Қазіргі жағдайларда тамақтану мәселесі бірқатар себептерге байланысты бірінші орынға шықты, атап айтсақ: экологиялық ортаның бұзылуы, организмге қажет компоненттердің жеткіліксіз түсуі, дұрыс тамақтанбау, сапасы төмен азықтар және т.б. Экология нашарлайды, ал соның нәтижесінде біздің денсаулығымыз бен күшіміз толық жойылады. Организмнің көбінесе, ондағы пайда болатын және оған тамақпен, сумен, ауамен және дәрі-дәрмек заттарымен баратын зиянды заттарды шығаруды қамтамасыз етуге күші жеткіліксіз. Сау адам жейтін асына жиі зейінсіз қарайды. Ал, ауырып, күнделікті жарнама беттерінен түспейтін ең жаңа препараттарды іздей бастайды, сонымен, тамақ сияқты сенімді және тұрақты емдеу құралы туралы ұмытады. Ал, Гиппократтың өзі былай деген: «Біздің барлық емдеу құралдарымыз азық-түлік заттары болуы керек, ал азық-түлік заттары емдік заттар болуы керек». Зат алмасуының бұзылуының (семіру, қант диабеті және т.б) салдарынан пайда болатын аурулар жиі кездеседі. Осыған байланысты, қазіргі таңда, дұрыс тамақтану энергетикалық шығындарға және организмнің физиологиялық қажеттіліктеріне сәйкес келу үшін тамақтану мәдениетін жоғарылату мәселесі өзекті бола бастады. Әрбір адамның азық-түлік заттарын дұрыс пайдалануы, артық жеуі және жалықтыруы денсаулықты көп нығайтуға көмектеседі. Дұрыс тамақтану денсаулықтың және ұзақ өмір сүрудің басты факторы болып табылады. Адамның физикалық жағдайы, оның қалай және қандай көлемде тамақ жейтініне байланысты.

Тамақтанудың белгілі бір ережелері бар:

1) ұстамды жеу керек;

2) тамақ құнды болуы керек: онда жеткілікті көлемде белоктар, майлар, көмірсулар, минералды заттар, витаминдер бар болуы керек;

3) тамақтану режимін сақтау қажет.

Тамақтану режимінде төрт негізгі принципті ажыратқан дұрыс:

  1. Жиілік, яғни, тамақты үнемі бір тәулік уақытында қабылдау.
  2. Тәулік барысында тамақтанудың бөлшектілігі. Сау адамға үш немесе төрт фазалық тамақтану ұсынылады, атап айтсақ: таңғы ас, түскі ас, кешкі ас және ұйқы алдында бір стакан айран.
  3. Әрбір тамақтанған кезде дұрыс тамақтануды барынша сақтау қажет. Бұл, тамақты әрбір қабылдаған кезде азық-түліктер жинағы организмге белоктарды, майларды, көмірсуларды, сонымен қатар витаминдер мен минералды заттарды қолайлы ара қатынаста жеткізу тұрғысынан ойланып істелуі керек.
  4. Бір күнде тамақ ішу бойынша физиологиялық негізделіп бөлінуі. Төрт мезгіл тамақтану едәуір жағымды: жұмысқа дейін тоқ тамақ (күндіз дұрыс тамақтанудың жалпы калориялылығының 25-30 %), жұмыс арасындағы үзілісте жеңіл екінші таңғы ас (жалпы калориялылықтың 10-15 % ), құнарлы түскі ас (калориялылықтың 35-40 %), салыстырмалы жеңіл кешкі ас (жалпы калориялылықтың 15-20 %)

     Таңғы ас, түскі ас және кешкі ас үшін тәуліктік уақыт еңбек және демалыс режиміне байланысты жеткілікті кең шеңберде өзгеруі мүмкін. Алайда, тамақ ішу арасындағы аралық 4-5 сағат болуы маңызды. Жүргізілген зерттеулер негізінде, кешкі ас пен ұйқының алдындағы аралықта 2-3 сағат өтуі керек.

