Келіндердің сәлем салуы шірк пе?

Дүйсенбі, 12 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Дін Оқылды 62 рет

 

Соңғы кездері осы мәселенің анық-қанығын білгісі келетіндер көбейіп келеді. Мұның себебі, кейбір бауырларымыз халқымыздың бұл әдет-ғұрпын ашық шірк деп бағалап, бұған тиым салу қажеттігін айтатын көрінеді. Әрине, бұл сауал өмірімізге астасып жатқандықтан оған жауап беру қажет. Жауап бергенде де соңынан күдік туындамауы үшін, Құран мен сүннәға негіздеп нақты түрде тиянақты етіп жауап беру керек. Сондықтан, алдымен бұл мәселенің шешімін Құраннан іздейміз, сосын сүннәдан. Бірақ, бұл мәселеге қатысты Құранда да, сүннәда да тікелей ешнәрсе айтылғандығының куәсі боламыз. Себебі, біз қарастырып жатқан мәселе дін үшін маңызды емес. Ал, Құран мен сүннәда тек дін үшін қажет негізгі шарттар мен қағидаларды айқындайтын мәселелер қамтылған. Сөйтіп, енді бұл мәселенің шешімін сахабалардың ижмағынан іздейміз. Сөйтсек, сахабалардың ижмағында да бұл мәселе төңірегінде ештеңе айтылмаған (өйткені, арабтардың әдет-ғұрпында келіндердің сәлем салатын әдеті жоқ). Сондықтан, енді қиясқа жүгінеміз. Міне, дәл осы қияста біз іздеген сауалға жауап табылады. Ендеше, түсінік жүйелі болуы үшін қияс туралы қысқаша айтып өтсек.

«Усулул-фиқх» (фиқх негіздері) ғылымын зерттеуші ғұламалар шариғат үкімдері алынатын негізгі "мәнбәъларды" (көздердің санын) төртеу деп белгілеген. Олар:

1. Құран. Құран негізінде шығарылған үкімдер. Бұлар – шешімі аяттарда ашық айтылған мәселелер.

2. Сүннә. Сүннә (Сүннет) негізінде шығарылған үкімдер. Бұлар – хадистерде шешімі анық берілген мәселелер.

3. Ижмағ – Құран мен сүннәда шешімі айтылмаған, сондықтан, сахабалар немесе олардан кейінгі мүжтахид ғұламалар иждихад жасап ортақ пікірге келіп шығарған үкімдер.

4. Қияс - Құранда да, сүннәда да, ижмағта да шешімі айтылмаған, сондықтан, салыстырмалы түрдегі талдау әдісімен шығарылатын үкімдер.

   Бұл төрт түбірдің үкім алынатын нақтылы түбірлер (көздер) екендігін барлық ғұламалар растаған.

   Сөйтіп, «Келіндердің сәлем салғаны шірк пе, әлде жоқ па»? – деген мәселені салыстырып қарағанымызда оны қиястауға келетін бірнеше аяттар бар екендігі мәлім болады. Олардың бірі «Бақара» сүресінің 34- аяты. Онда Тәңір тағала: «Әне, сонда Біз періштелерге (қарата) «Адамға сәжде етіңдер»! – дегенімізде, олар (барлығы бойұсынып, Адамға) сәжде жасады» деген. Осы жайттарды келтіре отырып келіндердің бет-ашар дәстүріндегі сәлем салуы шірк амалы емес екенін көреміз.

М.ОРАЗБАЕВ,

«Кемелді Ел» қоғамдық қорының маманы.