Күйзелістен арылудың жолдары

Сейсенбі, 31 Шілде 2018 00:00

Маман кеңесі

 

Кішігірім күйзелісті асқындырмай, депрессияның алдын алу үшін, кез келген адам өзінің қажыр-қайратын қалыпты ұстауы керек. Мәселен, дер кезінде тамақтану, дұрыс демалу, спортпен шұғылдану.

Екінші, адам өмірде өзіне не керек екенін бағамдап алса, құба-құп. Жоқ дегенде, күнделікті уақытын тиімді, мақсатты пайдалануға дағдылану аса қажет. Сонда ғана өзінің ісі мен өміріне көңілі толып, қажетсіз ойдан арылады. Үшінші, әркім өзі бағалайтын құндылықтарды сақтауға күш салса, жақсылыққа бір табан жақындайтыны анық.

Адамның жан күйзелісіне ұшырамауы үшін тың күш жинап, сарқылған күш-қайратты қалпына келтіруі өте маңызды. Мүмкіндігінше әрине, тамақты ұйықтарда жемеу керек. Күш-қуатты қалпына келтіру үшін тойып тамақ ішу керек деген ойдағы адамдар қатты қателеседі. Керісінше, жатарда тойып тамақ ішкен адамның бүкіл энергиясы түні бойы асты қорытуға кетеді де, таңертең ұйқысы қанбай, қалжырап тұрады. Ал, аш жатса, керісінше, құр аттай болып, сергіп оянады.

Күні бойы компьютер үстелінің басынан шұқшиып шықпайтын немесе көлік рулінен түспейтін жастардың көбісі сарқылған күш-қуатын қайта қалпына келтіру үшін түнгі клубқа барып немесе бір бокал сырасын алып, телевизор алдында жайғасқанды жөн көреді екен. Мұндай демалыс түрінің адамды тыңайтудың орнына, керісінше шаршата түсетіні күнделікті өмірде дәлелденген.

Адам күш-қуатты бойда дұрыс ұстап тұруы үшін таңғы асты тастамағаны абзал. «Таңғы ас – Тәңірден» делінген. Американдық ғалымдар үнемі таңғы ас ішіп жүретін адамдардың жұмыс істеу қабілеті мен ел-жұртпен араласуы басқаларға қарағанда әлдеқайда артатынын әлдеқашан тәжірибе жүзінде дәлелдеген.

Адамның жан күйзелісіне ұшырамауы үшін тың күш жинап, сарқылған күш-қайратты қалпына келтіруінің жолдары көп. Өмірлік жағымды энергия алу үшін ағын суға қарайсыз ба, жоқ лапылдап жанған отқа үңілесіз бе, әлде табиғат аясында жаяу қыдырасыз ба, патша көңіліңіз біледі.

Г.ҚИЛЫБАЕВА,

«Сенбі» амбулаториясының психолог маманы.

Дәрігер кеңесі

 

7854785

 

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – жедел қызбамен, жалпы, уланумен, өлім-жітімнің жоғарылығымен сипатталатын вирусты инфекция. Ауру көзі – ауру адамдар және вирус жұқтырған жануарлар.