Тамақтану режимімен қатар, кейбір психологиялық ережелерді сақтау артық болмайды.

  1. Үстелге шаршаған күйде отырмаңыз. Қалай аш болсаңыз да, ең болмағанда 10 минут демала тұрыңыз.
  2. Ашулы, шошынған күйде, қайғылы сезімдерге берілгенде тамақ ішпеңіз.
  3. Өзіңізге қатты ұнамайтын адаммен үстел басына бірге отырмаңыз.
  4. Егер сізге қандай да бір тағам ұнамаған болса, пайдалы болса да оны татып көруге болмайды. Сізге ол бәрібір пайдасын тигізбейді.

   Дұрыс тамақтану – бұл, ең алдымен, дұрыс ұйымдастырылған және организмді дер кезінде жақсы әзірленген және тәтті тағаммен жабдықтау. Халық даналығында айтылғандай: «Жануарлар қанығады, адам жейді, ал ақылды адам тамақтана біледі».

   Осылайша дұрыс тамақтану бойынша ұсынымдарды сақтау организмнің әр түрлі қоршаған орта агенттеріне төзімділігін жоғарылатудың және халықтың ішінде бірқатар жұқпалы емес созылмалы ауруларды азайтудың негізгі көзі болып табылады.

А.Пидинулла,

Салауатты өмір салты дәрігері.

Қатерлі ісіктің алдын ала білейік

Дүйсенбі, 11 Наурыз 2019 00:00

Дәрігер кеңесі

 

     Қатерлі ісік – тез өсіп, дененің бір жеріне ғана тоқтамай, белгілі бір мерзім аралығында қан және лимфа тамырлары арқылы басқа мүшелерге тез тарайды. Қатерлі ісіктің қауіптілігі – алғашқы кезде ауырып білінбейтіндігінде, ал, білінген кезінде басқа мүшелерге қанмен тарап кеткендігінде. Қатерлі ісік ауруларының екінші бір атауы    Обыр аурулары деп аталады. Обыр аталу себебі, аяқтары жан-жағына жайылып жатқан теңіз шаянына ұқсас болғандықтан. Атақты ғалым Гиппократ оны рак деп атаған. Әлемде жыл сайын 14 миллионға жуық адам қатерлі ісік ауруларына шалдығады, 2030-жылдары 21,4 миллионға жетуі мүмкін, олардың 7 миллионы осы дерттен көз жұмады. Қатерлі ісікті бастапқы кезеңде анықтау өте маңызды. Ауданымызда 12 күн бойы қатерлі ісікті анықтау бойынша профилактика декадасы өтілді. Қазіргі уақытта Түркістан облысы бойынша қатерлі ісікпен ауыратын 12234 адам дәрігердің диспансерлік есебінде тұрады, ал, жыл сайын скринингтік тексерудің нәтижесінде 27000 адам осы аурумен есепке алынды. Түркістан облысының статистика жөніндегі агенттіктің мәліметтері бойынша, 2016-жылы Түркістан облысында қатерлі ісік ауруына шалдыққандар саны 100 адамға шаққанда 109,2 құрады, қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітім саны 100 адамға шаққанда 53,5 құрады.

Өңеш қатерлі ісігі. Өңеш қатерлі ісігін халқымыз қылтамақ деп атаған. Бұл аурудың пайда болуына бір емес, бірнеше себептер әсер етіп, оларды үш топқа бөлуге болады.

1. Тағамды, шайды, кофені, майлы сорпаны өте ыстық түрінде ішу, қуырған, көп тұздалған ащы және қатты тамақтарға әуес болу, тамақты әбден шайнамай жұту, витаминдердің жетіспеуі, насыбай ату, темекі тарту, градусы жоғары спиртті ішімдіктерге салыну, күйдірген майды бірнеше рет қолдану.

2. Өңештің кілегей қабаттарының қабынуы, оның әртүрлі қышқылдармен және негіздерімен күйіп жарақаттануы, тыртықтануы және басқа өңештік аурулары, яғни қатерлі ісік алдында кездесетін дерттер.

