МЕКТЕП МЕДИЦИНАСЫ ЖАЙЛЫ БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ!

Жұма, 16 Қырқүйек 2022 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 58 рет

486635-1572157205

Балалардың ден­­сау­лығы – ел дамуы­ның маңызды басымдық­тарының бірі. Сондықтан, мемлекет есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде жеңілдік санат ретінде сақтандырылған. Тегін медициналық қызметтер – балаларға қормен шарт жасасқан медициналық ұйымдар тарапынан көрсетіледі.
Мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі мекемелердің медициналық қамтамасыз етілуін ұйымдастыру туралы ойлайтындар аз. Мектеп медицинасы білім беру ұйымдарында, яғни тікелей мектептерде, балабақшаларда, шағын орталықтарда немесе басқа да білім беру ұйымдарындағы балаларға медициналық қызмет көрсетуді көздейді.
Қорда атап өткендей, мектеп медицинасының мәні – білім беру ұйымдарындағы балаларды қажетті медициналық қызметтермен қамтамасыз ету. Бұл жұмыс мектеп немесе балабақша орналасқан аумаққа қарасты емхана жауапкершілігінде болады. Ол үшін мектепте медицина қызметкерінің жабдықталған кабинеттері бар арнайы қызмет құрылады. Профилактикалық тексеру немесе вакцинация жүргізу үшін мектепке тиісті профильдегі дәрігерлер келеді. Мұндай іс-шаралар алдын-ала жоспарланады және ата-аналар олар туралы хабардар етіледі.
Бұрын мектеп медицинасы учаскелік қызметке бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылған. МӘМС жүйесі енгізілген соң, мектеп медицинасына ерекше көңіл бөліне бастады. Бұл мектеп жасындағы балаларға арналған алдын алу шараларының кең ауқымын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мектеп медицинасының тарифіне вакцинация, жыл сайынғы профилактикалық тексеру, тіс дәрігерінің тікелей оқу орнында өткізілетін тексеру кіреді. Сондай-ақ, оқу орнындағы дәрігерлер балалардың салауатты өмір салтын ұстануы бойынша іс-шаралар өткізеді. Егер профилактикалық тексеруде патология анықталған болса, онда бала тіркелген жері бойынша емханаға тереңдетілген медициналық тексеруге жіберіледі. Балалардың вакцинациялауы ата-аналарының келісімімен Ұлттық егу күнтізбесі бойынша жүргізіледі. Шұғыл жағдайларда медициналық пунктте жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін балаларға алғашқы көмек көрсетіледі.
Осылайша, мектеп медицинасы мектеп оқушыларының денсаулық жағдайын үздіксіз бақылауды қамтамасыз етуге және қажет болған жағдайда уақтылы алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

П.ЕСИРКЕПОВА,
Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының
жалпы тәжірибелі дәрігерлердің меңгерушісі.