Негізгі тасымалдаушылары – иксод кенелері. Табиғи ортада бұл вирус кенелердің және әртүрлі жабайы жануарлардың (қояндар, ұсақ кеміргіштер, кірпілер) және үй жануарларының (ешкілер, қойлар, сиырлар, жылқылар және т.б.) ағзасында болады. Адамдар арасындағы індет жағдайлары көбіне көктем-жазғы уақыттарда (сәуір-тамыз) тіркеледі. Кенелердің айырмашылығы – аса сезімталдығы. Олар жан-жануарларды алыстан сезіп, іздеп тауып, оларға жабысып қанын сорады. Бір-екі жыл өмір сүріп, бірден 3-4 мың жұмыртқа шашады. Бұл жұмыртқалардан өскен майда кенелер дала тышқандарының, суырлардың, қояндардың, құстардың, тағы басқа жәндіктер мен жабайы жануарлардың денесіне жабысып, қанын сорып өмір сүрсе, үлкендері ірі аңдарға, үй жануарларына, адамға жабысып, қанымен қоректенеді. Адам ағзасына кене вирусын қан сорған жерінде сілекейімен қалдырады. Олар сол жердегі майда қан тамырына еніп, қан жүйесі арқылы денеге тарап, тез өсіп, өніп, көбейіп улы заттарын бөледі. Удың әсерінен дененің майда қан тамырларының құрылыс клеткалары ыдырап, өзгеріске душар болу салдарынан тамырлардан қан сызаттап шығуына байланысты тері астында көк ала дақтар пайда болады. Кейде әр жерден тері қабаты тесіліп, қан атқылайды. Мұндай өзгерістер ішкі мүшелерде де болуы мүмкін. Аурудың алғашқы сатысында қысқа уақыт ішінде жоғары температура 39-40, қатты бас ауруы, тоңып-қалтырап, ұйқысы бұзылып, тәбеті нашарлап, жүрегі айнып құсуы мүмкін, жүрек соғысы баяулап, артериялық қан қысымы төмендейді. Қан кету белгілерінің бастапқы кезеңі науқастың денесінде бөртпенің пайда болуымен, түрлі инъекциялар жасаған жерде гематоманың пайда болуымен, қан кетумен сипатталады. Аурудың өршу кезеңі 4-7 күнге созылады және бұл кезең ағзаның жалпы, улануымен, ағзалардан қан кетуімен (мұрыннан, құлақтан, асқазан, әйелдерде жатырдан қан кетуі) сипатталады.

Кеселге тән белгілердің бірі – Пастернацкий синдромы. Беті боз, ісіңкі, еріндері көгерген. Сана бұзылысының болуы да ықтимал. Бауыр ұлғайған. Олигоурия байқалады. Асқынулары – сепсис, тромбофлебиттер, пневмония, жедел бүйрек тапшылығы, отит. Осындай асқынуларға жол бермес үшін келесі ережелерді сақтаған жөн:

Табиғат аясында, саяжайда демалған сәттерде, жазық далада вахталық әдіспен жұмыс жасағанда, кенеден сақтану үшін, яғни, дененің киімнен жалаңаш жерлерін мейлінше азайту керек. Мүмкіндігінше ашықтау бір түсті киім киген абзал, себебі, үстіндегі жабысқан кенені тезірек көріп, анықтау үшін. Сонымен қатар, кененің малдың үстінде болатындығын ескере отыра, малды күту барысында сақтық ережелерді бұлжытпай орындау керек. Малдағы кенені жалаңаш қолмен жұлуға болмайды. Сондықтан, аурудың алдын алу жолдарын қатал сақтаған абзал.

Егістік алқабында, саяжайларда жұмыс жасағанда және табиғат аясында демалысқа шыққанда арнаулы киімдер, жеңі ұзын, жағасын түймелейтін киімдер киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып жүру керек. Кенесі көп жерлерге арнайы кенеге қарсы дәрілеу жұмыстарын жүргізуді, үй жануарларына кене жабыспау үшін малды дәрілеп, тоғыту қажет.

Науқас адамдарды анықтауды ведомстволық тиесілігіне және жеке меншік нысанына қарамастан, денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлері, сондай-ақ, жеке практикамен айналысатын медицина қызметкерлері жүзеге асырады. Кене шағудан зардап шеккен барлық адамдарға 14-күнтізбелік күн ішінде дене қызуын өлшеумен, тері жамылғысын тексерумен медициналық бақылау белгіленеді. Есіңізде болсын, кенені еш уақытта қолмен езбеңіз! Кене шаққан жағдайда дер кезінде дәрігерге көрініңіз!

Г.КЕМЕЛБЕКОВА,

«ОҚО дезинфекция орталығы» филиалының биологы.

Т.ҮСЕНБАЙ,

«ОҚО дезинфекция орталығы» филиалының Қазығұрт аудандық секторының басшысы.