3. Тұқым қуалаған дене құбылыстарының ерешектіліктері.

Осы жоғарғыдағы айтылған себептердің әсерінен өңештің кілегей қабаты қызарып, бозарып, қабынып, желініп, жараланып, тыртықтанып, келе-келе өңештің қатерлі ісігіне айналады. Осы созылмалы қабыну дерт рак ісігінің пайда болуына себеп болатынын ғалымдар дәлелдеуде. Бұл ауру өмірбойы зиянды әдеттерге үйір болғандардың арасында көбірек кездеседі. Өйткені зиянды әдет-ғұрыптар(темекі шегу, на¬сыбай ату, маскүнемдікке салыну) организмнің қорғаныс күшін азайтып, ауруға шалдығуға септігін тигізеді. Арақтың градусы мен ішкендегі мөлшері көбейген сайын қылтамақтың пайда болу қаупі арта түседі.

Өңеш қатерлі ісігінің белгілері: Өңеш қатерлі ісігі уақыт өткен сайын, өсе келе ас жүретін жолды тарылтып, өңештің тамақты өткізу қызметін нашарлатады.

Сол себепті ауырған адамдарға төмендегідей белгілер пайда болады:

- қою тағамдардың анда-санда түйіліп өтуі.

- тамақ жұтқанда тырнап ауруы.

- кекірік, сілекей шұбыру.

- уақыт өте келе қою тағамдардың жиі түйіліп, тіптен сұйық тағамдардың өтуінің нашарлауы.

- тамақ ішкеннен кейін қайта құсып тастау

Өңештің қатерлі ісігінен сақтану жолдары. Өңештің қатерлі ісігінен сақтану үшін жоғарыда айтқан үш топтағы себептерден құтылу керек, темекі шекпей, маскүнемдікке салынбай, тағамды өте ыстық ішпей, жеміс- жидектерді көп пайдаланып, өңештің кілегей қабатының ауруларын алдын ала емдеп жүрген адамдарға өңештің қатерлі ісігі болмайды, болса аз кездеседі.

   Осы орайда, халқымыз «Сұңқарға талшық тағам болады, тағамды аздап-талғап жесең, денің сау болады» деген даналығының жалпы дерттердің алдын алуда маңызы зор екенін атап өту қажет. Әр уақытта өз денсаулығыңыз өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз! Әр адам өзінің денсаулығын сақтау жолында жоғарғыдағы зиянды әдет- ғырыптардан арылып, айтылған алдын-алу шараларын жасаса, онда өңеш қатерлі ісігін болдырмаудың жолы ашылады. Ал өңеш дертінің белгілері пайда бола бастаған кезде, дереу дәрігерге көрініп, түрлі тексеруден өту керек. Осы салада арнаулы рентгенологиялық және эндоскопиялық зерттеулерді қолдану ісік ауруларының диагнозын анықтауға жағдай жасайды. Ал мұндай аурулардың басталған кезеңін анықтаудың өзі де адамға дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетуге мүмкіндік берді. Егерде, сіз аяқ астынан жоғарыдағы айтылған белгілерді өзіңізден байқасаңыз, уақытты оздырмай дәрігерге қаралыңыз!!! Қатерлі ісіктен сақтаныңыз.

Бахыт МАМЫТБЕКОВ,

Аудандық орталық ауруханасының онколог дәрігері.

АЙГҮЛ АС МӘЗІРІНЕ ДЕ ШЕБЕР

Дүйсенбі, 11 Наурыз 2019 00:00

 

Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары, «Алтын дәрігер» және «Шапағат» медальдарының иегері Айгүл Күзенбайқызы Ақынғазиева «Гиппократ антын» өзінің өмірлік кредосы ретінде қабылдап, қоғамның басты байлығы саналатын адам өмірінің сақшысы бола білген жан. Шын мәніне келгенде, Айгүлді адамгершілігі мол, қарапайым, іскер, көптің көңілінен шыққан, қолы жеңіл, абыройы асқақ, парасатты дәрігер деп білеміз. Оның еңбек өтілі 26 жыл болса, бойына біткен тамаша қасиеттердің арқасында аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуді басқару-ұйымдастыру саласында 20 жылдай маңдай терін төккен.

