Ұлтаралық және дінаралық татулық

Дүйсенбі, 10 Қырқүйек 2018 00:00 Жарияланды Дін Оқылды 151 рет

 

Тәуелсіз еліміз ұлт тағдырын өз қолына алғалы қазақ халқының ұлттық санасы жаңғыра түсті. Өзін-өзі тану, өзінің ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерін құрметтеу, ұлы тұлғаларын тану, сөйтіп, оларды дүниеге таныту, рухани қазынасының тереңіне бойлап, оның құндылықтарын әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруалар атқарылды. Содан еліміз бүкіл әлем жұртшылығына саяси жүйесі орнықты, қоғамдық келісімі мен тұрақтылығы берік орнаған мемлекет ретінде танылды. Мұның басты факторларының бірі – біздің еліміз бүкіл әлемге, қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың және әртүрлі ұлттық мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жаңа үлгісін көрсетіп берді. Сол себепті, Республикамызда өмір сүріп жатқан 130 этностың мүдделері жарасым тауып, адамның құқығы, діни бостандығы негізгі құндылықтар болып қалыптасты. Әрине мұндай жағдай еліміздің ешқандай қайшылықтарға ұшырамай, тұрақты даму мүмкіндігіне қол жеткізуіне күшті септік болды.

Халқымыздың данышпаны Абай атамыздың «Махаббатпен жаратқан адамзатты» дегеніндей, әлемнің жаратылысының негізі – Алланың адамзатқа, адамзаттың Аллаға, сосын пенделердің бір-біріне деген сүйіспеншілігіне, рақымдылық пен шапағаттылығына негізделген. Сондықтан, жер бетінде тіршілік етуші адамзаттың өркендеп өсуі осы заңдылыққа тікелей байланысты. Ендеше, адамзаттың өзара татулығы игілікке, бейбітшілікке және құт-береке даруына септік болады. Ал, өзара татулықты бұзу, бір біріне өшпенділікпен қарау бейбітшілікті жойып, құт берекені қашырады. Мұндай жағдайға ұшыраған ел тозып, өркениет көшінен артта қалып қоятыны баршамызға белгілі, содан мемлекет ретінде алға қойған ниет, мақсаттарына жете алмай жүреді. Бұған адамзат тарихынан көптеген мысалдарды келтіріп айтуымызға болады.

Сондықтан, қайсы бір ұлт өз елінде ұлттар арасында және конфессиялар арасында өзара татулыққа, ынтымақ пен бірлікке ұмтылса, сол елде бейбітшілік орнығып, құт береке даритыны баршаға белгілі.

Д.ОРАЗБАЕВ.