       Дәрігер кеңесі

     

Бұл ауру көбінесе көктем мен қара күзге дейінгі аралықта жиі кездеседі. Аурудың қоздырғышы «Boniaviridae pog Nairovirus» тектес вирус болып келеді. Негізгі тасымалдаушылары – «Hyaloma asiaticum» иксодтық кенелері. Бұл топтағы кенелер аурудың қоздырғышын (вирустарды) өз денесінде сақтап, 4-ші ұрпағына дейін тұқым арқылы беру қасиетіне ие. Бұл иксодтық кенелерді басқа кенелерден жай көзбен ажырату қиын. Жануарлар (ірі қара мал қойлар, ешкілер) вирустың уақытша қоймасы болып келеді. Ауру ошақтарының мекені – шөлейт, жартылай шөлейт, далалық ландшафттар. Кене жануарлардың және адамдардың қанын сору арқылы ауру таратады.

Жұқтыру жолдары:

          трансмиссивті кенелердің шағуы арқылы,

          науқастың қаны мен қанды шығындылары арқылы, вирустың теріге және шырышқа түсу барысында,

          жануарларды сою және етін бөлу кезінде жұқтырылған қан арқылы,

          кенелерді қолмен алып тастау кезінде кене шығындыларының дененің ашық бөлшектеріне түсу барысында.

Кенені қолмен ұстауға, оны езуге болмайды, әсіресе, қой қырқымы кезінде сақ болған жөн. Ауру малдарды ветеринар дәрігерінің рұқсатынсыз союға болмайды.

Конго-Қырым қанды қызбасының белгілері:

          дене қызуы 38-40С-қа дейін көтеріледі, басы қатты ауырып, буындары сырқырайды, жүрек айну, құсу, асқа тәбеттің болмауы, аурудың 2-5-ші күндері науқастың аузынан, мұрнынан, асқазанынан, ішегінен, әйелдерде жатырдан қан кетуі мүмкін.

Алдын-алу шаралары:

          малға қараған кезде, қой қырқу кезінде қора-жайларды тазалағанда, арнайы жұмыс киімін кию қажет, табиғатта демалғанда мейлінше ашық түсті киім киіп, шалбардың балағын шұлыққа салып алған дұрыс. Қайтар кезде киімді шешіп, денені мұқият қарап шығып, кене денеге жабысқан жағдайда қысқыш арқылы неғұрлым денеге жақын жерден тұмсығынан қысып алу керек, кененің денесін қысуға немесе май тамызуға болмайды, өйткені, қысқанда немесе тұншыққанда кене ішіндегі сорған қанды қайта құсады.

Кене шаққан жерді 70% пайыздық спиртпен немесе йодпен өңдеу қажет.

          Алынған кенені таза шыны ыдысқа салып емдеу мекемесіне тапсыру қажет, бұл кене 14 күн сақталады.

Кене шаққан жағдайда тез арада дәрігерге көрініңіз, өйткені, кене шаққан адам емдеу мекемесі тарапынан 14 күнге медициналық бақылауға алынады. Кенелерді азайту үшін қораларды, малдарды, мал үйездейтін орындарды кенеге қарсы жүйелі түрде дәрілеп тұру қажет.

Бүгінгі таңда кене шаққан 60 адам тіркеліп, емдеу мекемелері тарапынан 14 күндік медициналық бақылауға алынды.

Аса қауіпті бұл ауруды жұқтырмас үшін жоғарыда көрсетілген кеңестерді есте ұстағаныңыз абзал.

Ж.МАЙЛЫБАЕВ,

Қазығұрт аудандық орталық аурухананың

эпидемиолог дәрігері.

 

Алыстан көрмеушілік – жасөспірімдер арасында жиі кездесетін көз кемшілігі. Санақ деректері бойынша, орта мектепті бітірген әр бес баланың біреуі көзі алыстан көрмейтіндіктен, қалаған мамандығын ала алмай жүр. Көзінде мұндай кемістігі бар адам, керісінше, жақындағы нәрсені жақсы ажырата алады. Сондықтан, оны «жақыннан көргіштік» деп те атайды.

 

Advances-in-Eye-Treatment

Алыстан көрмеушілік екі түрге бөлінеді: туа біткен, яғни, тұқым қуалаған және жүре пайда болатын алыстан көрмеушілік. Соңғысы көбіне көзге жастай ауыртпалық түскеннен болады.

Әдетте алыстан көрмеушілік жас кезде пайда болып, өсе келе оның дәрежесі жоғарылай береді. Қазіргі уақытта тіпті оқу жасына жетпеген бүлдіршіндердің арасында да көздің осы кемістігі өте жиі кездесуде. Мұның басты себептері: кейбір ата-аналар сәбилердің сана-сезімін тез жетілдіру мақсатымен оларды сурет салуға, оқып, жазуға тым ерте баулиды және бүлдіршіндердің бірнеше сағат бойы тапжылмай теледидар көруіне рұқсат береді. Міне, мұның бәрі жаңадан жетіліп келе жатқан, қатаймаған жас көзге ауыртпалық түсіреді де, осыдан мектеп жасындағы оқушылардың көбісі алыстан нашар көретін болады.

Алыстан көрмеушіліктен алдын ала сақтану және оның асқынып етпеуі үшін, алдымен жеткіншектің үйде және мектепте отыратын үстелі мен партасының биіктігі оның бойына сәйкес болуы шарт. Жарықтың мол болуымен қоса, сабақ үстінде дұрыс отыруы керек. Үйде сабақ дайындағанда үстел үстінде 60-75 ваттық қалпақты шам тұруы, ал, пәтердің шаңырағына ілінген шамның жарығы 100-150 ваттан кем болмағаны жөн. Дәптерге жазып отырғанда, шамның жарығы оқушының сол жағынан немесе қарсы алдынан түсуі керек. Ұзақ уақыт оқығанда не жазғанда көзді талдырмас үшін әрбір 45-50 минуттан кейін 10-15 минуттық үзіліс жасау қажет. Оқыған кітап пен жазатын дәптердің көзден алыстығының шамасы 30-35 сантиметр болуы керектігін үнемі естен шығармаған жөн. Жас жеткіншектер теледидардың тек өздеріне ғана арналған хабарын жетісіне 3-4 рет көрсе жетіп жатыр. Теледидардың экраны балалардың отырған жерінен 2,5-3,0 метрдей қашық болғаны дұрыс. Қараңғыдан көз талмас үшін теледидар тұрған бөлмеде қалпақты шамның жанып тұрғаны жөн. Бірақ, оның жарығы теледидардың экранына түсіп, шағылыспауы керек.

Балалардың көздері және басқа мүшелері сау болып өсуі үшін олардың күнделікті тағамы дәмді, сапалы және көбінесе көкөніс-жеміс және сүттен даярлануы қажет.

Соңғы жылдары алыстан көрмейтін көздің өткірлігін жақсарту үшін оған ота жасау әдісі қолданылып келеді. Мұны «лазермен қалпына келтіру» деп атайды.

Алыстан және жоғары және орташа дәрежеде көрмейтін адамдарға ауыр салмақ (10 килограмнан артық) көтеруге болмайды. Өне бойы еңкейіп жұмыс істеу, акробатика мен ауыр атлетика, бокс, суға секіру, атқа мініп жарысу сияқты күрделі спорт түрлеріне қатысу көзге өте қауіпті. Өйткені, көздің тор қабығы ауыртпалық түскен кезде өз орнынан сырылып, болмаса оның бет жағы қанталап, адам мүлдем көрмей қалуы мүмкін.

Қорытып айтқанда, көздің көру кемшілігі бар бала уақытында көз дәрігеріне қаралып, көзілдірік жаздырып алып киіп жүрсе және дәрігердің берген ақыл-кеңесін орындап отырса, онда асқынудың алдын алып, алыстан көрмеушілік дәрежесін ұлғайтпай тоқтатуға болады.

Г. ҚЫДЫРБАЕВА.

Суда сақтық шараларын сақтайық!

Дүйсенбі, 25 Маусым 2018 00:00

 

 7777

       Үстіміздегі жылдың 11-маусымында Қазығұрт ауданындағы № 13 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Қазығұрт ауданындағы «Газалкент каналында» және «Келес» өзенінде шомылып жатқан Қазығұрт елдімекенінің тұрғындарына суға шомылғанда сақтықты ұмытпау және қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыс одан әрі жалғасын табуда.

   Сақтық шараларын еш уақытта ұмытуға болмайды. Әсіресе, ата-аналар балаларына осыны дұрыстап түсіндіріп айтып, оларды бақылаусыз қалдырмаса екен. Үлкен азаматтар да өздеріне қанша сенімді болғанмен, абайласа жөн. Құдай сақтансаң ғана сақтайды. Сондай-ақ, ішімдік ішіп шомылуға болмайды.

       Құрметті аудан тұрғындары! Суда шомылу маусымында сақтық шараларын сақтаңыздар, өмірлеріңіз өз қолдарыңызда!

М. ЕРНАЗАРОВ,

Қазығұрт ауданындағы № 13 өрт сөндіру

бөлімі бастығының орынбасары,

азаматтық қорғау капитаны.  

 

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру, өтініштерді қарау және заң бөлімінің басшысы Ахмет Беден Қазығұрт ауданы тұрғындарымен кездесіп, денсаулықты сақтандырудың тиімділігін айтып, жаңа жүйені түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол: «Біз қазір мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген міндеттерді атқаруға кірісіп кеттік. Халыққа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің басты бағыттарын, оның мақсатын, денсаулықты сақтандырудың қандай тиімділігі бар, халыққа қандай көмегі тиеді, осылардың бәрін түсіндірудеміз. Әр азаматқа жоғары технологиялық сапалы медициналық көмектер қолжетімді болуы керек. Қан-тамырға және жүрекке ота жасау, бүйрек немесе бауыр ауыстыру ақылы болып бара жатыр. Көп азаматтардың оған мүмкіншілігі болмайды. Медицинасы дамыған ел­дер­дің тәжірибесіне сүйенсек, онда елдің дені сау ұлт болып қа­лыптасуына үш топ жауапты. Оның біріншісі – мемлекет болса, екіншісі – жұмыс беру­шілер, ал үшіншісі – халық. Осы үш топтың күші біріккенде ғана денсаулық саласындағы қордаланған мәселелерді оңынан шешіп, саланы дамытуға болады. Әрбір мемлекет өзі­нің азаматтарына қол ұшын беріп, денсаулығын сақ­тан­дыру­ға кепілдік береді. Жұмыс беруші­лер немесе жеке кәсіпкерлер қол астын­дағы еңбеккерлерді жазатайым жағдайлардан сақтандыруға мүд­делі болса, қарапайым халық өз денсаулығына өзі ұқыптылықпен қарап, дер кезінде дәрігерге қара­луы тиіс. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді. Демек, сырқат бастапқы сатысында анықталса, оны емдеу де жеңіл, яғни мемлекетке онша сал­мақ түспейді. Ал артылған қаражат медицинаның басқа өзекті саласына жұмсалар еді», – деді.

Қазақстан міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу ар­қы­лы ең алдымен медицина саласына бөлінетін қаржыны көбейтуді көздеп отыр. Қаржы көбейсе, денсаулық саласындағы бірталай мәселе шешіліп, қызмет көрсетудің сапасы артады деген үміт бар. Бүгінгі күнге дейін жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлерден түскен қаржы 71 миллиард теңгені құрапты. Қазіргі уақытта жұмысы жоқ, ақылы түрде жұмыс жасап, өзінің отбасына пайда келтіріп жатқан, өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтарды түгендеу, құжаттандыру, мекен-жайлары мен жүрген жерлерін анықтау, оларды тіркеу мәселелері өте күрделі болып отыр екен.

Медициналық сақтандыру жүйесі дәрігерлердің арасында, емдеу ұйымдарының ортасында бәсекелестік туғызады. Қай маманға адам көп қаралса немесе қай емхана мен ауруханаға халық көбірек жүгінсе, соған аударылатын қаражат көлемі де ұлғаяды.

Құралбек ҚОЖАННЕМЕРЕСІ.

Алғыс айтсам деп едім

Жұма, 25 Мамыр 2018 00:00

 

       Жуырда мен аудан орталығында орналасқан «Еламан» клиникасында ем қабылдадым. Ол клиникада невропотолог дәрігер Бақтияр аға және узист маманы Насиба апайдың біліктілігінің арқасында жақысы емделіп шықтым. «Еламан» клиникасында барлық пациенттерге ыңғайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ, анализдің талдау түрлері, ультра дыбыстық зерттеу, массаж т.с.с жақсы жолға қойылған. Ондағы мейірбикелер де кішіпейіл, әсіресе, егу бөлмесіндегі қызмет көрсететін Сапарға алғысым шексіз. Әрдайым күліп қарсы алып, жылы сөзімен адамды емдеп шығарып салады. «Еламан» клиникасын ашқан кәсіпкер Ермахан аға мен Сәуле апайға, ұлы Мақсатқа айтар алғысым шексіз. Аудан тұрғындары үшін аттарына заты сай Гиппократ антына адал болып қызмет ете беріңіздер дегім келеді. Қаншама жанды жұмыспен қамтып отырған сіздерге мықты денсаулық, мол байлық, жемісті еңбек тілеймін.

     Адамдар ешқашан ауырмасын!

Л. БАЙБОСЫНОВА,

Қазығұрт ауылы.

Екпе егу мәселесі сөз болды

Дүйсенбі, 30 Қазан 2017 00:00

Бүгінде елімізде екпе егу мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қоғам ішінде екпе жайлы әр түрлі пікірлер айтылып, әр түрлі түсініктер қалыптасуда. Осындай сан алуан пікірлер мен көзқарастарды салыс-тыра отырып талқылайтын, туындаған мәселелер болса, олардың шешімін табатын жолдарын қарастыру қажет. Бұл бағытта үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар өте көп, ауданымыздағы үкіметтік емес ұйымдар да осы бағытта жұмыс атқаруда. «Нұрлы Мирас» қоғамдық бірлестігі екпе бойынша туындап жатқан мәселелерді халыққа түсіндіру, өзекті мәселелерді талқылайтын алаңдар ұйымдастыру, білікті дәрігер мамандардың қатысуымен консультативтік жиындар ұйымдастыру секілді іс-шаралар өткізуді қолға алуда. 2017-жылдың басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысы көлемінде бірлестік 500-ден астам әр түрлі іс-шара, екпеге қатысты – 6, ал Қазығұрт ауданы бойынша екпе егу мәселесі жайында 2 рет басқосу өткізілді.
Аталмыш шараға аудандағы үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, ақсақалдары және ауданда екпеден бас тартқан бір қатар азаматтар қатысты. Мұндай жиынды жиі өткізу заман талабы болып отыр, себебі, екпе егудің маңыздылығын халыққа дұрыс түсіндіру мақсатында әлі де атқарар шаруа көп.

З. ОРАЗБАЕВ,
«Нұрлы Мирас» қоғамдық бірлестігінің қызметкері.

Мерез дегеніміз не?

Дүйсенбі, 30 Қазан 2017 00:00

«Денсаулық – зор байлық» – демекші, әр адамның денсаулығы өз қолында. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстанған адамның қашанда ғұмыры ұзақ болатыны сөзсіз. Алайда, біз, көп жағдайда денсаулығымызға аса мән бермей, айықпас дертке тап болып жатамыз. Оған себеп, жұқпалы аурулардың таралуына жол беруімізде. Жұқпалы ауру – қазіргі кездегі ең маңызды мәселелердің бірі. Ауру қоғамдық орындар мен тұрғын үйлерде және жеке бас тазалығын сақтамауынан орын алады. Солардың алдыңғы қатарында тұратын мерез ауруынан сақтану әркімге де қатысты.

Тұмаудан сақтанайық!

Дүйсенбі, 30 Қазан 2017 00:00

Күн суып, қыс айы жақындап келеді. Қазір тұмау деген сөзді жиі естиміз. Жыл сайын жер шарын мекендейтін ересек тұрғындардың 10 пайызы тұмаумен ауырады. Жалпы, осы ауруды жұқтырмаудың немесе одан емделудің тәсілдері қандай? Біз халық еміне жүгініп көрейік.

4556