Біз, Айгүл Күзенбайқызының қазақ әйеліне тән ерекше қыры, отбасында ас-ауқат мәзірін дайындау мен қонақ күту жұмысындағы өзіндік құпия-сырларын бөлісуге қызығушылық танытқан болатынбыз. Оны дүниеге алып келген Батыр ана Ұлбосын Орынбайқызы Раева өзінің он перзентін жақсылық пен ізгілікке үйреткен. Айгүлдің өзі: «Біз отбасында үш ұл, жеті қыз болдық, мен соның сегізінші перзентімін. Анамыз Ұлбосын нағыз қиындыққа мойымайтын, төзімді, шыдамды, сабырлы болса, біз, ер азаматты сыйлаудың үлгісін анамыздан үйрендік. Оның асылдылығы сол, мұқтаждығымызға қарай әрбірімізге көңіл бөле білетін. Жас кезімізден бізді бірінші кезекте еңбекке баулыды. Анамыздың тәлімімен біз бір-бірімізге бауырмал, көпшіл болып өскенбіз», – деді.

Айгүл ас-ауқат мәзірін дайындауды алғаш анасы Ұлбосын Орынбайқызынан үйреніпті. Палау, бесбармақ, маш пен бұршақ дақылдас өнімдер қосылған тамақтың кез келгенін шебер дайындайды екен. Тіпті өмірлік жары Асқар Мамайұлы оның осы шеберлігіне көңіл бөліп, содан ұнатып, ғұмырлық серігіне айналыпты.

Бас кейіпкеріміздің қайын енесі Базаркүл Енсепқызы Ақынғазиева 30 жыл дәмханада қызмет атқарыпты. Айгүл қайын енесінен де көп тәлім алдым дейді. Ол: «Қазіргі таңда қайын енем 81 жасқа келсе де, әлі күнге бізге қамқорлық танытып, дәмді тамақтарын сыйлайды. Қайын енеммен бір шаңырақтың астында жасағаныма 26 жыл болды. Үйге келетін қонақтарға құрметпен қарап, асқан жауапкершілікпен алдын-ала дайындаламыз», – дейді.

Айгүлдің өте жиі дайындайтын салаттары «қызылша» мен корей қырыққабатынан жасалатын «цезарь» және көкөністер қосылған салаттар екен. «Адам ағзасына, денсаулыққа пайдалы, пайдасы зор салаттарды күнделікті пайдаланса игі. Әсіресе, бұршақ дақылдас өнімдер қосылған тағамдар өте құнарлы болып келеді. Балаларға алты айдан бастап дайындап беруге болады. Аналарға айтар кеңесім, осыған көңіл бөлу керек», – деді Айгүл Күзенбайқызы.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.

Тұрғындар назарына!

ExternalLink shutterstock 294467780-730x485

Дәрігер кеңесі

           

54dd639c5b70c

ЕКПЕ – ҚОҒАМҒА ОРТАҚ МӘСЕЛЕ

Жұма, 14 Желтоқсан 2018 00:00

 

images101201

Комиссия отырысы

 

Жуырда аудан әкімшілігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімдігінің жанындағы халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оған үйлестіру кеңесінің мүшелері, денсаулық сақтау саласының мамандары мен мекеме, кәсіпорын басшылары қатысты.

Күн тәртібіне екі мәселе ұсынылды. Бірінші мәселе – «Жарақаттану» салдарынан туындайтын өлім көрсеткішін төмендетудің және алдын алуда өзара селекторлық шаралар» жөнінде аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Б.Бектаев, екінші мәселе – «Аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жағдайы және ауыз су сапасына өндірістік бақылау жүргізу» туралы аудандық тұрғын-үй коммуналдық, шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Д.Есболғанов баяндама жасады.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Е.Тұрлыбеков, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы А.Көлбаев көкейде жүрген ойларын айтты.

Үйлестіру кеңесінің отырысын комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов жүргізіп, қорытты.

Үйлестіру кеңесінде айтылған сын-ескертпелерден тиісті қорытынды шығару үшін арнайы іс-шара жоспары бекітілді.

Ж.СҮЙЕУБЕКОВ.

Сібір жарасының алдын алайық!

Дүйсенбі, 12 Қараша 2018 00:00

Маман кеңесі

 

Малдан адамға жұғатын жұқпалы ауруларды ғылыми тілде «антропозоонозды аурулар» деп атайды. Сондай кеселдің бірі – Сібір жарасы.

       Ел арасында «күйдіргі» аталып кеткен аса қауіпті де, жұқпалы дерт ғылыми тілде – Сібір жарасы (Антрацис) деп аталады. Бұл аурумен үй жануарларының барлық түрі және адамдар да ауырады. Аурудың бұл түрін адамдарда – «күйдіргі», қойларда – «топалаң», сиырларда – «қараталақ», жылқыда – «жамандатқыр» деп атайды. Негізінен адамға денесіндегі, қолындағы жарылған немесе тілінген сызатты жарақаттар арқылы жұғады. Сондай-ақ, осы аурумен ауыратын малдың өнімін білмей пайдаланудан да жұғуы мүмкін. Ауырған мал, немесе ауырып өлген мал өлекселері де індет тарату көзі болып табылады. Ал, малдардың бір-біріне жем-шөп, су арқылы жұғады.

Сібір жарасының қоздырушысы – тік әрі қозғалмайтын таяқша тәрізді микробтар. Ол микробтар мал немесе адам ағзасында қорғану қабықшаларына (капсула) оранатын болса, сыртқы ортада кеуіп құрғақ түйіршіктерге (спорларға) айналады да,топырақ қабатында 80 жылдан 100 жылға дейін күшін сақтай алады.

Негізгі белгілері – өлген малдың іші тез кеуіп кетеді. Қанының түсі қарақошқыл болады және ұйымайды. Күйіс қайыратын малдың қара бауыры (талағы) домалақтана ісініп, жиектері білінбей кетеді.Тіліп көргенде қара бауырдың ішкі түзілімі қоймалжыңдау сұйық кофе тәрізді реңде болады. Қара малды сойғанда, тері асты қабатында түрлі көлемдегі қоймалжыңданған ісіктер (карбункулдар) болады. Олар көбіне малдың басында, мойнында, қарнында, аяқтарында кездеседі. Ісіктерге жақын орналасқан без түйіндерінің көлемі ұлғаяды, ішкі құрылымы тығызданған қызыл, кейде жасыл-сарғыш, ұйыған қан тәрізді немесе ұсақ нүкте түрінде болуы мүмкін. Ісіктер ішекте болса, без түйіндері өзгереді және ішектің кілегей қабығында қабыну процесі болады.

Ауру қоздырғышы бар деген күдік туғанда ұшадан сынамалар (анализ) алынады. Дененің өзгеріске ұшыраған бөлігінен, без түйіндерінің маңайындағы тканьдармен бірге қара бауырдың (талақтың) бір бөлігін зертханаға жібереді. Нәтижесі белгілі болғанша ұшаны арнайы орында жеке сақтайды. Егер, ауру анықталса, ұшаны және ауру малдың терісін, дене мүшелерін түгел өртеп жояды.

Сібір жарасы ауруымен ауырған малдың ұшасынан қалған өнімдер, басқа сойыс малының етімен араласып кеткен жағдайда барлығы бірдей өртеліп жойылады. Бөлме мен құрал-жабдықтарды 10 пайыздық өткір натрийдің ыстық ерітіндісімен, немесе 5 пайыздық активті хлорлы әктің ерітіндісімен араға екі сағат салып екі рет дезинфекцияланады.

Металл бұйымдары 30 минут қайнатылып, киімдерде автоклавта залалсыздандырады.

         Емдеуде сібір жарасына қарсы қолданылатын арнайы «сыворотканы»                           пайдаланады. Сібір жарасы – қауіпті ауру, одан дер кезінде емделмесе қайғылы жағдайға ұрындыруы мүмкін.

         Адамдарда жиі кездесетіні терілік түрі – ауру жұқтырған соң көп ұзамай денеде немесе қолда (көбінесе деннің ашық жерлерінде)     орта тұсы үшкірлеу, көгілдір түсті дөңгелек, түбі қатты томпақтау ісік жара пайда болады. Дене қызуы көтеріліп, ағза зіл болып ауырлайды, маужырап ұйқысы келе береді. Ондайда сырқат адам дереу дәрігерге көрінуі керек. Мал сойып ет сатып жүргендер малды сояр алдында міндетті түрде мал дәрігерлеріне көрсетіп, малдың денсаулығын тексерткені дұрыс. Сәл ғана болса да ауру белгісі білінген малды соймау керек. Негізі, кез келген малды сояр алдында мал соятын адам қолдарында титтей болса да жарақаттанған жер болса, оны йодпен өңдеп күйдіргені жөн.  

       Қазақстан Республикасы Ветеринария туралы Заңының 3-бабына сәйкес аталған індеттің аса қауіптілігіне байланысты ауылшаруашылығы жануарларын ветеринар маманның бақылауынсыз өз аулаларыңызда немесе басқада кез келген жерлерде соймауларыңызды сұранамыз. Ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай, арнайы мал сою алаңдарында сойылып тұтыну керектігін ескертеміз.

Е.САДЫҚОВ,

аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы.

          

Маман кеңесі

55632

55555887

    

         Президент жыл сайынғы Жолдауында ана мен бала денсаулығына ерекше мән беріп келеді. Ана мен баланы қорғау әлеу­меттік саясаттың аса маңызды құрамдас бөлігі болып отыр. Осы бағытта мемлекет отбасы мен балаға әлеуметтік қолдау жұмыстарын жетілдіру үстінде. Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының бес институттық реформасында медицина саласына бірқатар қадамдар бағытталған. Президент Жолдауының «Ұлт ден­саулығы – біздің табысты болашағы­мыздың негізі» тара­уында да Қазақстан халқының денсау­лығын сақтау, балалардың денсаулығын қамтамасыз ету ісіне жаңа тәсілдер енгізу мәселесі, ауылдағы медициналық қыз­меттің сапасын арттыру көзделген.

     Әрине, біріншіден, бала денсаулығы үшін ең маңызды дүние – ана сүті екені белгілі. Екіншіден, жаңадан өсіп келе жатқан сәбиге күтім қажет. Егер баланың күтімі жоқ болса, оның ауру-сырқауы көбейеді. Елімізде 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы қолға алынғалы бері ана мен бала денсаулығына барынша қолдау көр­сетілуде. Қазіргі кезде адамдардың өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асты.

      Елбасы халыққа арнаған Жолдауында «ХХІ ғасырдағы дамыған ел – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» деп атап көрсеткені белгілі. Сондықтан, Денсау­лық сақтау министрлігі мен облыстық басқарманың тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, осы бағытта бізге міндеттелген іс-шараларды барынша білікті атқаруға күш салудамыз. Балаларды алдын ала тексеруден өткізіп тұру, олар­дың денсаулығын тұрақты қадағалау, науқас жеткіншектерді емдеу, олардың ауруының асқынып кетуіне жол бермеу – біздің басты міндетіміз.

   Аурухананың қабылдау бөлімінде көрнекті жерде сенім телефоны, «Пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметі» туралы тақтайша ілініп, дәрігерлердің аты-жөні, телефон нөмері жазылып қойыл­ған. Ауруханада арыз-шағымдарға және ұсыныстарға арналған жәшік орна­тылған. Бұл тұрғындармен, ауруханаға ем іздеп келген сырқат жандармен тікелей байланыстың барын көрсетеді.

     Наушарман БОРАНБАЕВА,

Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары.