарын таза ұстау керек!
Жұқпалы жедел ішек ауруының алғашқы белгілері басталысымен, өздігімен емделместен, шұғыл дәрігерге қаралып, аурудың асқынуын алдын алған жөн. Өмір негізі - денсаулық, денсаулық негізі - тазалық екенін, өз денсаулығыңыз өз әрқашан жадыңызда ұстағандарыңыз абзал!

К.УСИПБЕКОВА,
аудандық санитариялық эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы.
Б.ЖАНКАРАЕВ,
эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы.