Дін – адам қажеттілігі

Дүйсенбі, 20 Тамыз 2018 00:00 Жарияланды Дін Оқылды 237 рет

 

Ақиық ақын Мұқағали өлеңдерінің бірінде: «Адамды адам түсінбеу – бір ақырет» деп жырлайды. Шынында да, бүгінгі қоғамда адамдар бір-бірімен түсінісе алмай жүрген жағдайлар аз емес. Тіпті, бір шаңырақта тұратын етбауыр жақындар, бала мен ата-ана арасында да өзара ұғыспаушылық кездеседі. Бұл неліктен? Расында да, адам деген кім осы? Қандай жаратылыс? Осы туралы асыл дініміз тұрғысынан қысқаша тоқталуды жөн көрдік.

Адам табиғатын дұрыс түсіну үшін мынадай бір мысал берген дұрыс шығар. Адамзат деген топыраққа егілген бір дәннен көгеріп өсіп, сосын жайқалып шығатын хош иісті гүлге ұқсайтын қыр-сыры мол жаратылыс.

Гүл өсіп шыққанға дейін талай процестен өтеді, талай нәрсені бойына сіңіреді. Сол секілді адамның да кемеліне жетіп нағыз адамға айналуы оңай шаруа емес.

Гүлдің өсуіне су, ауа, топырақ және күн көзі керектігі белгілі. Ал, адамның адам болуы үшін не қажет? Ата-аналар сүйікті перзенттерінің бүкіл қажеттіліктерін өтеп жүр ме? Міне, осы мәселеге асыл дініміз тұрғысынан тоқталып өтейік. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Барлық адам мұсылман табиғатымен пәк болып туылады. Оның христиан, йаһудий немесе отқа табынушы етіп жіберетін ата-анасы» немесе «Адам досының дінінде болады» деген мазмұндағы хадистеріне қарасақ, онда адамның қалыптасуына әке-шеше мен қоршаған ортаның әсері мол екенін көреміз. Ендеше, гүліне су құйып, түбін қопсытып, артық бұтақтарын қысқартып қарайтын бағбан секілді ата-ана да өз сәбиінің материалдық және рухани күтіміне жауапты.

Адамның гүлден бір ерекшелігі жан мен тәннен тұратындығында. Сондықтан, оның қажеттіліктері де материалдық және рухани болып бөлінеді. Ас-ауқат пен киім-кешек баланың материалдық қажеттілігі болса, дұрыс тәрбие, бөлінуге тиіс көңіл, мейірім, сүйіспеншілік оның рухани қажеттіліктері. Осылардың қай-қайсы да адамға тиісті мөлшерде берілмесе, ол толыққанды, кәміл адам бола алмайды.

Бұл жағдайда адамның жаны немесе тәні дұрыс дамымай, кемтар болуы, тіпті, мүгедек күйге душар болуы әбден ықтимал. Адамның қажеттіліктері сан алуан болғандықтан, оның тек дінге деген қажеттілігіне ғана тоқталайық.

Баланың діни қажеттілігі дұрыс өтелмесе, адамның өте маңызды жақтары дамымай қалады. Аяғы дұрыс өспеген немесе омыртқасы дұрыс қалыптаспаған адамның өзгелер секілді дұрыс жүре алмайтыны, жүк көтере алмайтыны секілді діни нәрді дұрыс алмаған адам да ертең рухани кемтар болып өсуі ғажап емес.

Мысалы, ондай адамдардың жауапкершілік, өз міндетін дұрыс атқару деген секілді қасиеттері дұрыс дамымауы мүмкін. Өйткені, дін адамға бірқатар маңызды міндет атқаруды, әр іске жауапкершілікпен қарауды үйретеді. Бес уақыт намаз, аз ұйықтау, ораза ұстау, біреудің ақысын жемеу, өтірік айтпау, уәдені бұзбау, аманатқа адал болу. Иә, бұлардың бәрі де діни міндеттер. Осының қайсысынан болсын бас тартқан адам, өзге саладағы міндеттерін де дұрыс атқарады дегенге илану қиын.

Осы тұста бүгінгі қоғамдағы бір мәселені айта кеткеніміз жөн. Жасыратыны жоқ, кейде ата-аналар өз бала-шағасына дінді толыққанды үйретудің орнына, керісінше, діннен алыстатуға тырысады. «Жап-жас болып, намаз оқитындай не күнә жасап қойды?», «Дәретханаға бүкшеңдеп құман таситындай басыңа не күн туды?», «ұйықтап тынығудың орнына діни кітап оқып, құран оқып өзіңді әуреге салып жүргенің не?», «одан гөрі ағылшын тілін үйренсең болмай ма?» деген секілді сөздар айтып өз баласының екі дүниелік өміріне өз қолымен балта шауып жүрген ата-аналар жоқ емес. Бұл әрине, өкінішті жағдай.

Шындығында, адамды өзге жаратылыстардан айырып тұратын маңызды бір ерекшелік оның білгілі бір дінге сенетіндігі. Абай атамыздың «Ақылды адамға иман парыз» дегенін ескерсек, онда дін мен ақылдың тығыз байланыста екенін мойындауымыз керек. Ендеше, ақылы бар адамда дін де болуы тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда, айналамыздағы кейбір адамдардың жүктелген міндетті дұрыс атқармауының негізгі бір себебі оның дініне немқұрайлығы деп те түсінуге болады.

Ислам діні адамды Алла Тағаламен байланыстыратын, мұсылмандық арқылы өмірді бір тәртіпке келтіріп реттейтін ұлы күш және адамның бүкіл міндеттерінің және соған сәйкес бүкіл артықшылықтардың қайнар көзі.

Діни міндеттерін атқарып жүріп адам өзін-өзі дамытады, дүниетанымын кеңейтеді. Қай нәрсені қорғап, қай нәрсеге ерекше мән беріп, ненің жақсы, ненің жаман екенін аңғара бастайды. Адамдық құндылықтарын байытады. Тіпті, түптеп барғанда, ұлт болып, халық болып, бірлік-ынтымақпен тату-тәтті өмір сүрудің де негіздері дініміз Исламда жатыр.

Баланың дініне тыйым салу осындай маңызды құндылықтарға тыйым салу дегенмен бірдей. Дін болмаса адам көптеген адамдық қасиеттерді де дамыта алмайды. Мысалы, қанағат, мейірім, шүкіршілік, турашылдық секілді мінездердің негізі дінде жатыр. Дінсіз адам жүрегінің түбінде бақытты емес.

Ендеше, перзенттеріміздің нағыз кәміл адам болуын қаласақ, олардың асыл дінімізді меңгеруіне жағдай жасағанымыз жөн.