Дін шапанын жамылған «Хизбут тахрир»

Жұма, 02 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Дін Оқылды 98 рет

 

Қазақ елі Ислам дінін қабылдағалы бері ислам өркениетімен, атап айтқанда, Ханафи мазхабының ұстанымымен, қазақ халқының салт-дәстүрі және әдеп-ғұрыптарымен бітісе қайнасып, ізгілікке негізделген ел менталитеті қалыптасты. Өйткені, Ханафи мазхабы – ислам дінінің қашанда қоғамның бірлігі мен ынтымағын сақтауға басымдық беретін, әлеуметтік әділеттілікті қолдайтын, барлық ұлттар мен діндердің арасындағы татулық қарым-қатынастарды жақтайтын, жер жүзіндегі тіршілік иесінің бірде-біреуін алаламайтын толерантты мазхаб саналады. Сондықтан, оның басты ұстанымдарының бірі – адамдар арасында әрі ұлттық, әрі діни тұрғыда бейбіт қарым-қатынастар орнату және қолдау болып табылады.

Бүгінде экстремизм мен лаңкестіктің агрессивті көріністері және соның ішінде діни, саяси экстремизм, ислам фундаментализмі, ваххабизм және т.с.с түрлі-түрлі жан түршігерлік ұғымдар адамзат баласының санасына қорқыныш ұялатады. Ғылым және технология дамудың шырқау шегіне шыққанына және адамзат бірін-бірі оңайлықпен тани алатын мүмкіншіліктерге ие болғанына қарамастан, соңғы жылдары діни экстремизм мен лаңкестік тақырыбы бұқаралық ақпарат құралдарында өте жиі орын алуда. Хақ дін исламды да шарпып өтетін осы мәселенің мән-жайы хақында көптеген ойлар да, зерттеулер де бар екені мәлім. Дін мәселесінің ушығуы өзінен-өзі пайда болған жоқ. Ол – ұлттық тәрбие, тіл, діл мәселелерімен астарласып жатыр. Сондықтан, осы сұрақтың астарына үңілерде жоғарыда айтылған мәселелерді тұтастай қамти қарастыру керек сияқты. Сонымен қатар, ислам дінінің атын жамылып, оның заңдары                                мен қағидаларын бұрмалап, іс-әрекет жасап жүрген діни экстремистік және лаңкестік топтардың саны көбейіп келе жатыр. Ал, нақтылай атап өтетін болсақ, «Әл-Каида», «ХАМАС», «Мұсылман-ағайындар», «ЭТА», «Әл-Джамаа әл-Исламийя», «Ансар әл-Ислам», «Хизб-ут-тахрир әл-Ислами» және т.б.

Экстремизм мен терроризм сонау заманнан-ақ, қолданбалы әрі тиімді қару ретінде рөл атқарған болатын. Әсіресе, ХХ ғасырдың бірінші жартысында Франциядағы саяси жүйенің радикализациялануы кезінде экстремизмнің қалыптасуы орын алады.  Сондай ағымның бірі «Хизбут-Тахрир» партиясы. Арабша «Хизб» – ұйым, партия, ал «Тахрир» – азаттық мағынасын білдіреді. «Хизбут-Тахрир» партиясының негізін Таки ад-Дин Набахани 1952-жылы Палестинада қалаған. Өз мүшелерінің санын көбейту мақсатымен ол партия атауына исламды да қосып, алдарына 13 жылда халифат құру міндетін қойды. Бірақ, көрсетілген мерзімде партия мүшелерінің саны өспеді, бірде-бір араб мемлекетінде халифат құрылған жоқ. Тіпті, араб елдерінің өзі «Хизбут-Тахрир әл-Ислами» партиясының идеясын құптамайды. Хизбутшылар ислам атынан таратқан әдебиеттерді де (кітапшалар, парақшалар) мұсылман әлемінің ғұламалары мен діндарлары мойындамайды, теріске шығарады.   «Хизбут-Тахрир әл-Ислами» діни ағымы Қазақстан Республикасында да тыйым салынған діни экстремистік ағым болып табылады.

Д.ОРАЗБАЕВ.